Белгілі адамның белгісіз қыры

АЯЛДАМАДА TУFAH ОЙ ТОЛҚЫНЫ

Қоғам өмірінде атақты математик Асқар Жұмаділдаев араласпайтын сала жоқ. Ағамыздың белсенділігі қайран қалдырады. Жасөскінге үлгі етер істері көп. Жақында ол кісінің өлең жазатынын естіп, тағы тәнті болдық. «Өлең жазбайтын қазақ жоқ» деседі, бірақ математиктің жөні бөлек енді. Оқып көріңіз.

Eкi минуттық принцип

Бас конструктор, академик Королев қызметкері ойын екі минутта айтып жеткізе алмаса «идеяң не шала, не дұрыс емес» деп қайтарып жібереді екен.

Дәу қақпаға дөп кірмейтін қандай ойын?

Таусыла ма мылжыңы көп жиын-тойың?

Төрт тағанмен айтылмайтын қандай өлең –

Екі минут сөзге сияр жоқ-ау ойың.

Лопиталь әдiсi

Жер байлығың – ең алғашқы капитал,

Ұзақ жолды қысқартатын

Лопиталь1.

Нарық деген көк базарға шықсаңыз,

Балаларға ақыл деген кәмпит ал.

Мықтымбайдың билік құруы

Екі аяқты бip етікке бipre тықтың,

Билiктi жасай алмас кейбiр мықтың.

Кұйрықтан бip-ақ тептi сенен күштi,

Есіктің сыртын cүртіп бip-aқ шықтың.

Аялдама — бір дәуірге ескерткіш

«Алпыс бірің» ырғатылып келеді,

Аялдама – өлең сөздің елегі.

Автобусқа симай қалдым тағы да,

Болмай қалды қағаз-қалам керегі.

Шабыт деген шапан емес ілетін,

Қауын емес қызтілік қып тілетін.

Аялдама – өмірімнің куәсі,

Ленин ата көзін қысып күлетін.

Аялдама – бір дәуірге ескерткіш,

Қапа көңіл баладайын тез кеткіш.

Тартып алып, қайта берген көйлегің,

Құлдық сана қоздыратын тездеткіш.

Жарты өмір өткен екен күтумен,

Ақсақ ойды қайта-қайта түтумен.

Құдай қылып сыйынатын төріңе,

Қасқа бас пен қаба сақал түтумен.

Келесіні күте-күте көз талды,

Суық күнде шабыт қоймай сөз алды.

Қыстырылып, қымтырылып мінетін,

Автобуста талай арман сөз қалды.

***

Орыстан ұлы ғылым қалай көрмек,

Тек қана үйренгенің болса шөлмек.

Мың қазақ бір бөтенмен араласса,

Өзге тіл шүлдірлесіп шыға келмек.

Бар әлем мықтыларын білмек керек,

Алтынды құмнан бөлер қажет елек.

Өзіңнің асылдарың ұмыт қалса,

Жуынды төге салар болдың шелек.

Тіліңді сыйламаса «кешір» дегін,

Ондайға қайық болып есілмегін.

Абайдан үш-төрт ауыз сөз білмесең,

Қазақ боп еш уақытта есірмегін.

Математиктің жыр жазуы

Қызға бармай таза боп,

Өткеніңнен не ғайып?

Сөзің кетсе қаза боп,

Оқылмаса не айып?

Көп ойланып жазғаның,

Біреу білу міндет пе?

Жерден жоқты қазғаның –

Кеткені де күн текке.

Омар Хаям бабаңның

Кей сөзіне құлақ сал.

Отқа күйіп табаның,

Қыл көпірден құлап қал.

Хор қызынан қорықсаң,

Жұмақ саған не керек?

Келмей жатып торықсаң,

Шабыт саған не демек?

Қырт екен дер қияли,

Зорға шыдар сын сағат.

Қағаз жаңарт, сияны үй,

Қалай ұшар жыр қанат?

Қағаз көптен алайда,

Пайда болмай, зиян жоқ.

«Әль-джебрмен»2 маңайда

Алынбайтын қиян жоқ.

Сұрап келіп түйені,

Бие алар әдіс бар.

Әль-Хорезми киелі,

Шабыт берер шабыс бар.

Формулалар жаңбырдай,

Шелектетіп құяды.

Кетер ме деп қандырмай,

Қалам ойды қияды.

Бөтен ойды нөсер тез,

Түкпіріне тығады.

Өлең болып көсем сөз,

Содан кейін шығады.

***

Жерің болса кетпен шауып тер төгер,

Су тамызсаң жарты кесе күнде егер,

Еске салар орман қалса жайқалып,

Өміріңді бос өтті деп кім сөгер.

Жас шыбықтар көрінсе егер қылтиып,

Терең кетсе тамырлары тұңғиық.

Ну орманға бір айналса бұл қазақ,

Бар дауылда тұра берер былқиып.

***

Елдерің де түрлi-түрлi болады:

Қораз құсап биік ағаш қонады.

Мекиендерін бет-бетiмен жiбермей,

Бip елдері айналаны шолады.

Бip елдерде таң атқаннан билейдi,

Билегенде ешбір лыпа кимейдi.

Бip шеге де жасай алмай тұрса да,

Ақыл күшін садақ қылып имейдi.

Бip елдерде мылжыңдауды ұнатар,

Мылжың сөзбен таң атырып, күн батар.

Бip гайканы бұрау үшін бас жетпей,

Бөтен жасар деп көңілін жұбатар.

Бip елдер бар бөспелікке әуес тым,

Yріккенде артта қалар тау ешкің.

Білмесеңіз екі жерде екіні,

Бұдан артық бола қоймас жау ешкім.

Дүниеде ондай елдер аз емес,

Он екі айдың бәрі бірдей жаз емес.

Бос секең мен бос мылжыңды қойыңыз,

Ақылдының бәpi бiрдей таз емес.

Бip шалдың бизнесi

Кеше ғана мыңғырған малың қайда?

Балаларың, мал баратын шалың қайда?

Сауатсызға бата оқып, бал ашады,

Осы дейді оңай ақша, қалың пайда.

Аман қалу – сатқындық па?

Израиль әскери жарғысында террористердің қолына түсе қалсаң жаудың бар сұрағына жауап бер, бар құпияңды айт, солдаттың кішкентай отаны алдындағы ең бас міндеті – аман қалу деп түсіндіріледі екен.

Қолға түспе, түсе қалсаң қайрат қыл,

Ақылменен, ақылменен айбат қыл.

Аман қалу – ең бірінші мақсатың,

Қасарысты ақымақтарға байрақ қыл.

2Әль-джебр — «алгебра» сөзінің төркіні. Әль-Хорезмидің «Хисаб әль-джебр уал-мукабала» кітабы атынан.

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз