15390794_1325940174144390_7919634556137231634_n

Былтыр жазда Ақтөбедегі Ұлттық ұланның əскери бөлімшесіне лаңкестер шабуыл жасап, қару-жарақ қоймасын тонамақшы болған еді. Бірақ, қарулы топтың арам ойы іске аспады. Ержүрек батырларымыз дер кезінде тойтарыс берді. Батырлардың қатарында бір лаңкестің көзін жойған Бақтияр Қайырбеков те бар. Бақтиярдың ерлігі еленіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев III дəрежелі «Айбын» төсбелгісімен марапаттады.

«Өзімді батыр санамаймын. Өйткені, менің орнымда кез келген əскер осылай жасар еді. Қаралы күнді ұмыту мүмкін емес. Сол күні күзетте болған едім. Ауысымның бітуіне 20 минут қалған. Бір кезде атылған оқтың дауысы естіле бастады. Əскери жаттығу жүріп жатыр деп ойладым. Бірақ, олай болмай шықты. Қару-жарақ қоймасына шабуыл жасалғанын білдім. Командир лаңкестерге тойтарыс беруге бұйрық берді. Алты лаңкес бізге қарай келеді екен. Біреуіне оқ атып үлгердім. Ал қалғандары қақпадан секіріп, қашып кетті. Біз бейбіт, тату елде өмір сүреміз. Мұндай атыс алаңын шетелдің киносынан көреміз. Қару асынғанда, қорыққаным рас. Көз алдыма ата-анам, кішкентай қарындасым келді. Бірақ, отбасынан да құнды нəрселер болады. Егер лаңкестер қойманы тонап кетсе… Ойлаудың өзі қорқынышты. Қалада қаралы күн жарияланып, байланыс үзілді. Ата-анам оқиғаны жаңалықтардан естіп, қатты уайымдады. Анам амандығымды естіп, көзіне жас алды. Өкініштісі, атыс кезінде қатардағы жауынгер Досбол Сапар қаза тапты», – дейді Бақтияр. Осы оқиғадан кейін Петропавл қаласындағы əскери институт оқуға шақырыпты. Бүгінде батыр Бақтияр əскери саланы оқып жатыр.

Қазір əскерге барғысы келетін жастар аз ғой. Олардың қатарында Бақтияр да болыпты. Өзі бір үйдің жалғыз баласы екен. Алайда, əкесі қолқа салып: «Атаң да, əкең де əскери тəртіпті көрді. Сенің де Отан алдындағы борышыңды өтегеніңді қалаймын», – депті. Бақтияр əскерге бір күнде қабылданбағанын айтады. Ұзақ күтіпті. Онысына өкінбейді де.

Əскерден көп нəрсені үйреніпті. Ине ұстап, киім тігуді, ең бастысы, ұқыптылықты, тазалықты…

20161213162912

Бақтиярдың əскери өмірге қызығуына қазақ батырларының ерліктері əсер еткені анық. «Оқулықтан А.Матросовтың ерлігін оқығанда, жігерленгенім есімде. Жақында қызық əңгіме естідім. Матросовтан бұрын кеудесін оққа тосқан Боран Нысанбаев есімді батыр бабамыз болған екен. Боран атамыз Атырау облысында өмірге келіпті. Жау бекінісін талқандай алмай, бірнеше жауынгер қаза табады. Боран атамыз беліне жарылғышты байлап, бекініске кіріп, жау ұясының күлін көкке ұшырыпты. Осындай батырдың ұрпағы бізге үлгі», – деді батыр. Небəрі жиырма жасында лаңкестерге қаймықпай қарсы тұрған жауынгерге риза боласың. Десе де, Бақтиярдай батырлар көп емес. Қазір əскери бөлімнің екі қызметкеріне қарсы сот жүріп жатыр. Олар оқиға кезінде қолына қару алып, қарулы топқа тойтарыс бермей, қашып кеткен деген күдікпен тергеуге алынған. Əскери өмірдің қағидасын бұзды деген айып тағылыпты. Егер кінəсі дəлелденсе, бес жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін…

«Менің негізгі мамандығым – инженер. Бала күнімде мінезім тұйық болатын. Сабақты жақсы оқыдым. Қолым қалт етсе, ата-анама көмектесемін, қарындасымның сабағына қараймын. Əлеуметтік  желіде күні-түні отырған емеспін. Оның орнына кітап оқып, табиғат аясында серуендеймін. Əскери оқу орнында тəртіп қатал. Ұйқыдан таңсəріден оянамыз. Жаттығу жасап, сабаққа дайындаламыз. Қысқы емтихан да басталды.  Болашағымды əскери тұлға ретінде елестетемін. Елдің тыныштығы үшін қызмет етемін», – дейді. Бақтиярдың болашағы жарқын боларына сенеміз. Ең бастысы, еліңе, жеріңе деген құрметің аласармасын…

 

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан», №2

10 қаңтар, 2016 жыл

1 ПІКІР

  1. […] 5 маусымда Ақтөбедегі Ұлттық ұланның əскери бөлімшесіне лаңкестер шабуыл жасап, қару-жарақ қоймасын тонамақшы болған еді. Алайда лаңкестерге ержүрек батырларымыз дер кезінде тойтарыс берді. Батырлардың қатарында бір лаңкестің көзін жойған Бақтияр Қайырбеков те бар деп хабарлайды Жас Өркен. […]

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз