Менің кумирім

Бейбіт ЫСТЫБАЕВ, түйе балуан:

ШЕКЕ-БАСЫ ТЫРЫСЫП ЖҮРЕТІНДЕРДІ ҰНАТПАЙМЫН

30 МАУСЫМДА ҰЛЫ ДОДА

«Кімді кумир тұтасың?» десе, бүгінгі бала бірден әнші-бишінің атын атайтын болды. Қолы бостың бәрі әншілікке ұмтылған заманда «жұлдыздардың» жастарға кумир болатыны заңды да шығар. Алайда, кумир тұтуға лайық адам әр саладан табылады. Түйе балуан Бейбіт Ыстыбаевты жас өскінге кумир болуға тұрарлық азамат десек, жарасатын сынды. Ол – еліміздің бас балуаны. Және бұл атақты алдағы үш жылда өзгеге бермеуге уәде еткен батыр. Еліміздегі үлкен спорттық-мәдени шоуға айналған «Қазақстан барысы» додасы халыққа Ұлан Рысқұл, Бейбіт Ыстыбаев, Шалқар Жоламанов, Айбек Нұғымаров сынды түйе балуандарды танытты.

Бейбіт Ыстыбаев – «Қазақстан барысына» екі рет қатысып, 2011 жылы күміске, былтыр алтын белбеуге қол жеткізген «барыс».

Ыстыбаев жеңіп алған «Қазақстан барысы» атағы үшін былтыр еліміздің 14 облысы мен Алматы, Астана қалаларынан жиналған 32 балуан барын салып белдескен болатын. Сайысқа іріктеу турнирінде республика бойынша 749 мың балуан бақ сынап, соның 32-сі Астанада өткен ақтық сында айқасты.

Нәтижеде Бейбіт Ыстыбаев бас жүлдені жеңіп алып, оған алтын белбеу мен 150 мың АҚШ доллары, алтын тайтұяқ және темір тұлпар тарту етілген еді. Күміс жүлдені шығысқазақстандық Шалқар Жоламанов еншілеп, қоланы Айбек Нұғымаров алған болатын.

«Қазақстан барысы» – ең алғаш 2011 жылы өткізілген еді. Ол жолы жарысқа 744 мың балуан қатысып, оның 64-і ғана финалға іріктеліп алынды. 2011 жылы Ұлан Рысқұл еліміздің басты «барысы» атанып, оған 250 мың доллар сыйақы берілді. Күмісті, жоғарыда айтқанымыздай, Бейбіт Ыстыбаев ұтса, қоланы Шалқар Жоламанов қанағат тұтқан еді.

Жапониядағы Императорлар кеші секілді «Қазақстан барысы» додасы да елімізде ең үлкен спорттық-мәдени шоуға айналып келеді. Биылғы бәсеке 30 маусымда болады. Қазақ күресінің жанкүйерлері Астанада өтетін жарысқа көз тігіп, биылғы «барыс» кім болар екен деп елеңдеп отыр. Біз үш рет «Қазақстан барысы» атануға уәде еткен балуан Бейбіт Ыстыбаевты әңгімеге тартқан едік. Алдағы сынға дайындығынан бастап, спортшының жеке өмір тіршілігіне дейін сұрадық. Сұхбаттасқанымызда түйе балуанның біраз жаңалығы бар болып шықты.

КҮРЕСТЕН 25 КӨЛІК МІНДІМ

– Бейбіт, дүйім жұрттың алдында үш рет «Қазақстан барысы» атануға сөз беріп едің. Дайындығың қалай жүріп жатыр? Алдағы бәсекеде уәдең орындала ма?

– Алла бұйырса, уәдемді орындаймын. Бапкерім Елдос Далабай екеуміз белгілі жоспар бойынша дайындық жүргізіп жатырмыз. Бабымдамын деуге болады, тек бағым жанса болды.

– Күніне қанша уақытың жаттығу залында өтуде?

– Екі мезгіл: таңертең 2 сағат, кешке 2 сағат дайындаламын. Додаға аз қалған сайын дайындықты күшейттік. Кешке 3 сағат, кейде тіпті 4 сағатқа дейін жаттығып жүрмін.

– «Қазақстан барысынан» бөлек, спортта тағы қандай межеге жеткің келеді?

– Бір жарым жылдан бері дзюдо күресімен айналысып жүрмін. Алдағы межем – дзюдодан Олимпиада ойындарына бару. Қазақстанның ішінде ғана айғайлай бермей, 2016 жылғы Риода өтетін Олимпиадада атой салып, шет жақта да жеңіске жетіп, дауысымды шығаруым керек.

– Бір басылымдар сені салмақ қосу үшін арнайы дәрумендер салдырыпты деп жазды. Осы рас па?

– Ондай жағдай болған емес. Мұндайға ежелден қарсы адаммын. Басылымдардың осылай жаза салатынына таңғаласың кейде.

– Сендей балуанды көрген адам дене тұрқыңа қарап, қанша мөлшерде тамақ жейді екен деп ойлауы мүмкін. Қалай тамақтанасың?

– Арнайы тамақтану тәртібім жоқ. Бірақ формада жүру үшін ауызға бекем болуға тура келетін жағдайлар бар. Майлы тамақ ішпеймін, майлы етті аузыма алмаймын. Газдалған сусындарға жоламаймын, тек минералды су ішемін. Иммунитетін жақсарту үшін ұдайы қымыз ішетін спортшылар бар. Қымызды бір-екі рет ішіп көріп едім, қан қысымымды көтереді екен. Қан қысымың көтеріліп тұрса, боз кілемге шығуға рұқсат жоқ. Сондықтан қымыздан бас тартуға тура келді.

– Кезекті жеңістен соң қанша уақыт демаласың?

– 1-2 апта емделемін, бірақ жаттығуды біржола қойып кетпеймін. Таңертең тұрып жүгіремін, күніне 1-2 сағат футбол ойнаймын дегендей. Спортшыға қыдырыстар, достардың бас қосуы дегендерден көбіне бас тартуға тура келеді. Мен үшін тойлайтын бір ғана мейрам бар: ол – жаңа жыл. Жаңа жылда ғана 2-3 күн демаламын. Спорттағы он жылда туған күнімді атап өтуге де мұршам болмапты. Ылғи 9 мамырда жарыста немесе жолда болып қалатынмын. Былтыр ғана туған күнімді Таразда, әке-шешемнің, бауырларымның ортасында тойлаудың сәті түсті.

– Достарың кімдер?

– Достарым өте көп. Балуандардан Ұлан Рысқұлмен жақсы араласамын. Шалқар Жоламановпен ағалы-інілі болып кеттік. Айбек Нұғымаров, Ержан Шынкеевтермен де жақсы достармыз. Бірақ, боз кілемге шыққанда достық ұмытылады. Басымызды жарып, тіпті бір-біріміздің көзімізді шұқып алып жатамыз, кілемдегі әрекетке ренжімейміз, бірақ.

– «Қазақстан барысы» атанбай тұрғанда қандай едің, қазір қандайсың? Өзгердің бе, жалпы?

– «Қазақстан барысы» атанбай тұрғанда қарапайым ғана, топ-томпақ, қазақтың қап-қара баласы едім. Жеңісім біраз адамға жүзімді танытты. Қазір журналистердің іздейтіні, өміріме қызығушылық танытатыны болмаса, басқа өзгеріс жоқ. Бұрынғыдай қалжыңбаспын. «Барыс» атандым екен деп, сабырлы, салиқалы болып кеткем жоқ. Мен өзі шеке-басы тырысып жүретін адамдарды ұнатпаймын. Елді күлдіріп, өзім де күліп жүргенді ұнатамын.

– Күрес болған соң бас жарылмай, құлақ тістелмей қалмайды ғой. Күресіп жүріп қандай жарақаттар алдың осы уақытқа дейін?

– Боз кілемде бұғанам да, мойным да сынды. Тізем талай рет тайып кетті. Қолым мен аяғым да бірнеше рет сынды. Жаттығу залында қатты күшенгенде иегім шығып кеткен кездер де болған. Тобық пен шынтақ сан рет тайды. Мықты спортшылардың қай-қайсысы да мұндайдан өткен. Жарақат алмайтын спортшылар сирек. Тіпті боз кілемде күресіп жатып басы жарылып, көзі шығып кеткендер де болды. Менің де көзімді шұқып алғандар болды, бірақ басымды жаратын балуан әзірге кездескен жоқ. Дене жарақатынан гөрі психологиялық жарақат алудан сақтану керек екен. Дене жарақаты жазылады ғой, ал көңілдегі жараның жазылуы қиын. Былтыр «Қазақстан барысына» қатысар кезде ауыр жарақат алып, балдаққа сүйеніп қалдым. Жарысқа бір ай қалғанда да жаттығу залына таяққа сүйеніп барып жүрдім. Аяғыма күш салмай, зілтемір көтеріп қана дайындалдым. Біреулер аяғыңа арнайы операция жасату керек деп жатты. Аллаға шүкір, ауру «алған» жоқ. Дәрігердің пышағына да түспедім. Аяғымды қазақы жолмен сынықшылар салды. Саусағым, башпайларым шығып кетсе, тобығым, шынтағым тайып кетсе, өзім сала беремін. Тайған жерді «қырт» еткізіп, орнына түсіріп қойып, шауып жүре береміз. Күресіп жатқанда ет қызуымен сіңіріңнің тартылғаны, етіңнің созылып кеткені әсте білінбейді. Оны ойлауға уақыт та жоқ шаршы алаңда. Әбден аптығыңды басып, үйге келген соң ертесіне алған жарақаттарың білініп, әр жерің ісіп шыға келеді. Оған бойымыз әбден үйренген.

– Қазақ күресінен сен үшін қолайсыз қарсылас кім? «Боз кілемде менен айласын асырып, жеңіс жолынан шығарып тастайды-ау» деп кімдерден қауіптенесің?

– Мені қапыда қалдырады-ау деп қауіптенетін қарсыласым жоқ. Ондай қарсыласым болғанда, мен «Қазақстан барысы» атанбаған болар едім. Біздің елде қазақ күресі Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай облыстарында жақсы дамыған. Осы облыстың балуандарынан аяқ тартуға болады. Астананың балуандары да мықты. Ал қалған облыстарда қазақ күресі енді-енді жандана бастады ғой.

– Спортқа 10-сынып оқып жүргеніңде келіпсің. Спортшы үшін бұл – тым кеш уақыт. Спортпен ерте жасымнан айналысуым керек еді, сонда бұдан да басқа жеңістерге жетер едім дегендей өкініштер бар ма?

– Ондай өкініш жоқ. Спортқа кеш келгеніммен, өз қатарымды қуып жеттім. Жасөспірімдер арасындағы жарыстарға қатыспағаныммен, мен бірден ересектердің чемпионатында белдестім. Оған өкінбеймін де. Жуырда Астанада өткен форумда Елбасының алдында сөз сөйледім. Сол жиында, есімін айтпай-ақ қояйын, елге белгілі қазақтың бір спортшы жігіті қасымда отырған. Менің аты-жөнімді, спорттағы жетістіктерімді оқып отырып, түйе балуан дегенді түсінбеді. Бетіме қарап тұрып: «Сонда сен түйе көтересің бе? Мына атақтың бәрі түйе көтергенің үшін берілді ме?» – дейді. Бұл сөзге әбден қаным қайнады. Қазақтың баласы айтатын сөз бе осы, балуан – күрестің адамы екенін білмейтін қазақтардың барына таңғалдым. Осындай сөздерді естігенде көңілім ауырыңқырап қалады. Бұрындары күреске келгеніме өкінетін кездерім де болған. Өйткені, басқа спорт түрлеріне қарағанда, бұл өнер бізде кенжелеп қалған. Қайта «Қазақстан барысы» жобасы дүниеге келгелі үлкен бір мереке, шоу түріндегі сипат алып, қазақ күресі жандана бастады.

– Бапкерің Елдос Далабаймен қалай танысқан едің?

– Бапкерім де Талас ауданынан, Бөлтірік ауылының тумасы. Ол кісімен таныстығымыз кездейсоқ басталды, көшеде таныстық десем болады. Тараздағы №17 Ғани Мұратбаев атындағы мектептің 10-сыныбында оқып жүрген кезімде, тағдыр талантты жаттықтырушы Елдос Далабайды кезіктірді. 10-сыныптың өзінде менің салмағым 76 келі болатын. Ол кісі 60 келі салмақта қазақ күресінен еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы болған азамат. Күрес «әліппесін» Елдос ағадан үйрендім. Атам Ыстыбай да батыр тұлғалы, балуан болған кісі. Атамның салмағы 100 келінің ар жақ-бер жағында болған екен.

– Күрестен қанша көлік міндің?

– 25-тен астам көлік ұттым. Сыйға беретінін сыйға бердім, туысқандарыма тараттым, кейінгі жеңістерден келген көліктерді сатып, әке-шешеме үй салып бердім. «Қазақстан барысы» атанғанда алған қомақты қаржыға өзіме Алматыдан үй алдым. Қалғанын әке-шешемнің қолына ұстаттым. Алдымда ағам, артымда іні-қарындасым бар, солардың да біраз қажетін өтедім.

– Жасың отызға таяп қалды. Әлі сүрбойдақсың. Қалыңдығыңды таптың ба?

– Қазір сөйлесіп жүрген қызым бар. Үйленеміз деп жүрміз.

– Балуанның таңдауы қандай аруға түсті екен? Есімі кім, қай жақтың қызы?

– Махаббатқа таңдау жүрмейді ғой, Қарлыға. Адам күндердің бір күнінде әйтеуір өз адамын таниды. Сүйіктімді бұған дейін жолыққан қыздардың ішінен таңдап алғам жоқ, таныдым. Менің қызым басқалар үшін сұлу, келбетті, келісті ару болмауы мүмкін, бірақ мен үшін ол бәрінен сұлу. Қай жақтың аруы екенін, есімін айтпай-ақ қояйыншы… Бір айтарым – ол қыздың бойы да, ойы да ұзын.

– Тойды жарысқа дейін жоспарлап отырсыңдар ма, жарыстан кейін бе?

– Додадан кейін, әрине. Ағайын-туыс жарыстан кейін деп отыр. Алла нәсіп еткен күні үйленерміз.

– Біліміңді, интеллектуалдық деңгейіңді көтеруге қаншалықты мән бересің? Қандай кітаптар оқисың?

– Шыны керек, білімімді толықтыруға алдағы уақытта күш салсам ба деп жүрмін. Кітап оқимын деп өтірік айтпай-ақ қояйын.

– Мектепте қандай оқушы болдың?

– Керемет жарытып оқыдым десем, шындыққа жанаспас. Тәртіпті көп бұзатынмын, жиналыстарда ылғи ескерту алатынмын. «Ақ желкеннің» оқырмандары бұл жағынан менен үлгі алмасыншы.

– Түйе балуан бала күнінде кімді кумир тұтты екен?

– Мен өзімнің туған ағам Сейілханды кумир тұттым. Ағам 9-10-сыныптарда қазақ күресінен аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, ауылымыздың атын шығарып жүрді. Ол кезде мен 6-сыныпта оқитынмын. Газет-журналдардың бетінен ағамның есімі түспейтін. Ағама қатты қызығатынмын. Өзім бокс үйірмесіне, одан таэквондоға, каратэге жазылдым. Бәріне бір аптадан бардым да, ол үйірмелердің есігін ашпай кеткем. Содан Талғат Саттаров  деген досым «сен одан да күреске жазыл» деп, мені күреске әкелді. Кейін ағам сынды күреске қатысып, бірден үлкен чемпионаттарда белдесе бастадым. Екеуміз бір салмақта кілемге шығып жүрдік. Тіпті, бірнеше жарысқа бірге қатыстық. Бірақ ағаммен күрескен емеспін, ол да мұндайға бармады. Сосын ағайынды бола тұра, жарыспайық дедік те, ағам маған жол беріп, спорттан кетті.

Сұхбаттасқан

Қарлыға ИБРАГИМОВА

Лақап аты: Тараз арланы

Туған жылы: 1985, бойы 2 метрден 7-ақ сәнті кем.

Салмағы: 135 келі

Туған жері: Жамбыл облысы, Талас ауданы, Көшек батыр ауылы

Спорттық атағы: халықаралық дәрежедегі спорт шебері

Жетістіктері: қазақ күресінен Әлем чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы, 2011 жылғы «Қазақстан Барысы» турнирінің күміс жүлдегері, 2012 жылғы «Қазақстан барысы».

БҰЛ ЖОЛЫ КІМДЕР БАҚ СЫНАЙДЫ?

«Қазақстан Барысы» турниріне іріктеу үш кезеңге бөлінген. Алдымен ауыл-аймақтарда, кейін аудан орталықтары мен қалалардан сұрыпталып шыққан шеберлер үшінші кезеңде облыста бақ сынайды. Әр облыстан қара үзіп шыққан 2 балуан 30 маусымда елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде Астананың 15 жылдық мерейтойымен орайластырылып өткізілетін «Қазақстан Барысы» додасының финалына жолдама алады. Әзірге есімі белгілі болған балуандар мыналар:

Бұл жолы Маңғыстау облысының намысын Мейрамбек Жаңабай мен Болатбек Төтенов қорғайды.

Батыс Қазақстанның атынан Еділ Үсенов пен Ринат Ибрагимов шығады.

Қарағанды облысының халқы ағайынды Ержан, Олжас Шынкеевтерге сенім артпақ.

Алматы облысынан 20 жастағы Жәнібек Дүйсембаев қатысады.

Облыстардан бөлек, Астана мен Алматы қаласының шын мықтылары да шешуші шайқас жолдамасына ие болмақ. Нәтижесінде, мыңдаған балуандар арасынан ат оздырған 34 балуан «Сарыарқа» велотрегінде өтетін финалда еліміздің бас балуанын анықтайды.

«ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫНЫҢ» ҮШІНШІ МАУСЫМЫНДА ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР БОЛМАҚ?

Арман ШОРАЕВ, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы:

Биыл айтарлықтай өзгеріс жоқ. Балуандар жылдағыдай республикалық турнирге ауыл, аудан, қала және облыс көлемінде екшеленіп келеді. Былтырғы жеңімпаз Бейбіт Ыстыбаев финалға бірден қатысатын болса, тұңғыш «барыс» Ұлан Рысқұлға ондай мүмкіндік берілмейді, ел қатарлы іріктеулерден өтеді. Бұл жобаға енді Астана қаласының әкімшілігі де атсалысады. Көрермендер де сыйлықсыз қалмайды. Сондай-ақ, салт-дәстүрлерімізге қатысты біраз идеялар бар. Оны уақтысында көрерсіздер.

Жүлде қоры сол қалпында қалады. Бас жүлде алған балуанға – 150 мың, екінші орын иесіне – 30, ал қола жүлдегерге 10 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақымыз бар. Бас демеушіміз – «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры. Жылдағыдай жүлдегер балуандарды баптаған жаттықтырушылар да құр қол қалмайды.

Былтыр «Қазақстан Барысы» жобасының іріктеу турниріне республика бойынша 700 мыңнан аса спортшы қатысты. Бұл – халықтың 5 пайызы! Елімізде мұнша адам күрестің басқа түрімен айналыспауы мүмкін. Қанымызда сіңген спорт болғаннан кейін бе, қазақ күресіне қызығушылардың қатары көп. Бұл – бір. Екіншіден, қазақ күресінің үйірмесіне жазылған қарадомалақтар саны да күрт өсті. Турнирдің өткен жылғы финалдық сыны аяқталған соң, жасөспірім балуандарға арнап «Жас барыс» бәсекесін өткіздік. Еліміздің әр аймағынан сайдың тасындай іріктеліп шыққан 100-ден аса балғын балуан белдесті. Жас буын өкілдерінің ішінде болашақ чемпиондар да жүруі мүмкін ғой. Меніңше, соңғы екі жыл ішінде халықтың қазақ күресіне деген ынта-ықыласы ауды. Тек қана той-думандарда ғана еске түсетін қазақ күресі халықтық сипатқа ие бола бастады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз