photo_199535

Жуырда əлеуметтік желіде арқан тартыс сайысы кезінде болған оқиға көптің көңілін сүйсіндірген еді. Оралдық Айбатыр есімді баланың өз тобы үшін жанкешті күй кешкен сəтін, тіпті, Ресейдің арналары да таңдана хабарлап жатты. Намысқа тырысып, топтағы балаларға жігер бере айғайлап, кейде жылап та алған Айбатырды Орал елі де нағыз батыр деп марапаттап, облыс əкімі сый-сияпат табыстаған болатын. Алматыдағы телеарналар да батыр бауырымызды сонау Оралдан алдырып, арнайы бағдарлама жасады. Осы кезде Айбатырды біз де редакциямызға қонаққа шақырдық…

Ұлан: Ал, батыр, қай ауылдансың? Өзіңді таныстыршы…

А.Мырзабеков: Мен Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы, Екінші Шежін ауылында тұрамын. Шежін орта мектебінің 7-сыныбында оқимын.

Ұлан: Ауылда спортпен шұғылданатын балалар көп пе? Қандай спорт түрімен көп айналысасыңдар?

А.Мырзабеков: Ауылда еркін күрес, футбол, қол күресі,баскетбол, волейбол сияқты спорт түрлерімен шұғылданамыз.

1030199934

Ұлан: Бəрекелді! Негізгі əңгімемізге көшейікші. Сенің танымал болуыңа себеп болған жарыс не жарыс еді? Қай жерде өтті?

А.Мырзабеков: Петропавл қаласында болды. 12-14 жас аралығындағы балалардың «Мен – жеңімпазбын» деген жарысы. Жарыс эстафета, жүгіру, дөңгелектен айналу, арқан тарту сияқты турлардан өтті.

Ұлан: Топтағы балалар өзіңнің ауылдастарың ба, əлде басқа ауылдың балалары ма?

А.Мырзабеков: Өзімнің ауылдастарым. Біз бірінші ауданнан, одан кейін облыстан бірінші орын алдық. Содан кейін республикаға жолдама алдық.

Ұлан: Республикадан орын алдыңдар ма?

А.Мырзабеков: Орын ала алмадық.

Ұлан: Бірақ қазылар сенің ерлігіңді ескерді ғой?

А.Мырзабеков: Иə, велосипед берді. Жарыстың «Суретке түсу» бөлімінде ең көп лүпіл жинағаным үшін сөмке берді.

Ұлан: Осы əлеуметтік желіде атың шықпас бұрын жəне одан кейінгі өміріңде көп айырмашылық болған шығар, иə?

IMG_7471

А.Мырзабеков: Мен мұндай танымал болам деп ойламадым (күліп). Ауылдағылар қуанып жатыр. Көрген жерде бəрі «жарайсың, алға қойған мақсатыңа жет» деп жүр.

Ұлан: Қарсыластарың өзіңнен үлкен сияқты көрінді. Əдейі ірі жігіттерді əкелген-ау…

А.Мырзабеков: Олар да 12-14 жас аралығындағы балалар. Олар бізді ұтамыз, ұтып тұрмыз деп ойлаған. Сол үшін əлсіздік танытып қойған сияқты. Өзім топтың ең кішісімін. Топта туған ағам Айжарық та болды. Бізді мұндай жарыстарға Амангелді Рысқалиұлы деген ағайымыз апарады.

Ұлан: Мұнда күштің көбі саған түсті-ау деймін?

А.Мырзабеков: Алдыңғы екі жəне артқы екі адамға көп күш түседі. Мен ең артта, арқанның ұшынан ұстап тұрдым.

Ұлан: Оқу үлгерімің қалай? Қай пəнге көп қызығасың?

А.Мырзабеков: Озат оқушымын. География пəніне қызығамын.

Ұлан: Болашақта осы салаға барғың келе ме?

А.Мырзабеков: Оны алдағы уақытта шешемін.

Ұлан: Арманың қандай?

А.Мырзабеков: Күрестен əлем чемпионы болу.

Ұлан: Қазір де жетістіктерің көп сияқты…

А.Мырзабеков: Аудандық, облыстық жарыстардан жеткен жетістігім көп. Республикаға да шығып жүрміз. Футболдан Семейдегі жарысқа барғанбыз. Мен шабуылшымын. Спорттан бөлек мəнерлеп оқудан да жүлделі боп жүрмін.

Ұлан: Бəрекелді! Тағы қандай өнерің бар?

А.Мырзабеков: Кейде өлең шығарамын.

Ұлан: Ой, бəрекелді! Қане, бір өлеңіңнен үзінді оқып берші…

А.Мырзабеков: Қан майданда соғысқа да қатысып,

Аталарым соғысыпты қан қысып.

Тəуелсіздік үшін олар  қан кешіп,

Азаттықты алып берді мəңгілік.

Ұлан: Бəрекелді! Арманыңа жете бер, батыр!

 

Айбар МЫРЗАБЕКОВ, Айбатырдың ағасы:

– Атамыз төңірекке танымал балуан кісі болған екен. Арғы атамыз Мырзабек те өте намысшыл, жігерлі кісі болған. Бүкіл ел сүйсінген Айбатырдың кешегі ісі де сол атамыздың қанынан болғасын шығар. Атам ашаршылық кезінде егін егіп, тірнектеп жүріп бүкіл ауылды аштықтан аман алып қалыпты. Ауылдың үлкен кісілері мұны жиі айтып отырады.

Үйде 4 ұлмыз. Үлкен ағамыз Айдос екі інімді спортқа баулып жүреді. Менің спортқа онша ебім жоқ, ғылымға көп мəн беремін. Əкем де бізді еңбекке ерте жастан үйретті. Там соғу, шөп тасу сияқты ауылдың тіршілігіне ерте араластырды. Міне, осыдан соң Айбатырдың табиғи күштілігі де бар.

 

Дайындаған

Теміртас БІРЖАН

«Ұлан», №48

29.11.2016

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз