Апталық басылымдардың бірінде Алпамыс батырдың өмірде болған, өзіміздің Шиелі ауданында туғаны жайлы жазыпты. Осы рас па?

Фарида СЕЙІТҚАЛИ, 8-сынып оқушысы.

Шиелі ауданы, Қызылорда облысы

– Алпамыс батырды «Алпамыс батыр» жыры арқылы жақсы танимыз. Бұл жыр алғаш рет 1899 жылы «Қисса-и-Алпамыш» деген атпен Қазан қаласында жарыққа шықты. Қорқыт ата кітабында да «Алып Бамсы» деген жыр бар. Сол Алып Бамсы – біздің Алпамыс батыр.

Енді «Алпамыс батыр тарихта болған адам ба?» деген сұраққа келейік. Тарих беттеріне үңілсек, Алпамыстың шамамен б.з.б. 110-50 жылдары өмір сүргені, қоңырат тайпасынан шыққаны, атақты қолбасшы болғаны жайлы айтылады. Алайда, батырдың тұлғасына қатысты тарихи деректер әрқилы. Бір ғалымдар «Алпамыс пен Манас – бір адам» десе, тағы бірі «Алпамыс батыр Бумын қағанның нақ өзі» дегенді алға тартады.

Батырдың туған жері жайлы да нақты мәлімет жоқ. Деректерде Алпамыстың қазіргі Жиделі-Байсын аймағында ғұмыр кешкені айтылады. «Алпамыс батыр» жырында да осы жерлер туралы мәлімет бар. Енді бір қызығы, Қызылорда облысының Шиелі өңірінде Жиделі және Байсын деген жер-су атаулары бар екен. Тарихшыларымыз Алпамыс батыр осы аймақта өмір сүруі мүмкін деген деректер келтіріп жүр. Алайда, бұл нақты мәлімет емес, болжам ғана.

Айтпақшы, жуырда ғана Шымкент қаласында Алпамыс батырдың еңселі ескерткіші бой көтерді. Ашылуына қатысқан танымал ақын Темірхан Медетбек рухты ескерткішті көріп, қатты шабыттаныпты. Ескерткішке қарап тұрып, Темірхан аталарың былай деп толғаған екен:

…Паһ, шіркін-ай, шіркін-ай,

Алпамыстың өзін айт!!

Қиыр шексіз далаға

Шамырқанып шаншылып,

Қарап тұрған көзін айт!

…Дәл осы бір сәтте мен,

Тұтас дәуір, ғасырмын!

Қанаттанып шаттықтан,

Дария боп тасындым!

Оңтүстік Қазақстанда ұлтымыздың айбат-рухына айналған Алпамысқа ескерткіштің ашылуы талай адамды сүйсінткені рас. Негізі, Алпамыс батыр аңыздан туған кейіпкер емес.

Дайындаған Әбу НАЗАР

(«Ұлан», №16. 22.04.2014)

2 ПІКІРЛЕР

  1. Өзбекстанның Қашқадария облысында Жиделі Байсын деген аудан бар сонда батырдың ескерткіші бар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз