184120

Қайраткер-қаламгер Бейбіт Сапаралы еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың балалық шағы туралы кітабын 1989 жылы «Ұлан» газетінде басшылық қызметте жүргенде жазған еді. «Президенттің балалық шағы» атты көлемі шағын кітап 1995 жылы жарық көрді. Оқырман қызығушылығын тудырып, тағы да тың деректермен толықтырылып, 2011 жылы қайта басылып шықты. Осы жылдар күні кеше ғана сияқты болып көрінгенімен, аңызға айналған дəуіріміз жыл санап жаңаруда. Əсіресе, кейінгі жылдары тұңғыш Президент өміріне қатысты деректі де көркем туындылар көбейіп жатыр. Десе де, алғашқы жазылған еңбек көзге ыстық көрінеді емес пе! Тұңғыш Президент күніне орай Бейбіт Сапаралының бұл кітап қалай жазылғаны, Елбасы туып-өскен ортаның қандай болғаны туралы еңбегінен үзінді бергенді жөн көрдік.

Қаскелең, Шамалғандағы көнекөздер арасында Нұрсұлтан Əбішұлының ата тек тарихын, балалық шағын кімдер толыққанды біледі екен деп сырттай іздеу салып жүргенімізде Құдай айдап, 1989 жылғы жаздың жайдары күндерінің бірінде редакциямызға Қаскелеңдегі педучилищенің дене тəрбиесі пəнінің мұғалімі, айтысына қарағанда Назарбаевтан үш-төрт сынып төмен оқыған Мекайыл Хамитұлы Төлебаев дейтін азамат келе қалмасы бар ма. Қараторы келген қырық бестерде жасы бар қағылез мұғалім құр қол келмей 2-3 параққа əдемілеп өз қолымен көшіріп «Қоңыр күз еді…» деген қысқаша естелік-эссесін жазып ала келіпті. Балалық шағын еске алған Мекайыл Қаскелеңдегі мектеп-интернатта оқыған жылдарды жадына түсіріп, қосымша қойған сұрақтарымызға байыппен шапшаң жауап беріп, «басшы Нұрсұлтан бала кезінде қыз мінезді сыпайы еді, неше қилы тəрбие көрген соқтықпалы мінезді балалар арасында бірден жарқырап көрініп, оқшау тұлғасымен оңашаланып тұратын» деп біршама уақыт білген-көргендерін тізбелеп əңгімелеп кетті. Пікір-көзқарастарымыз жарасып, біздер ұзақ сыр шертістік.

Арада бірсыдырғы уақыт өткеннен кейін сəті түсіп Алматы іргесіндегі аудан орталығы Қаскелеңге де барып қайттық. Абай атындағы орта мектеп ұжымымен, тарих пəнінің мұғалімі Сейітхан Исаев ардагермен кездесіп, осы мектептің түлегі Н.Ə.Назарбаев туралы енді-енді жинақтала бастаған ғұмырбаяндық деректермен, шағын фотоальбоммен таныстық. Абай атындағы мектеп-интернаттың байырғы ғимаратын да сырттай көзбен көріп, қойма болып сылақтары түсіп, қабырғалары кете бастаған сықпытын жадымызда жаттадық. Жоққа жүйрік жетпейді, барға – қанағат, тарихи ғимараттың жалпы келбеті бұзылмай тұрғанына да іштей шүкіршілік еттік. Сөйтіп, аудан орталығынан іргедегі Шамалған ауылына да ат басып бұрып, білетін ескі көз қариялардан да сұрастыра жүріп, Шұбарат қойнауын, оның төменіндегі төбе басындағы Көшек ата қорымын, Əбіш пен Əлжан, Үмбет пен Сатыбалды марқұмдардың қарапайым темір шарбақпен ғана қоршалған қабірлерін зиярат еттік. Етектегі Шамалған ауылындағы Назарбай əулеті тұрған үй орнын көріп, Нұрсұлтан əкесімен бала кезде еккен үй ауласындағы талшыбық, бертіндегі зəулім бəйтеректі де тамашалап, Фурманов атындағы мектептің 1940-50 жылдардағы ескі барак, тоқал там күйіндегі қарашаңырақтары орнын да нақтылы айқындап, ақ-қара сүгретке тартып алдық. Шамалғанда тұратын Нұрсұлтанның сыныптастары, ерлі-зайыпты Сағымбек Күшекбаев пен Күлəш Əміровамен ұзақты күнге əңгіме қозғап, сол кезде Шамалғандағы саңырау балаларға арналған арнаулы мектеп-интернаттың білдей директоры болып қызмет атқарып, республика педагогтарына есімі мен ісі қанық болып жүрген Күлəштан 50-жылдардағы мектептің ішкі ахуалын сұрап біліп, 40 жыл бұрынғы балалық жасөспірім шақтың өршіл арманға жетелеген жолдарын еріксіз жадына оралтқызып, бірқанша мəселеге қанықтық.

eresekomir

Кейін де ұстаз Сейітхан Исаев пен Күлəштің жөн сілтеуі арқасында Алматыда тұратын Н.Назарбаевтың 10 жыл мектепте бірге оқыған, 10 жыл ертелі-кеш қасынан табылған көрші достары Қыдырғали Байбеков пен Сəдуақас Есімбаевтарды тауып алып, қанша сақтықпен қараса да ізгі ниетімізді жеткізе түсіндіріп, балалық шақтың бал күндерінен қилы-қилы сырды біртіндеп жарыққа шығара бастадық. Н.Назарбаевтың өзі көрмеген, жеке мұрағатында сақталмаған, жастықтың жалынымен жалаулатып жүрген кездерінде ондай фотоайғақ барлығы естерінен де шығып ұмытылып кеткен, əбден сарғайған ақ-қара түсті сүгіреттер бір-бірлеп қолымызға түсіп жатты. Бір жылға жуық уақыт ішінде зерттеу, зерделеу, танысу, тамырын басу, оң-солын бажайлап қарау үрдістерімен өмір ағыны өте шықты. Осылайша, «Ел сүйген қайраткер кім бала жаста?» деген тартымды тақырыппен «Ұлан» газетінің 1990 жылғы 29 шілде, яғни жексенбі күнгі №60 (7285) санында жарқ етіп жария болған, келесі бейсенбідегі №61, онан соң №68 сандарында жалғасы жəне де жарық көрген, атақты Қарасай батырдың тікелей жетінші ұрпағы болып табылатын Н.Назарбаевтың балалық шағы турасында беймəлім деректер, тың мазмұнды естеліктер, сарғыш тартқан фотожəдігерліктер, шежіре шындықтары, бəр-бəрісі де қамтылған ең алғашқы нұрсұлтантанушы үрдістегі салиқалы мақалалар тарих сахнасына Құдайдың қалауымен жол тартты. Арада көп ұзамай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жауапты қызметкерлері Қуаныш Сұлтанов, ақын Асқар Егеубаев, музей қызметкері Нұрсан Əлімбаев, тағы да басқа азаматтар тарапынан біздің көтерген өзекжарды мəселелерімізді құптаған қоңыраулар түсіп, əдеттегі «жазба», «айтпа», «тоқтат» деудің орнына «Н.Назарбаев туралы зерттеу жазбалар Олжастың балалық шағы туралы хикаяттарға қарағанда қорғаншақтап, бүгежіктеп, тартынып отырып қаға зға түсірілген сияқты, берілген көлемі де азырақтау сыңайлы, сол себепті қолда бар дүниелерін ірікпестен тағы да жаза беруіңізге болады» деген сыңайлы қолдау пікірлер келіп жетті. Демек, біз уақыт сұранысын тап басып біліп, балалар үшін де, саясат сахнасындағы ересектер үшін де керекті тақырыпты қозғаған болып шықтық.

1991 жылдың наурыз-сəуір айларында Н.Назарбаев «Қазақстан», «Молодая гвардия» баспаларының сұрауына Алматы қаласында жауап беріп, өткен өмір өткелдерін ойға оралтып, сəбилік, балалық кезеңдерге қысқаша шолу жасап, кішкентай кезінен зердесіне тоқыған бірсыпыра жайтқа алғаш рет бүкпесіз тоқталып өтті. «Əділеттің ақ жолы» деп аталатын кітап сол жылы қыркүйекке таяу күндерде үлкен таралыммен баспаханадан оқушы қауымға жол тартты. Басты назарға ұстап айтайық дегеніміз, Нұрсұлтанның балалық шағы алғаш «Ұлан» газетінде 1989-91 жылдар аралығында қазақ елінде, одан қалды алыс-жақын шетелдерде көшіріп басумен арнайы тақырып ретінде қозғалып хатқа түсе бастады.

article-1327296-0BCECD48000005DC-868_468x369

«Президенттің балалық шағы» кітабын тез арада жазып шығу қиынға түспеді. Қолда бар деректер, сүгіреттер мол еді. 1989 жылдан бері бұл тақырыпқа мүлдем ешкім қалам тартпағанына қарап, өзімізді ол уақытта тым еркін сезіндік. Н.Назарбаевтың етжақын туыстары – Ақабай Молдахметұлы, Хамза қажы Екейбаев, сыныптас, қатарластары Қыдырғали Байбеков, Бақыт Оспанов, Смантай Тілеубергенов, Сəдуақас Есімбаев, тағы басқа тарихты білетін, Əбіш əулетінің күнделікті тыныс-тіршілігін білетін, жөн білетін, жол білетін ел ардақтылары ортаға бар білгендерін салып, өлке аралауда қасымызға жолбасшы болып еріп жүруі жүгімізді жеңілдетіп, жауапты тақырыпта кітап жазуымызға сенімділігімізді одан сайын үсті-үстіне нықтай түсті.

Сонымен, тарих доңғалағын кері айналдырып, 1940 жылдың шілде айының 6-сына қайтып оралайық. Іле Алатауының баурайындағы Үшқоңыр жайлауында тап сол күні бір қауым елдің есінде қаларлықтай қуанышты уақиға болды. Сонау 1906 жылы дүние салған Назарбай бидің қарашаңырағын ұстап тұрған науша жігіт Əбіштің отбасында бақыт пен шаттық орнап, тұңғыш перзент маңдайы жарқ етіп, тау ауасының салқынына тұла бойы түршіккеннен шар етіп жылап дүниеге келді. Көшпелі халық өркениеті мыңдаған жылдар бойы əбден қалыптап, шөпшектен-шөпшекке қалдырып келген дағды бойынша, ен жайлауда қоңсылас отырған көрші-көлемнің толғақ қысқан бойда дереу жеткен кексе əйелдері ауылдық перзентханада кіндігі кесілген шақалақтың кіндік шешелері атанып жатып, ана мен бала денінің саулығына шипа боларлық ем-шараларын жасайды. Ыңыршағы айналған елдің көтерем хал-жағдайына қарамастан, марқа сойылып, жас сорпамен кішкене бөбектің анасы қалжаланады.

Анадан алғаш туғанымда,

Жыладым неге дауыстап?

Кіндікті кесіп, қиғанында,

Анамнан кеттім алыстап.

Ақ бұйымға орап алғанында,

Құндаққа қойды таңып сап.

Жып-жылы суға салғанында,

Денемді əбден арулап.

Емуді қайдан үйрендім тап,

Емшектен сүтті сорғанда.

Кіш-кішке неге күлдім ұнап,

Үш айлық бала болғанда? – деп Шаһкəрім қажы тап басып суреттеп жазғанындай, Үшқоңыр жайлауында қара уызды тойына емген нəресте құндаққа таңған бойда пыс етіп тəтті ұйқыға кеткен-ді. Енді бірер күн шамасында нəрестеге кім деп ат қою əңгімесі даурыға көтеріліп, «Бауы берік болсын!», «Құтты болсын!» айта келіп бармен базар болып дəм татып қайтып жатқан ағайын-туыс, жақын достардың аузында жүрген. Бірі Райымбек, Қарасай бабалардың атын еске салса, бірі ғасыр алыбы Жамбылдың атын қой дейді, енді бірі «күн көсемдер» атының алғы əріптерінен жұптап Мэлс деп ныспылауды ұсынады. Келесі біреулер «айға ауызды білемей-ақ»  Советхан, Социал, Колхозбек деп ат қоя салуды да кеңес еткен-ді. Əлде, періште аян берді, əлде ата өсиеті түрткі болды ма, болмаса ет жақын ағайындардың Нұрділдə, Нұрдəулет, Нұрлыбек, Нүсіпхан деген сияқты бабаларының аттарына ұқсастырылып қойылды ма, кім білсін, əйтеуір бөбектің аты Нұрсұлтан деп қойылып, Мырзабала (Тетебала) əжесі мен Əбіштің ағасы Үмбет оның құлағына үшкірісіп жатты. Тұңғыш перзенттері осылайша дүние есігін ашқанда ата кəсібімен колхоз малын бағып жүрген Əбіш қырық жаста, ал жұбайы Əлжан отыз жаста еді. Ел жұтап, осыдан он жыл бұрынғы алапат ашаршылықтың кебін киіп тұрмаса да, мүлдем қоңырқай тіршілік кешіп жатқан шақта той-думан дегеннің берекесі қайдан бола қойсын?! Десе де, Əбіштің өзі кештеу үйленіп, одан кейін бірер жылдар бойына сүйген қосағы құрсақ көтере қоймаған соң, көпке жария етпестен Алматы іргесіндегі батыр баба Райымбек Хангелдіұлының бейіті басына барып түнеп қайтып, онда қасиетіңнен айналайын аруақты баба түске еніп: «Күт, ұл балаң болады!» – деген аян беріп, содан кейін көрген тұла бойы тұңғыштарының шілдеханасын жасаудан жас жұбайлар қалайша ғана бас тарта қойсын?! Таудағы жайлаудың алабұрта өзгеріп, бірде жауын, бірде бұршақ, келесі бірде күрт суытып қар жауып тұрған шағында, тамыз айының ортан бөлігінде туғанына қырық күн толған сəбидің алғаш шаш-тырнағы алынып, ырым-жоралғылары жасалып бесікке бөленіп, шілдехана тойына ой мен қырдан арнайы қонақтар шақырылады. Əн айтылады, күй шертіледі. Көкпар тартылады. Ертелі-кеш тынымсыз еңбектен қолдары бір босап, арқаны кеңге салған ағайын бөбектің құлағына сіңе берсін деп елі мен жерін қорғаған ертедегі батырлар, хандар мен бектер, халықтың біртуар перзенттері жайлы əфсана-əңгіме қозғады, ертегі-қисса, жыр-дастан толғады. Кеңес ахуалы да назардан тыс қалған жоқ. Осылайша, түн ортасы ауғанда, Жетіқарақшы шөміштенген шақта ауылдастар жайлау төскейін ат тұяғының дүбіріне бөлеп, Үшқоңырдың шығысы мен батыс беткейіндегі жайлауларға тарап жатты.

Ushkonyr (1)

Арада тағы біраз жыл өтіп, сол сəби ес біле бастаған шақ еді. Қазіргі балалардай емес, ол кездегі балалардың құлағы түрік жүретін алғашқы мектеп, əрине, үлкендердің əңгімесі болатын. Əбіш əрнені сұрап қоймаған баласы Сұлтанға мейірлене көз тастап, əкелік парызының бабалар аманаттап кеткен бір парасын өтеуге барша ықылас-ниетімен бейілдене кірісті.

– Сонымен, жоғарғыда Бəйдібектен – Жалманбет, одан Шапырашты дедік пе?! Шапыраштыдан – Малды-Ыстық, онан Есқожа, одан Алтынай деп тараттық па?! Сонда Алтынайдан Бəйдібек биге дейін бес ата болғаны ма? Енді келіп Алтынайдан – Қарасай, одан Көшек туады. Қарасай батыр атанса, Көшек  хан Көшек деген атқа ие болған. Осы Көшектен Айдар, одан Мырзатай туады, онан Кембаба, одан Еділ бабаларың тарайды. Ал, осы Еділден Назарбай атаң туса, Назарбайдан мына мен, əкең Əбіш туғанмын. Əбіштен сен, Нұрсұлтансың. Сонда Нұрсұлтаннан Алтынай бабаға дейін саусақ бүгіп санасаң тоғыз ата, ұқтың ба?!

Атам қазақ «жеті атасын білмеген ұл жетесіз» дейді. Ашаршылық болсын, небір зұлмат-зобалаң болсын, дүниені ойпыл-тойпыл қылған соғыс болсын, адам баласы басына Алланың əмірімен не қилы қиыншылық түскен кезеңде санаңда сəуле болып ата-бабалар тарихын жадыңда мықтап ұстасаң тектілік танытып, тепкіге ұшырамайсың. Əкені көрмей, атаны көрмей жетім қалуға болар. Ол тағдыр жазуы. Ал жеті атаңды білмеу – жетімдік пен жетесіздіктің нағыз сорақысы. Қане, жеті атаңды тағы еске түсіріп қайталап шығалықшы?

Əкең – Əбіш, бір. Əбіштің əкесі – Назарбай, екі. Назарбайдың əкесі – Еділ, үш. Əділдің əкесі – Кембаба, төрт. Кембабаның əкесі – Мырзатай, бес. Мырзатайдың əкесі – Айдар, алты. Айдардың əкесі – Көшек, жеті!

Көрдің бе, кішкентай желкеніңді түзеп жеті қамалдан өтіп едің, алдыңда тұтас бір халықтың теңіз айдыны жарқырап шыға келді. Əбіш ақсақалды көргендер, ол туып-өскен ортаны білетіндер аз емес. Солардың бəрі оны көкірек-көзі ояу кісі еді дейді. Ол кісі туралы кімнен сұрасаңыз да алдымен елдің əңгімесі айтылады, жердің əңгімесі де айтылады. Дипломат Бақыт Сағындықұлы Оспанов мырзамен оңтайлы бір сəтін тауып, сонау 1994 жылы Үшқоңыр жайлауын бірге аралап-танысуымыз көп мəселенің мəн-жайына қанығуымызға мұрсат берді.

– Ертеде Үшқоңыр жайлауына төтелеп тартып, қырқа үстімен атпен, жаяу-жалпылы шыға беретін. Кейін де, 30-жылдардың аяғы мен 40-жылдардың басында Қазақстанның əр аймағынан жер аударылып келген «арестанттар», ал соғыстан соң жапон тұтқындары мынау иректеліп жатқан бұралаң жолды қолмен салып, 70-жылдар аяғына дейін автокөліктер денінде осы жолмен жайлауға көтерілді. Мен сол кездерде бес жыл бойы тəжірибелік кеңшар директоры қызметін атқара жүріп, жайлаумен қатынайтын жол қиыншылығы дегенді əбден басымнан өткердім. Қол күшімен құлама биіктерді қидалап төтелетіп салған жол əсіресе жауын-шашынды, қарлы-бұрқасыны кездерде өткел бермей, жұмысты апталап бөгеп зығырданды қайнататын. Содан Мəскеуге дейін қозғау салып жүріп, қазірде асфальт төселген жол табаны жобасын жасатып, оны-мұны тəсілдерін тауып қаражат бөлгізіп, күрделі істі бастатып та жібердік-ау. Міне, енді қиналмастан Үшқоңыр биігіне леп-лезде көтеріліп шыға келесің!

Қараңызшы, желтоқсан иек астында тұрса да Үшқоңыр жайлауы сыр бермей, жаздағыдай жайнап тұр емес пе?! Ұшар бастары бұлт емген Алатау көркі қандай?! Енді жер-су аттарымен танысалық. Үшашадан Қарғалы өзені бастау алады. Одан құлаған сай-сала – Ұяғаржан, Құмбел, Алаяқ жайлауларына апарады. Бұл үшеуінен көршілес қырғыз жеріне, мысалы, Көкайрақтың суы деген жерге өтуге болады. Сонау жота  – Тақыркезең. Оның күншығыс жағы Шамалған өзені, сол беткейі Үшқоңыр жайлауы, төменгі тұсы Сəт жайлауы. Ал Сəт жайлауының күншығыс жағын бұл өлкенің халқы Əбіш жайлауы дейді. Одан əріде Кебеже, Қасқасу – Шамалған өзенінің бастау алатын жері. Шамалған сайынан əрі көтерілгендегі жайлауды ата-бабаларымыз Шөладыр деп атапты. Шөладырдан күншығысқа қарай беттесек – Ыдырыс, Аюлы, Қаскелең, одан əрі Үшқараш, Жіңішке, Мыңжылқы, Асы жайлаулары болып, Нарынқолға ұласып кете барады.

Ал, Үшқоңырдың күншығыс беткейіндегі Бекболат батыр ту тіккен төбеден əрі Бұққан сайынан, одан əрі Қарғалы сайынан өтсе – Қарасаз, Аршалы, Айғай, Нарқорыс, Үлкенсаз, Кішісаз, Ботасаз, Құлансаз, Сарсай, Алаяқ жайлаулары болып, одан əрі Қарақыстақ өзенінің үстіндегі – Қарақия, Ақтасты, Алтынқазған, Айғыржал, Қоңыр, Шыбыр өзенінің екі жағындағы Саршыбыр, Саржазық жайлаулары, одан əрі Суықтөбе, Қордай таулары болып кете барады. Міне, етекте өмір өзінше қайнап жатса, тау басындағы жайлау тіршілігі өзіне ғана тəн қалыбымен өрбіп, өзгеше жарасым табады.

f42f97b20c75fe643982246bd2a57d00

Шамалған, Ұзынағашты барлық саналы ғұмырында мекен еткен Хамза қажы, Нұрсапа, Ақабай, Құсман қариялардың айтуы бойынша, Кеңес өкіметі орнаған соң байларды тəркілеу дүрбелеңі өткеннен кейін, яғни алапат ашаршылық қою қара бұлты үйіріле бастаған шақта, 1930 жылдары Үшқоңырда кеңшар ұйымдастырылған көрінеді. Ақабай секілді аштықтан аман қалған азаматтар жасына қарамай кеңшар малын бақса, Назарбайдың Əбіші бригадир, ал Смағұл деген кісі мал дəрігері болыпты. Артынша 1936 жылы кеңшар тарап, бір қауым ет жақын ағайын төмендегі Шұбаратқа түсіп, там салып екі-үш жыл жекеше болып отырып, Шамалған колхозы ұжымдасқанда бірі малшы, бірі қосшы дегендей, қайтадан ата кəсіптеріне кіріскен…

Балдəурен, балалық шақтың əсер-қызықтары адам баласы сана-сезімінде əрқилы түйсік-таныммен қабылданып, мəңгіге бұлжымастан жазылып қалмағы белгілі. Кейде тіпті ақиқаты осы деген көріністің өзіне бірнеше көзқарас тұрғысынан назар тастағанда, толық сезіліп бітпейтін, кемел танылып түгесілмейтін дүние дидары түрленіп, сан қырынан жарқырай ашылып, бұрын-соңды байқалмаған рухани биіктерге көтеріп тастайды. Міне, осы өлшеммен таразылап қарағанда, Əбіш əулетінің ең жақын туыстарының бірі, көргені мен көкейге түйгені мол көнекөз, Ұзынағаш елдімекенінің тұрғыны, зейнеткер, 1927 жылы дүниеге келіп, 1932 жылдан бастап 1946 жылға дейінгі аралықта Əбіш ағаның қасында бір елі қалмай жүрген Ақабай Молдахметұлының 1995 жылы өз қолымен жазып берген естелік баяндары Əбіш əулетінің ғұмырбаян деректерінің елеулі бір кезеңіне жарық сəуле түсіретіндігімен құнды. Ендеше, Молдахмет баласы Ақабай ақсақалдың ескілікті жайларды қозғаған тартымды əңгімесіне жіті назар салып, құлақ түрелік:

«1932 жылдың күз айы, Үшқоңырда кеңшар ұйымдасып, егін егіп, мал бағып, жұмыс істеген адамдардың бала-шағалары бір тоғайып қалған кез. Жан-жақтан аштыққа ұрынған, жұмыс іздеген адамдар сол кеңшарға келіп орналасып, жанын бағып жүрген уақыт. Біздің Мырзатай атамыздан тараған Аманбайдың, Омардың, Тəймерденнің, Молдахметтің, Жұматайдың, Шəймерден аталардың үй-іштері Үшқоңырға сол 1937-1932 жылдары барып, кеңшарға мүше болып, мал бағып, егін айдап, жұмыс істеп жүргені сол уақытта. Біздің Əбіш аға сол кеңшар ұйымдасқанда егіс бригадасының бригадирі болып істеді. Əбіш сол уақытта жас кезі, отыздар шамасы болуы керек, өте өжет, жұмыскер, елді ұйымдастыру қабілеті жақсы еді. Үшқоңыр кеңшарында қызу белсенділікпен жұмыс істеп, едəуір абырой-атақ алып жүрген шағы. Əлжан жеңгеміздің əлі жастау кезі. Мал сойылатын цехта менің əкем Молдахмет жұмыс істейді. Біз 1932 жылы күзде Төгрекқұршыннан əулетімізбен көшіп барғанбыз. 1933 жылы көктем шыға сол шаруашылықтың бойдақ таналарын бағуға шығып кеттік. Содан 1936 жылға дейін тана бағып, жаз жайлауда, қыс қыстауда дегендей жүріп жаттық. Ол кезде Əбіш сол кеңшардың жұмысын істеп, жақсы белсендінің бірі болды. Қоластындағы жұмысшылар Əбіш келе жатыр десе ішкен асын жерге қоя салып, жұмыс орындарына жүгіре-тұғын.

1936 жылы біз кеңшардан шығып Шұбаратқа – жол бойына, Рақыш атаның тамының төмен жағындағы сайдан өткен соң жолдың екі жағасына бірнеше Көшек отбасы ұрма тоқал там салып алып отырдық. Жекеше шаруа болып 1936-1938 жылдарға дейін күн кештік. Бұл кезде Үшқоңыр кеңшары тарап кетті. Ел енді колхозға ұйымдаса бастады. Əбіш аға сол кеңшарды 1939 жылы таратып, Шамалғанға – Фурманов колхозына орналасты.

Əбіш үш ағайынды еді. Үлкені менің білуімше Шалабай, одан кейін Үмбет, одан кейінгісі Əбіш. Үшеуі үш үйдің сабағы.

Ел тоғая бастады. Ел еліне қосылып, ағайын-туғанын таба бастады. Əбіш пен Əлжан сол Үшқоңыр кеңшарында танысып, бір-біріне сүйіспеншілік сезімін білдіріп, екеуі қосылуға уəделеседі.

Əбіш пен Əлжан үлкен ағасы Шалабай ағасының үйінде бір жылдай бірге тұрды. Шалабай ағасы қайтыс болып кеткен соң Зағипа жеңгесімен үшеуі қалды. Келесі жылы жазда шілде айында Əлжан жеңгеміз Нұрсұлтанды босанды. Ол кезде перзентханаға барып босану деген жоқ. Кемпірлер, оның ішінде Зағипа жеңге жəне Үмбет атамыздың кемпірі Алтынай, Əбіштің шешесі бар болатұғын. Қатира жеңгей, тағы басқа көрші-қолаң əйелдер Əлжан жеңгемізді босандырып алып, Əбіш ағадан сүйінші сұрасып, жеңгесіне көйлек кигізіп, шілдехана жасап, қуаныш кешін өткізіп жатты. Қырқынан шығарды. Сол жазда Əбіш аға Подгорный деген көшеден, осы күнгі үйі тұрған жерден үй сатып алып, соған орналасты. Қазақтың салты бойынша сатып алған үйіне мал сойып, құдайы жасағаны есімде.

Содан бірнеше жыл бойы Көшек атамыздың ұрпақтары бір ауыл боп колхоз жұмысына араласып жүрдік. 1945 жылы Əбіш ағаны колхоз жем-шөп бригадасының бригадирі етіп бекітті. Менің əкемді қой ферма етіп сайлады. Сонан кейін біз көшпей қалдық. Мен Алматыға оқуға кеттім. Филармонияның дайындық курсында домбырашы болып жүрдім. Жазда оны тастап, мал фельдшерінің курсына Түргенге оқуға кеттім. Бұл уақытта Нұрсұлтанның жасы беске келді. Ауылдағы балаларды, қыздарды топтастырып, əртүрлі ойын ұйымдастырып ойнап жүрген шағы еді. Менің қарындасым Сағынкүл мектепке барғаннан кейін мектептен үйге Нұрсұлтан ертіп кеп жүретін. Кейін 5-6 кластарға барғанда, «Аға, маған домбыра үйретіңізші!» – дейтін болды.

Қандай нəрсеге ниетін аударып ұғынса, бір-екі рет көрсетсең болды, арғы жағын өзі іліп алып кете беретін-тұғын. Бір күні үйге келіп еді, домбыраның алдымен құлағын келтіруді, одан кейін «Елім-ай» əнін үйретіп, тағы бір əн үйреткеннен кейін өзі тартып кете берді. Қандай нəрсе болса да алғырлықпен үйрене-тұғын бауырымыз еді, Сұлтан!»

«…Əлгінде Үшқоңыр жайлауының бүгінгі келбетін суреттей отырып Сəт жайлауы, Назарбай-Əбіш жайлауы дегенді еске алғанбыз. Міне, сол Дулат ішінде Жаныстан шыққан Сəт Ниязбекұлы болыс атымен аталып қалған жайлау да, Назарбай-Əбіш жайлауы да, Тақыркезең де, негізінен алғанда Үшқоңыр жайлауы деген ауқымды жер атауына кіріп тұрады. Дей тұрсақ та, соның ішінде Назарбай-Əбіш жайлауында Қазақстанның тұңғыш Президенті, Нұрсұлтан дүниеге келгендігі, осы жайлауда өсіп, бұғана бекіткендігі тарихи шындық. Мынау бөктерде томпайып-томпайып жатқан үлкен қорым Нұрсұлтан Əбішұлының арғы ата-бабаларының қабірстаны. Назарбайдың бəйбішесі Мырзабала да, яғни Əбіштің анасы Телебала да, іні-келіндері де, тағысын-тағы отыздың үстіндегі адам осы қабірстанда мəңгілікке жай тапқан. Нұрсұлтан Əбішұлының кіндік қаны тамған жер осы жайлау екендігін де осы айтылған тарихи мағлұматтар айғақтай түссе керек.

Рас, осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын Үшқоңырдың көрік-келбеті ежелгі табиғи көрінісін сақтаған қалпында еді. Мына жыртылған жерлердің орнында қалың қорым болатын. Үшқоңырдың қасқыры, елігі, таутекесі, кекілігі өріп жүретін. Құдай-ай, түлкі екеш түлкінің көптігі сондай, тіпті, қансонарда айлакер деген түлкіні көп қиналмастан бишікпен де соғып алуға болатын еді деп ауыздарынан суы құрып əңгіме айтушы еді. Енді бұл жайлаудың көрік-келбеті қанша өзгергенмен, қой баққан малшы, жылқышы жəне сиыршы, кей-кейде түйеші, жайлау төскейін дүсірлете шапқан шабандоз, қызығы басылмас көкпаршы: «Біздің Үшқоңырда Президент туған!» – деп кеуде кере мақтанып отырады», – дейді Бақыт Сағындықұлы əлгі бірде бастаған тыңғылықты таныстыру əңгімесін бүгінгі күн жастарымен сабақтап.

success

Бес жастағы Сұлтанның жадынан ешқашан кетпек емес тағы бір оқиға күзгі жиын-терін толық аяқталғаннан кейін, қысқы соғым сойылар қараша айындағы уақытта таудағы, ойдағы ел ішін қауға сақалды, жүзінен мейірім нұры төгіліп тұратын Міркамал молданың арқалай жүріп, бес, жеті жастағы балаларды ата-баба дəстүрімен сүндетке отырғызуы еді. Ол кез үлкендер үшін көл-көсір отбасы қуанышы, айта қаларлық мейрам болатын. Сүндетке отырғызылған ер балаларды айналшықтай өбектеп, ата-аналық бір парызды өтегенге іштей кеңейіп қалса, мұсылмандық салт-ғұрып кеңінен насихаттала қоймаған ол ортада «соғымбасы» дегенді сылтауратып ағайын-туыс, көрші-көлемді дəм таттыруға бір шақырысып қалатын еді. Батырлар жыры, дастандар, қария сөздер, есте жоқ ескі замандағы аңыз-əфсаналар сондай кештерде нағыз мұсылман болған баланың құлағына сіңе берсін деп өте-мөте көп айтылатын! Отаншылдық, елдік, патриоттық сезім, туған ел-жерді қасиеттеп-қастерлеу мұраттары көнекөз қарттардың ауызынан түспейтін. Мұның бəрі мұсылман болған балаға бірер түйір қант-кəмпит, ойыншық, киім-пұл арнайылап əкеп берумен ұласқанда, бес жасар батырдың қиял-арманы небір көкжиектерге көтеріліп, жан-сарайы таңғажайып күйге бөленіп, жадырап сала беретін-ді.

Осылайша, жеті жасқа дейін рухани кəмелеттіктің барлық сабақтарын еркімен бастан өткізген бала көшпелі ғұмыр кешкен бабалар салт-дəстүрі бойынша жəне «Баланы жеті жасқа дейін патшаңдай сыйла, жеті жастан он төртке дейін құлыңдай жұмса, ал он төрттен кейін өзіңмен тепе-тең көр!» деп келетін шығыс елдері қағидасына сүйене отырып, жеті жастан кейін қатал талап қойылып, ересек адамдар істейтін жауапты жұмыстарға тартыла бастады. Бұған бір ғана мысал, таң бозаң тартқаннан оянып, арбаға есек жегіп, ертеңгі алтыда ашылатын жұмысшы қалашығындағы дүкеннен нан алып келудің өзі неге тұрады? Сұлтанның жақын жамағайыны Хамза (қажы ағамыз Х.Екейбаев) сол қалашыққа бірге ере барып, еті тірі, пысық бала Сұлтанның ересектермен жағаласа жүріп, бірнеше қайтара кезекке тұрып, ондағы бөлке нанды арқасындағы қапшығына салып алып ауылға кете баратынын осы күнге дейін ерекше ықыласқа бөлене отырып таңданыспен əңгімелейді. Сұлтанның жеті жаста ержетіп, ересек тартуының жəне бір себебі бар еді. Ол осы көктемде «аға» болдың деген сезімге бөленіп, əке-шешеңнің тұла бойы тұңғышы, əсіресе, маңдайға біткен жалғызы дейтін аттан айырылып қалған. Көптен бала сүймей жүрген анасы Əлжан еркеккіндікті бөпе «сатып əкеліп беріп», сəбидің атын сол ырыммен əжесі Сатыбалды деп қойған-ды. Енді үй ішіндегі жасы үлкендердің мейір-ықыласы түгелдей дерлік уілдеген нəрестеге ауып, Сұлтанның өзі де қолы қалт еткен сəтте інісінің бесігі қасынан табыла кететін. Өзгерістегі өмір заңы деген осы!..

«Ақ желкен», №11

(қараша, 2016)

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз