Безбен

Ата-анаммен түсінісе алар емеспін

Сәлеметсің бе, «Ұлан»?

Мен де басқа оқушылар секілді сүйікті газетіммен сырымды бөлісіп, кеңес алсам деймін…

Менің әкем қаталдау кісі. Әкем де, анам да мені көп түсіне бермейді. Маған көп ұрсады. Ал сіңлілеріме дауыс көтермейді. «Үйдің үлкені болғасын сөйтетін шығар» дегем…

Орта сыныптарда оқып жұргенде «қызды қатал ұстаған дұрыс» деп ата-анамды түсінетінмін. Биыл жоғары сыныпқа көшкелі бұл ойым өзгерді. Ойыма қайдағы бір сұрақтар келіп мазалайды. Тіпті: «Мен асырап алған жоқ па екен осы?!» – деп те күдіктенемін.

Менің достарым кешкісін далада серуендейді. Ата-анам маған: «Қайда барасың? Үйде отыр, ешқайда бармайсың?» – деп отырғызып қояды. Сұранбай кетіп қалсам, ұрсып, шапалақ та жегізеді. Ата-анамды мүлде түсінбей барамын. Олар өз заманы мен қазіргі уақытты шатастырып алды ма әлде? Қазіргінің баласы мүлде өзгеше ғой. Біз қазір өмірімізді қуанышты-қызықты өткізбесек, қашан өткіземіз? Кейбіреулер студенттік шақтың қызықты болатынын айтады. Бірақ оқушы кезіміз де еркін, мейірімге толы болуы керек қой…

Сүйікті «Ұланым», ата-анамнан ұрыс естімес үшін не істеуім керек? Кеңес берші.

Т.С.

Ақтөбе облысы.

Бұл хатқа Алматы қаласындағы республикалық психиатриялық, психотерапиялық және наркологиялық ғылыми-практикалық орталықтың психологы Жұлдызай Әлиева жауап береді.


Ұстамды болуға тырысқан жөн

– Оқырманның хатына бірден кесімді жауап айту қиын. Біріншіден, біз одан шалғайдамыз, қасында тұрған жоқпыз. Яғни, хат жазушының дәл қазіргі жағдайын білмейміз. Екіншіден, қыздың әке-шешесінің жасы нешеде, әлеуметтік жағдайы қандай, баланы неліктен қаталдау ұстауға тырысады – осының бәрі ескерілуі керек. Демек, хатта ақпарат өте аз. Дегенмен ақпарат аз екен деп сырт қалуға, бұл мәселеге бей-жай қарауға тағы болмайды.

Қазір барлық нәрсе тез дамып жатыр. Технология дамуы қарыштап алға басуына орай, адамдар да тез, ерте жетілуде. Бұрын ауыспалы кезеңді 14-16 жас аралығы дейтін болсақ, қазір бала 9-10 жасында-ақ көп нәрседен хабардар болады. Хаттан байқағанымыздай, қыз бен әке-шешесі арасында жақсы байланыс жоқ. Жасөспірім қыз көбінесе ішінен тынатын сияқты. Өмірге өзіндік көзқарасы қалыптасып келе жатқан жас үшін бұл өте ауыр. Әке-шешесінің тыйып тастауы, еркіндік бермеуі оның ішкі талпыныстарын шектейді, булықтырады. Сөйтіп, ол түрлі ойларға беріледі, өзінше жауап іздейді, ішінен қиналады. Тіпті қиялынан әке-шешесіне қатысты бір нәрселер де тудырып алуы мүмкін. «Мүмкін мені асырап алған шығар» деген қаупі де сондай ойлардан туындайды. Бүйте берсе, бала өзінің ішкі «менін» жоғалтып алуы да ғажап емес. Бірақ күндердің күні осы қиналыстардың бәрі сырттан көрініс береді. Ол көріністің жақсы да, жаман да жақтары болуы мүмкін. Сондықтан осы хатты жазған сіңліме ішкі рухани тепе-теңдігін бұзып алмас үшін мынадай екі кеңес бергім келеді:

1. Мүмкін болса, өз жайын мектеп психологына немесе сынып жетекшісіне, ең бастысы, өзі сенетін жанға ақтарылып, ішкі жан тебіреністерін шығарғаны дұрыс. Психолог жоқ болса немесе сынып жетекшісіне ақтарыла алмайтын болса, өзіне жаны ашитын, түсіне алатын адаммен сыр бөліскені жөн. Егер ұзақ уақыт жан күйзелістерін сақтай беру алға ұмтылыстарына кедергі болады. Сондықтан созып жүріп бермей, әрекет жасауға тырысу керек. Мұндай болмаған жағдайда, тұлғаның мінез-құлқында өзгерісьтер пайда болуы мүмкін.

2. Тіпті болмаған жағдайда өзінің арман-мақсаттарын, алға қойған жоспарларын, талап-тілектерін қағаз бетіне түсіріп, нақтырақ айтсақ, күнделік жазғаны дұрыс болады. Уақыт өте келе өз жазғандарын қайта оқып шығар болса, жаңа ой түйіп, ары қарайғы қадамы, не істеу қажеттігі, шешім қабылдауы анығырақ болады.

Сырттан баға беру, көрмей-білмей шешім айту қиын. Сондықтан Т.С. барынша сабыр сақтап, тез ашуға берілмей, өзін-өзі ұстамдылыққа бағыттауы керек. Олай болмаған жағдайда, адам эмоциялық күйде кез келген аффектіге беріліп, не істеп, не қойғанын білмей қалып, не болмаса депрессиялық күйге түсіп кетуі де мүмкін.

Бетті дайындаған Естен Байби.

(“Ұлан”, №39. 27.09.2011)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз