0222_1

Олжас Сүлейменов дегенде əрбіріміздің көз алдымызға ақынның бейнесі келе қалады. Бірақ, бізде қазақтың маңдайына туған тағы бір Олжас Сүлеймен есімді білікті азамат бар. «Африкалық досым бар. Өмірінде интернет көрмеген. Ал сол ғаламтордың құдіретін білген сəттен бастап жеті тіл үйренген.  Яғни, талаптыға, таланттыға таныстың қажеті жоқ. Тек еңбектену керек», – дейді біздің бүгінгі кейіпкеріміз.

– Ол АҚШ-қа 18-ге толмай «Work and travel» бағдарламасы бойынша барып, 24 сағатта үш жұмыс істеген;

– Ол «Болашақ» бағдарламасымен Шанхайда оқыған;

– Ол БҰҰ-ның ұйымдастыруымен «Көп тілдер – бір əлем-2015» дүниежүзілік шығармашылық сайысында баяндама жасаған «Əлем азаматы»;

– Ол үш мыңға жуық жұмыскері бар «Sheberbuild» құрылыс компаниясының бас директоры;

Біз жас əрі іскер Олжас Сүлейменмен шетелде білім алудың жолдары  мен қиыншылықтары тұрғысында əңгіме өрбіткен едік…

 

АҚШ, 18 ЖАС және ПИЦЦА…

Олжас Сүлеймен: Ауылда туған қарапайым жігітпін. Қарағанды облысының  Шет ауданына қарасты Ақсу-аюлы ауылында дүниеге келдім. Ауылда туғанымды, ақсақалдар мен əжелерімнің тəрбиесімен сусындап өскенімді мақтан етемін. Ақсу-аюлыда 10 жыл тұрдық. 5-сыныпқа дейін сол жақта оқығанбыз. Əкем 35 жыл сақшы болған, анам дəрігер. Өмір бойы жұмыс бабымен көшіп-қонып жүргенбіз. Одан жаман болған жоқпыз. «Əр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дейді ғой, əр аймақтың тыныс-тіршілігімен танысатынбыз.  Шымкент қаласында жеті жыл  тұрдық. Сондағы Пушкин атындағы орыс мектебінің түлегімін. 11 жыл бойы орыс мектебінде оқысақ та, ата-ананың тəрбиесімен қазақ тілінде таза сөйлейміз. Бала кезден қисса-жырды құлаққа құйып өскен ұрпақпыз. Ата-анамыз қонақ десе бар дəмдісін алдына тосады.Үлкен лауазымды қызмет атқармаса да, адал іс жүргізді. Кішкентай кезімізден əкем спортқа жақын болыңдар дейтін. Ал анамыз бай мен кедейді теңестіретін тек білім ғана деп, бар ықыласымызбен сабақ оқу үшін жағдай жасады. Екі əпкем, бір ағам бар. Əпкеміздің айтқаны біз үшін «конституция» болатын. Ыдысты да жуып, тамақты да істей алатынымыз шетелде жүргенде көп  көмек болды.

Ұлан:  Неге Қытайда оқуды таңдадыңыз? Шанхайға қалай оқуға түстіңіз? Оқудан елге келген соң немен айналыстыңыз?

Олжас Сүлеймен: Кішкентайымнан студенттік өмірім алыста өтсе деген ниетім бар-тын. Əкем жетімдіктің зардабын тартқан кісі. Ата-анамыздың тағдырын үлгі етіп, бос жүрмейік деп үнемі ізденетін едік. Қытай жайлы естіп, «Джекки Чанға» қызығып, ол жақта бəрі кунфулатып ұшып жүреді деп бала қиялға ерік бердік. Дегенмен, бала болсақ та Қытайдың қарыштап дамуын сездік пе деп ойлаймын. Екіншіден, қытай тілін білетін азаматтар өте аз екен. Əкем менен бір жас үлкен Тілектес деген ағам екеумізді мектепке қатар берген екен. Ағам екеуміз Қытайдың бұрынғы астанасы – Сиань қаласына бардық. Терракот əскері шыққан қытайдың атақты аймағы. Екі жыл бойы өз қаражатымыз есебінен осы қалада білім алдық. Одан соң ата-анамызға ауыртпашылық түсірмей, грант жайын қарастыра бастадық. Көп ізденіп, «Болашақ» бағдарламасынан хабардар болдық. «Қарапайым адамдар өте алмайды. Міндетті түрде таныс, көке-жəке болуы керек» деген қате пікір екенін айта аламын. Бағымызды сынап, бағдарламаға құжат тапсырған кезде қытай тілінен мүлде бейхабар талапкерлерді көріп, өтетінімізге сенімді болдық. Мүмкін емес нəрсенің болмайтынына тұл жетім достарым «Болашақ» бойынша оқуға кеткенде көз жеткіздім.

0222_3

«Болашақ» стипендиаты атанғаннан кейін тағы екі жыл бойы Пекин қаласынан қытай тілін оқыдық. Өйткені, қытай тілі – өте күрделі тіл. Күніне 4-5 сағат ұйықтап, таңнан кешке дейін тіл үйренуге барымызды салдық.

Сиань қаласынан кейін АҚШ-қа «Work and travel» бойынша жұмыс істеуге бардық. 16-17 сағат бойы үш жұмыс істедік. Америкада жүргенде 18-ге толдым. Туған күнім өте «қызық» өткен. Қалай десеңіз… Тілектес ағам екеумізге бір айға 150 доллардан қалған. Ол жақта мұндай сома 2-3 күнге ғана жетеді. Өте қатты қиналып жүргенде ағам қонақүй тазалап, бөлме иелері қалдырған пиццаны үйге əкеліпті. Жұмыстан келсем бір тал балауызды жағып, ағам күтіп отыр екен. Сол пицца өмірімдегі ең дəмді пицца болды. Таңертең қонақүй жинап, түсте жер қазатынбыз жəне мейрамханада даяшы болдық. Тынбай жұмыс істейтінімізге қарап орыс достарымыз: «Неге көп жұмыс істейсіңдер? Қайда дайындалып жатсыңдар? Кішкене демалсаңдаршы», – деп күліп, бізді «тəжіктер» деп келемеждейтін.  Қолмен емес, мимен жұмыс істеу керектігін сол АҚШ-та жүріп түсіндік.

Екі жыл тіл үйренген соң, Шанхайдағы Tongji университетіне инженер-құрылысшы мамандығына түстім. Өйткені, Қытайдағы олимпиада құрылысы мені қатты қызықтырды. Tongji университеті құрылыс саласы бойынша Азияда бірінші орында, дүниежүзінде он жетінші орында тұр. Бастапқы кезде оқу өте қиын болды. Физика, химия, сопромат, геодезия сабақтарын қытай тілінде оқу оңай болған жоқ. Бұл университеттің тағы бір ерекшелігі – бір тоқсанда 16-17 cабақ оқиды. Көп оқыған кезде ауырып та қалатынбыз. Дегенмен, адамның мүмкіндігінде шек жоқ екен. Бір жыл өткен соң білім алу жүйесіне үйренісіп кеттік. Оқуды бітірген соң Технологиялық даму агенттігінің Қытайдағы бас өкілі болдым.

ТҮРЛІ ҰЛТТАН ҚҰРАЛҒАН СТУДЕНТТЕР ҰЙЫМЫН БАСҚАРУ…

Ұлан: Шанхайда оқығаныңызда студенттер ұйымын басқарыпсыз. Қазақ баласының  түрлі ұлттан құралған үлкен топты басқаруы қуантады. Ол қандай ұйым еді?

Олжас Сүлеймен: Қытайда жүрген қазақ студенттері төбелесіп, бұзықтық  жасап, өздері туралы теріс көзқарас қалыптастырып алды. Елде де «шетелде жүрген жастарымыз бұзылып барады» деген ақпарат тарады. Осының бəрі намысымызға тиді. Содан қазақ студенттер ұйымын құрдық. Сиань қаласында «Алтын орда», Пекинде «Жас қыран», əр қалада бағыты əртүрлі студенттік ұйымдар жұмысын бастады. Араға біраз уақыт салып, сол ұйымдарды бір логотиппен бір мақсатқа жеткізсек деген ниетпен Сиань қаласында құрылтай ұйымдастырдық. Қытайдың əр аймағынан келген қазақ студенттері бір бағытта жұмыс істейтін ұйымды Шанхайда болған екінші құрылтай кезінде нақтыладық. Наурыз бен тəуелсіздікті бүкіл қалада дүркіретіп тойлайтындай деңгейге жеттік. Бірігу турасында бір мысал келтірейін: АҚШ-қа немесе шетелдің кез келген қаласына бір еврей келсе, сондағы бүкіл еврей оған тегін көмек көрсетеді. Қойылатын бір ғана талап: ертең ол жетістікке жеткенде өзі секілді шетелге жаңа келген еврейге тегін қолдау көрсетеді. Біз де қазақ студенттер ұйымын осындай принципте жұмыс істеуге жұмылдырғымыз келді. Қазір сол кезде құрылған «Kazakhstan Students Association in China» ұйымының он жеті қалада жұмыс істейтін 90 мыңнан астам мүшесі бар. Бұл ұйымды да басқарып жүргенде Польшадан жəне Бангладештен келген досым үшеумізге «Неге университетімізде Шанхай бойынша шетелдіктердің бəрін біріктіретін халықаралық ұйым құрмасқа?» деген ой келді. Бірақ əкімшілік тарапынан қолдау көрсетуін сұрағанымызда  олар бізді түсінбеді. Қазақ студенттермен қан тапсыру қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, өрттен апатқа ұшыраған он үш баланы аман сақтап қалдық. Қытайда бұл ісіміз құпталды. Сонда ғана университет əкімшілігі бізге сенім білдірген соң, өзіміз қалағандай халықаралық студенттер ұйымы құрылды. Бірінші президенті Шанхайға диссертация қорғауға келген бангладештік азамат болды. Бір жылдан кейінгі сайлауда басқа үміткер болмағандықтан ұйымды мен басқардым. Жұмысымыздың нəтижелі болуы қазақ студенттеріне деген жағымды пікір қалыптастырды, оқуда да жеңілдіктер қарастырылды.

0222_4

Ұлан: Ол жақтың білім беру жүйесі қандай?

Олжас Сүлеймен: Білім жүйесі керемет деп айта алмаймын. Бізге ұқсайтын жері – Кеңес Одағынан көп нəрсе алған. Өздері де коммунистік ел болғандықтан болар, жаттанды оқыту жүйесі бар. Қытай тілінің өзі сол жаттаудан басталады. Бес жасынан балалар иероглифтерді жаттайды. 80 мыңнан аса иероглиф бар, оның ішінде 5 мыңы күнделікті қолданылады. Артықшылығы – сабақтан басқаны ойлайтын уақытың да болмайды.

Ұлан: Қытайдағы жатақхана, тамақ жайы қалай болды? Жалпы, онда өмір сүру бізге қарағанда арзан əрі жеңіл ме?

Олжас Сүлеймен: Арзан деп айта алмаймын. Бірақ студенттер үшін Қытайда бүкіл жағдай жасалған. Студенттік қалашықтан шықпай-ақ шаштаразға, асханаға барасың. Жаныңа не керектің бəрі бар.

Ұлан: Қытайда мұғалімдер қатты құрметтеледі, олардың жалақысы да жоғары деп естіп жатамыз. Университеттегі ұстаздардың сабақ беру əдісі сізге қалай əсер етті?

Ожас Сүлеймен: Түрлі-түрлі ұстаздар бар. Біздегідей еркіндік жоқ. Мұғалімге сұрақ қою дегеннің өзі өте ұят саналады.Үніңді шығармай, тыңдауың керек. Бала кезден көкейдегі сауалды, түсінбеген дүниені сұрауға үйреніп қалған маған осы жағы қиын тиді. Еуропа мен Американың білім жүйесінде еркіндік бар. Бірақ, еркіндік пен əдепсіздікті шатастырмау керек. Біздің мектеп, жоғары оқу орындарында «свобода слова» деп басқа шығып жататындар жетерлік. Мəселен, сен АҚШ-та жүріп бомба деп айқаламайсың ғой. Əрнəрсенің өз орны бар. Мұғалімдердің жалақысын көтеру арқылы оларға көрсетілетін құрметті де көтеруге болады. Қаржылық қажеттіліктері мен тұрмыстық жағдайына алаңдамаса, ұстаздардың өресі биік шəкіртті тəрбиелеп шығатыны баршамызға мəлім. Біздің ұлт зиялылары ұстазының үйі батыс жақта болса, аяғын батысқа қарап созбаған. Сол кездегі мұғалімнің деңгейін осыдан білуге болады. Білім беру жүйесінде ұстаз деген əр оқушының намысын оятуға тырысу керек. Бізге сондай идеология жетіспейтін секілді. Біріншіден, біз тегін білімнің қадірін білмейміз. Мемлекеттік грантты жеңіп алу өте оңай, тек соншалықты топас болмасаң болды дегендей. Екіншіден, бізде «диплом жинау» модасы белең алған. Сапасы маңызды емес, тек диплом алу керек. Мамандық таңдауда да оңбай қателеседі. «Серік ағаңды қарашы, прокурор, табысы көп, сен де сол мамандықта оқысаң сондай боласың немесе Болат ағаң сияқты банкте қызмет жасағың келсе сол салада оқы», – дейтін ата-ананың ақылы өмірлік азық бола қоймайды. Ықылас-ниетіне, қалауына қарап, қолынан келетін іске ұмтылу керек. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіредінің керімен» бар дүниенің бағасын білмей жүрміз. Шетелде оқу мүмкіндіктерінен  хабарсыз жастар көп.

Ұлан: Қытайға бакалавр, магистратура бойынша грантпен түсетін қандай бағдарламаларды білесіз?

Олжас Сүлеймен: Ізденсе, талпынса, бағдарламалар көп. Шанхай ынтымақтастық ұйымының бағдарламасы, Конфуцийдің гранттары бар. Қытай білім министрлігі мен біздің министрліктің арасында академиялық ұтқырлық бойынша келісімшарттар бар. Көктемге қарай Білім министрлігінің сайттарынан біліп отыру керек.

Ұлан: Қытай халқының, ұстаздардың шетел студенттеріне, соның ішінде қазақ студенттеріне көзқарасы қандай?

Олжас Сүлеймен: Шындықты айтайын, көбі Қазақстанды енді-енді біліп келе жатыр. Бұрын АҚШ-қа барғанда қазақпын десең түрік, ауған ұлттарымен шатастыратын. Тəуелсіздік алғалы еліміздің қарыштап дамып жатқанын білеміз. Бала шақтан болашаққа көз тастаған жас мемлекетпіз. Халықаралық деңгейде қазақты танытатын Стив Джобс, Билл Гейтс секілді тұлғалар бізден де шығады деп ойлаймын.

0222_6

Ұлан: Қытайда жұмыс істеу үшін қалуды ойламадыңыз ба?

Олжас Сүлеймен: Қытайда қызмет істеу мүмкіндіктері таудай болды. Неге? Өйткені, олар шетелдіктерге ерекше назар аударады. Өз азаматтарының көзқарастары шектеулі болғандықтан, креатив жетіспейді. Бізде еркін ойлау жүйесі қалыптасқан ғой. Шетелдіктерді жұмысқа шақыратыны сондықтан. Барынша солардан көп нəрсе үйренгім келіп, тəжірибе алмасып, технологияларды меңгергім келді. Қалып қою ойымда да болған жоқ. Өзге елде ұлтан болғанша, өз елімде сұлтан болуды армандадым. Бір күні ұшақтан түсіп келе жатсам, өзге ұлт өкілінің бірі: «Əй, Олжас! Сендерге қарап қызығам. Егер менде де сенікі секілді туған жерім болса, күнде таңертең тұрып баламды құшақтағандай жерді де құшағыма қысар едім. Жан-тəніммен сүйер едім», – дейді. Қытайдағы жағдайымды көргендер «Олжас, сонда қал. Елге кеп қайтесің», – деп те айтқан. Алыста жүріп аңсап жеткен туған елімнің саф ауасы мен балдай суына ештеңе жетпейді.

«МЕНІ ЫНТАЛАНДЫРАТЫН – АУЫЛДАҒЫ ДОСТАРЫМ»

 Ұлан: Қазір 2500 жұмыскері бар «Sheberbuild» құрылыс компаниясының бас директорысыз. Осы лауазымға қалай жеттіңіз?

Олжас Сүлеймен: Бəрі Алланың арқасы. Екіншіден, еңбектенсең бəріне жетуге болады. Жас кезіңде өзіңді аямау керек. Армандауда зор мəн бар. Əр таң сайын сол арманды жүзеге асыру үшін, күніңді мəнді өткізу үшін барыңды саласың. Намысыңды қайрап, бір нəрсеге жетуге, дəлелдеуге аш адамша талпыну керек. Əсіресе, ер азаматтарда бұл қасиеттің болуы маңызды. Кейбір жігіттерге қарап: «Ей, бауырым, оян! Жассың ғой əлі», – деп сілкіп алғың келеді. Көздерінде от ойнап, жастық шақта жалындау керек. Əсіресе, ауыл жастарының потенциалы мықты болу керек. Ауылмен байланысымды үзбеуге тырысамын. Ауылдың адамдары мен үшін ең таза, ең адал жандар. Ауылды түсінбесең, халықты түсінбейсің. Əсіресе, лауазымды қызмет иелері ауыл-аймақты аралап, тəубесіне түсуі керек сияқты. Мені ынталандыратын – ауылдағы достарым. Арасында ұшақ түгілі пойызға отырмағандары бар. Олар үшін бұл асқақ арман іспеттес. Менің миссиям ауылдардың деңгейін көтеру деп ойлаймын.

Ұлан: Хоббиыңыз қандай?

Олжас Сүлеймен: Көбіне бос уақытым жоқ жəне болдырмауға тырысам. Спортпен айналысқанды жаным сүйеді. Күніне 7-8 шақырым жүгіремін. Дзюдо мен джиу-джитсумен айналысамын. Атқа міну – сүйікті ісім. Кітап оқығанды жақсы көремін…

Ұлан: Кітап демекші, қандай кітаптар оқисыз?

Олжас Сүлеймен: Теледидар қарап, ғаламторда отыратын адамдарды кітап оқығандар басқаратын кез алыс емес. Кітап оқыған өте маңызды. Ағам екеуміз бұзық болсақ та, əкеміздің «сабақты керемет оқымасаңдар да,кітапты міндетті түрде оқыңдар»  дейтін сөзін жерге тастаған емеспіз. Ең керемет əсер алған кітабым – І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы. Кей жолдарын жылап та оқығанмын. Тілі ауыр болса да «Абай жолын» оқуға тиіспіз. Сəбит Мұқановтың «Ботагөз» романын да сүйіп оқыдым. Кейіннен жазылған Ермек Тұрсыновтың «Мəмлүк» деген кітабы ұнады. Саясат жағынан «Из третьего мира – в первый. История Сингапура»  деген кітапты ұнаттым.  Шетел əдебиетінен көшбасшылық туралы көп оқимын. Бірақ, ондай кітаптардың ұнамайтын бір жері – өмірдің мəнін байлық, мансаппен өлшейтіні.

Ұлан: Екі жыл бұрын БҰҰ-ның ұйымдастыруымен «Көп тілдер – бір əлем-2015» дүниежүзілік шығармашылық сайысында қазақ тілінде баяндама жасадыңыз. Ол қандай жарыс жəне баяндамаңыз не туралы болды?

Олжас Сүлеймен: Шығарманы «Əлем азаматы» тақырыбында бағымды сынап көрмек ниетпен жаздым. Əр қазақтың əлем азаматы бола алатынын көрсеттім. Өйткені, біз кішкентайымыздан бірнеше ұлттың мəдениетін бойымызға сіңіріп өстік. Сондықтан қазақ азаматының  əлем азаматы болуы оңай. Бірақ əлем азаматын глобализацияландыру талабы қойылған. Мақсаты – бүкіл мəдениетті біріктіру, арада ешқандай шекара қалдырмау. Əр мемлекет бір-бірін тануы тиіс, тек мəдени құндылықтарын сақтап қалу керек. Біздің ерекшелігіміз айырмашылығымызда емес пе? Бəріміз бірдей болсақ, ештеңе қызық болмайды деген ойымды білдірдім.  Төрт мыңдай талапкердің ішінен жетпіс шығарманы таңдады. БҰҰ-да алты ресми тіл бар. Алла қаласа, қазақ тілі де сол деңгейге көтерілер. Қытай тілінде жазылған баяндаманы рұқсат етпесе де, қазақ тілінде оқуға бел байладым. Мінберге шығар алдында кеудеме көк туымыздың белгісін тағып алдым. Сахнада бісміллəмді айтып, қазақ тілінде бастадым.

Ұлан: Бізге уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет! Ісіңізге сəттілік тілейміз!

Əңгімелескен

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ

«Ұлан», №47

(22.11.2016)

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз