Ізінен аңыз ерген

АҒАЙЫНДЫ ЖОЛЖАҚСЫНОВТАР


Қазақ киносында Абай елінен келген екі ағайындының есімі ерекше аталады. Ол – мұқым елге «Бандыны қуған Хамит» ретінде танымал Досхан Жолжақсынов болса, екіншісі – Досханның туған інісі Ерік Жолжақсынов. Өнердің арғымағын ерте жастан ерттеп мінген екі ағайындының үлкені биыл пайғамбар жасында, кішісі елудің үшеуін еңсерді. Танымал адамдардың қайда туып, қандай тәрбие көргені, өнерге қалай келгені кімге болсын қызық. Бір шаңырақтан екі бірдей әртіс шығып, ел алдында жүрсе олардың өміріне, өнерге қалай келгендігіне деген елдің ынтызарлығы еселене түспек. Ағайынды әртістер жайлы мақала жазуға бізді жетелеген де сол ынтызарлық еді.

Араларында сегіз қызғалдақ бар

Досхан мен Ерік Жолжақсыновтар – Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданының тумалары. Күршімдегі Балықшы сынды құмды ауыл – ағайынды жігіттердің ауылдың шаңын аспанға көтеріп өскен жері.

Бір шаңырақтағы он перзенттің біреуі Досхан – ұлдың тұңғышы, ал Ерік – сол үйдің сүт кенжесі. АРАЛАРЫНДА СЕГІЗ ҚЫЗҒАЛДАҚ БАР. Қалидың шаңырағына Жаратқан алдымен Алмаш, Лиләш, Зинаш, Бағдат есімді төрт бірдей бұрымдыны беріп, төрт қыздан соң дүниеге Досхан келген екен. Досханнан соң Шәмшар, Ботагөз, Бақыт пен Жамал есімді тағы да төрт тақия тігерден кейін Ерік өмір есігін ашыпты.

Балалық шақты еске алғанда екі актердің есіне бірден түсетіні – әкелерімен бірге балық аулап, ау құрып, қыста қармақ салғандары. Әкелері Қали – аңшы, құсбегі болған адам. Өнерден де құралақан емес екен. «Әкем әнді керемет айтатын, домбы­раны да жақсы шертуші еді. Анамның да өзіне жарасатын әдемі үні бар бо­латын. Кейінірек үй шаруа­сымен отырып қалды, әйтпесе ұстаз болған адам. Әкемізге сәлем беру үшін алысжақыннан әншікүйшілер, ақындар келіп жататын. Біз туған үйСерке Қожамқұлов, Қамал Қармысов, Жүсіпбек Елебековтер келіп қонақ болған шаңырақ. Жүсекең тіпті менің әкемді астанаға алып кетемін деп әрекет етіпті. Партия, кеңес органдарында жұмыс істеп жүрген адам, қалай болғанда да партиядан жасқанады ғой. Әйтпесе әкем облысқа дейін барып, айтысқа қатысқан. Содан кейін «Партия қалай қарайдыдеген оймен ауылда қалған. Осы ортада өсіпөніп, әкеміздің домбырасын шерттік, мылтығын атып үйрендік. Қонақ келсе бізді отырғызып қояды. Сонда «Сөз тыңдасын, көкірегінде бірдеңе қалсын» деп отырғыза­ды екен ғой. Үйден қонақ арылмайтын. Қысқа бір жылқы, бір түйе сойылады. Сол жетпей қалатын», – дейді Досхан Жолжақсыновтың өзі.

Досхан

өнерге қалай келді?

Ағайындылардың екеуі де төртінші сыныптан интернатта оқыпты. Интернат­ екеуін де ерте есейтті, оң-солын тануына әсер етті десе болады.

Екеуі де халық әндерін әке даусымен бала кезден естіп өсті. Біржан мен Ақанның, Сегіз серінің әндері әке даусымен бұлардың құлағына бала кезден сіңісті болыпты. Мектепте оқып жүргендерінде көркемөнерпаздар үйір­ме­сінен қалмады. Жүргізуші де, спек­такльде ойнайтын да – осылар. Ән де сал­ды, биледі. Досханның ауданда өткен жарыстан бірінші орын алып, Өскеменде теледидардан көрінуге мүмкіндік алғаны бар. Бұл дегенің ол уақытта екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ. Қарагөз деген апайы қобыз тартатын, сол кісі мұғалімдер арасынан, Досхан оқушылар арасынан озық шықты. Бірінші рет қалаға келіп, мейрамханадан тамақтанып, телевизор дегенді алғаш көріп, біраз «көзі ашылып» қайтқанын актер бүгінде өткен күндердің тәтті естеліктерінің бірі ретінде айтып отырады.

Домбырасын арқалап жүріп ән айтып, күй шертсе де, Досханның әу баста Алматыға келген жолы басқа болған екен. «Қуаныш­қа орай, денсаулықтың арқасында оған бар­май қалып, Құр­манғазы атындағы өнер институтында марқұм, КСРО халық артисі Хадиша Бөкеева апамыз екінші топ қабылдап жа­тыр екен, 1969 жылы сол топқа қабыл­дан­ған 16-ның бірі мен едім», – дейді.

Еріктің өнерге келуіне Досхан неге қарсы болды?

«Мектепте оқып жүргенде боксер болам, дене шынықтыру институтына барамын дедім. Күндердің күні жездем келіп: «Мәскеуден келіп емтихан қабылдап жатыр екен, Өнер институтына барып көр», – деді. Бұл ойымды ағам құптаған жоқ. Актер боламын дегенімде: «Қайтесің әртіс болып, одан да КГБ-ға бар, милиция бол, инженер бол, бірақ өнерге жолама», – деп қарсы болды. Ағам гастрольде жүргенде айтпай емтихан тапсырып, 28 адамның ішінен байқаудан өтіп кеттім», – дейді Ерік.

Інісінің бұл сөзін ағасы былай деп жалғады: «Ол уақыт – менің өнердің оңай емес екенін түсініп қалған кезім болатын. Өнерді өзіңе кесіп-пішу де, жұлдызың жанып, жолың болу да оңай шаруа емес екенін ұқтым. Өзім көрген қиындықтарды, теперішті, алдырмас асуларды інімнің де көргенін қаламадым. Бірақ ананың сүті, әкенің қанымен келген өнерге деген сүйіспеншілік Ерікті де тыныш отырғызбады».

1982 жылы Алматы мен Медеу мұз айдыны жайлы «Қош бол, Медеу» фильмі түсіріледі. Бұл – Луначарский атындағы Мәскеу мемлекеттік театр өнері институтынының I курсында оқып жүрген Ерік Жолжақсыновтың ағасы Досханмен бірге ойнаған алғашқы фильмі. Ағайынды екі жігіт кинода да ағайынды жігіттердің рөлін сомдады. Кейін де ағайындылар бір фильмде тізе қосып ойнауға мүмкіндік алды. Тіпті, бертіндегі «Көшпенділер» фильмінде ағасы Жоңғар ханы Қалдан-Серенді сомдаса, інісі Барақ Сұлтанның рөлінде ойнады.

Екеуі бір-біріне бір ұқсап, бір ұқсамайды

«Алматыға бір көйлек, бір шал­бармен кел­дік. Бірақ көңіліміз тоқ, рухымыз бай болды», – дейді бүгінде алпыстың асқарына шыққан Досхан Жолжақсынов көз ұшындағы сол бір жалынды жылдарды еске ала.

Екі ағайынды бір-біріне бір ұқсап, бір ұқсамайды. Мінездеріне келсек, үлкені – серілікке, жиын-тойға, кішісі, керісінше мұңға жақын. Еріктің өз-өзімен оңаша қалатын сәттері көп. Сырт көз Ерік Жолжақсыновтың мінезін сұсты, суық деп жатады. Ойнаған рөлдерінің («Заман-ай» фильмінде – Атымтай, «Махамбет» фильмінде – Исатай, «Лавэ» фильмінде – Киллер) ылғи сұсты образдар екендігі де әсер ететін шығар.

«Екеуміздің де түсіміз қатқыл болғанымен, жанымыз жұмсақ. Өйткені, көпбалалы отбасында өстік. Бір-бірімізді жетелеп өсірдік десем өтірік емес. Жанашырлық, қолдың ашықтығы, жомарттық бізге отбасымыздан дарыған қасиет», – дейді Досхан Жолжақсынов. «Халыққа киноэкран арқылы таныс Досхан Жолжақсынов шынайы өмірде қандай?» дейміз актердің табиғатын танығымыз келіп, бұған: «Экрандағы Досхан Жолжақсынов пен өмірдегі Досхан Жолжақсыновтың ешбір айырмашылығы жоқ. Өмірде өте қарапайыммын. «Жұлдыздық кезең» ойымда болған да жоқ», – деген жауап естідік әртістен.

Кішісі поэзияға жақын екен. Жүрек жабыққан, көңіл қажыған сәттерде Ерік көбіне ақындардың өлеңіне жүгінеді. Пәлсафалық дүниелерді оқығанды ұнатады. Әуесқойлық деңгейде спортпен шұғылданатыны бар. Бұрын бокспен де айналысыпты.

Ал ағасының бос уақыттағы серігі – қазақтың қара домбырасы. Қолы қалт етсе отыра қалып, домбырасының құлағын бұрайды. Көңілі кірлеп, жаны жабыққан сәттерінде Біржанның «Теміртасын», «Ауыл қарттарын» айтады екен. Әрі жүйрік аты мен құмай тазысын ертіп, кешегі Біржан мен Ақандар сынды саятшылық құрып кететіні де бар. Бойына әртістікпен бірге әншілікті, күйшілікті, сал-серілікті сыйдырған Досхан Жолжақсыновтың кейде мына заманмен астаса алмай: «Өз заманымнан кеш туыппын. Біржан заманында туылуым керек еді», – дейтін сәттері де жоқ емес екен. «Жаным жабыққан сәттерде достарыммен сырласамын. Имекең (Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов), композитор Төлеген Мұхаметжанов, әртіс, театр режиссері Талғат Теменов ең жақын достарым», – дейді әртіс.

Өмірді қайта бастау мүмкіндігі берілер болса, екеуі де қайтадан өнер жолын таңдар еді

«Біржан сал» фильмінде «Арғымақтың аяғына тұсау салып, көк есекпен бәйге алған заман болды-ау» деп Біржан салдың айтатыны бар. Біржандар басынан өткерген сол замандағы алауыздық бүгінгі бағлан өнерде жоқ деп кесіп айта салуға тағы болмас. Ағайынды екі жігіттің өнер жолында кездескен кедергілері аз болмапты, өнерде теперіш пен таяқты да аз жемепті. Өнер жолының тек қызықтан, мақтау мен марапаттан, ылғи жеңістен тұрмайтынын ескерсек, бір әулеттен шыққан екі бірдей өнер майталманына өнердің бұралаң жолының оңай алдырмағаны анық. Бірі алпысты алқымдап, бірі елуді еңсерген әртістерден: «Өткенге бұрылып қарағанда не көресіздер? Егер адамға екінші рет өз жолын қайта таңдау мүмкіндігі берілер болса, өнерді таңдар ма едіңіздер?» – деп сұрадық.

«Егер өмірді қайтадан басынан бастау мүм­кіншілігі берілсе, мен осы өмі­рім­де­гідей Мәскеудегі өнер ин­ститутына оқуға барар едім. Себебі, мен өнерден басқа ештеңе көрмеймін, басқа нәрселерді қаламаймын да…», – дейді ағайындылардың кішісі. «Өнердің дәм-тұзын әбден алып, сіңіргеннен кейін, оның қандай Ұлы дүние екенін сезінгеннен кейін өнерден басқалай тірлік кешуім мүмкін емес», – деп қостады ағасы Досхан да.

Ерік Жолжақсыновқа қойыла-қойыла «жауыр» болған, тіпті Ерікті мезі еткен сұрақ: «Досхан Жолжақсыновтың інісі екеніңізге мақтанасыз ба? Ағаңыздың атақ-абыройын пайдаланған кезіңіз болды ма?» деген сауал екен. Бұған Ерік Жолжақсынов: «Ағаммен мақтанамын. Досханның інісі екенім хақ. Бірақ, ешуақытта оның атын жамылып, ағамның атақ-абыройын пайдаланған емеспін», – деген жауап айтумен келеді.

Демографияға қосқан үлестері де бірдей

«Ер адамның көңілі күніне жеті рет жетімсіреп, сегіз рет семіреді» деген сөз бар қазақта. Өнер адамының жаны қашанда нәзік, сезімтал. Шабытпен бірге лап етіп көтеріле кететін көңілі, қандай да бір қағажу, теперіш көргенде, кейде сомдайтын рөлінің иін қандыра алмай, образ шығара алмай қиналған тұста ылдиға бірақ құлдырайтын тұстары бар. Мұндайда актердің жанын түсінетін, өнерді түсінетін жар болмаса қиын. Ағайындының екеуінің де өмірдегі жары өнердің ауылынан алыс емес екен. Досхан Жолжақсыновтың жары атақты жазушы Асқар Сүлейменов пен қоғам қайраткері Алтыншаш Жағано­ваның қызы, әнші Қарагөз Сүлейменова.

Еріктің таңдап алған жары –

Қымбат Рамазанқызы да әртіс. Екеуі Мәскеудегі Өнер институтында бірге оқып, бірге бітіріп, бір уақытта театрға жұмысқа орналасыпты.

«Демографияға қайсыңыз көбірек үлес қостыңыз?» – деп сұрадық ағалы-інілі екі актердан. Бұл жағынан да екеуі бірінен бірі оза кетпепті. Досханның шаңырағында екі ұл, бір қыз, Еріктің ошағында екі қыз, бір ұл желкілдеп өсіп келеді.

P.S. Інісі жайлы айтқанда Досхан Жолжақсынов «Ерігім» деп елжіреді. «Ерігім бала күнінде сүп-сүйкімді, сап-сары бала болатын. Бүгінде елуді еңсеріп, ата болар жасқа жетсе де, Ерігім мен үшін әлі сол үйге кісі келсе үстелдің астына кіріп алып, қонақтардың табанын қытықтап ойнап жүретін бала сынды» дегенінде актердің жүзінен әлдебір ризашылықты, ініге деген ерекше мейірімді байқадық.

«Алдымда сегіз әпкем болса да, Досхан ағамның орны бөлек. Бала күннен ағамның атына кір келтірмеуді мақсат тұттым. Санамда қалыптасқан сол бір мұрат әлі күнге көңілімде көмескіленген емес», – дейді Ерік те.

«Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» деген қазақтың мақалы бекер айтылмағанына ағайынды актерлердің осы әңгімесінен соң тағы бір көз жеткіздік десек болады.

Қарлыға ИБРАГИМОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз