Ақ сандық, көк сандық
АТАМА ТАРТҚАН АЛҒЫРМЫН
Мені жұрттың бәрі «атасының баласы» дейді. Атамның есімі – Ауғанбай. Ол кісі бүкіл Маңғыстау өңіріне танымал. Ертеректе жауапты қызметтер атқарған. Талай адамға қол ұшын беріп, көмектескен екен.
Атам биыл жетпіске келді. Бірақ әлі тың. Мұның сыры – атамның спортты жастайынан серік еткендігінде. Атам – спорт шебері. Еркін күрестен республика чемпионы болған. Қазір де спорттан қол үзген жоқ. Күнделікті дене шынықтыру жаттығуларын жасайды.
Мен де атама тартқанмын. Атам сияқты спортқа құштармын. Қазір бокс үйірмесіне барып жүрмін. Спортпен айналысқан адам күшті әрі сергек болады. Содан шығар, оқуда да үздікпін. Сабағымды кілең «беске» оқимын. Мектептен жақсы баға алып келсем, атам мен әжем қатты қуанады. Басымнан сипап, баталарын береді. Мен ол кісілерді өте жақсы көремін. «Аман-есен қасымда жүре берсе екен!» деп тілеймін.
Нұраман Тұмаш,
Ы.Алтынсарин атындағы  орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Бейнеу ауданы,
Маңғыстау облысы

«КҮЙСАНДЫҚ» СӨЗЖҰМБАҒЫ


1. Оқу құралы. 2. Дәнді дақыл.3. Үй құсы.4. Еліміздегі қала.5. Жеміс.6. «Ас атасы – …» 7. Ұлттық аспап.

8. Жыл мезгілі.   9. Аң.
Құрастырған Ангияр ӘЛТАЙЫРҚЫЗЫ,
К.Байсейітова атындағы музыкалық мектеп-интернаттың 1-сынып оқушысы.
Алматы қаласы

Жауаптары. 1. Кітап. 2. Жүгері. 3. Үйрек. 4. Астана. 5. Алмұрт. 6. Нан. 7. Домбыра. 8. Жыл мезгілі. 9. Қонжық.

ШИЕ  САЛЫНҒАН ЫДЫС
(қисынды есеп)
Үстелде шие салынған 3 әйнек ыдыс бар.
Балақай солардың біріндегі шиені жеп тауысып, бос ыдысты орнына қайта қойды.
Үстелде қанша әйнек ыдыс қалды?

АНАМА
Мен өскенде ақын болғым келеді. Сіздерге анама арнап шығарған өлеңімді жолдап отырмын.
Анашым – менің айбыным,
Көктегі жұлдыз, ай-күнім.
Баспасыншы ешқашан
Қабағыңды қайғы-мұң!
Диас Нұрәбілдә,
А.Нүсіпбеков атындағы орта мектептің 4 «А» сынып оқушысы.

А.Нүсіпбеков ауылы,
Райымбек ауданы,
Алматы облысы

ТУҒАН ЖЕРІМ
Менің туған жерім – Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Жарсу ауылы. Туған жерімнің табиғаты тамаша. Ауасы таза, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, суы мөлдір…
Қазір мен Алматыда оқып жүрмін. Үлкендер: «Туған жердің қадірін шетте жүргенде білесің», – деуші еді. Сол рас екен. Ауылымды, ата-анамды, алғашқы ұстазым Гүлшат апайды, сыныптастарымды қатты сағынып жүрмін.
Аружан САҒАТБЕК,
А.В.Селезнев атындағы хореография училищесінің оқушысы.

Алматы қаласы

(«Ұлан», №14. 10.04.2012)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз