Кішкентай кейіпкерлер

Гүлнар Досматова, актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Абдолла ағаны «әке» деуші едім…

Алғаш рет көрермен Гүлнар Досматовамен «Даладағы қуғын» фильміндегі Әйгерім рөлі арқылы танысқан еді. Жетім қыздың рөлін шебер ойнаған Гүлнар осы фильмнен кейін өнердегі өз жолын ашқандай болды. Көптеген киноларға шақырту алды. Шытырман оқиғалы фильмдер мен қызықты отандық сериалдарға түсті. Осылайша, жылдар өте актриса әр қырынан танылды: теледидарда – жүргізуші, сахнада әнші, биші де бола білді.

Жақында актрисамен оның кәсіби жетістігіне жол ашқан «Даладағы қуғын» фильмі жайлы әңгімелескен едік.

Ұлан: Бала кезіңізде кім болуды армандадыңыз? Жалпы, киноға қалай келдіңіз?

Гүлнар Досматова: Мен бала кезімнен актриса болуды армандадым. Шүкір, арманым орындалды. Бәлкім, тағдырдың сыйы шығар, аса қатты қиындық та көрмедім. Кейде «өмірімнің сәттілігі өз ісімді жақсы көргендігімнен болар» деп ойлаймын. Жүрегім ұлы ұстазым Абдолла Қарсақбаевқа деген шексіз алғыс пен махаббатқа толы. Себебі, ұстазым кино деген ғажайып әлемге жол сілтеді. Жауапкершілікті талап ететін, салмақты Әйгерім рөліне еш тәжірибесі жоқ, он екі жасқа енді толған жеткіншекті бекітті. Ұстаздың сенім, үміт артқанын сол кезде-ақ сездім. Сенімді ақтау үшін бар күш-жігерімді жұмсадым. Меніңше, ұстазымның үмітін ақтағандаймын. Отыз жыл ішінде 20-ға жуық кино мен сериалдарға түстім. Түрлі рөлдерім үшін «Ең үздік әйел рөлі», «Ең үздік актриса» деген аталымдарға ие болдым. Ең бастысы, халықтың ықыласына бөлендім.

«Даладағы қуғын» фильмінің түсіру тобы Әйгерім рөліне лайық қыз іздеп, біз демалып жатқан лагерьге келді. Балалар арасында іріктеу жүргізді. Режиссердің көзіне түсу үшін өлең оқып, ән салып, би де биледім. Сонда Абдолла аға көмекшісіне: «Енді кейіпкер іздеудің қажеті жоқ», – деп сыбырлаған-ды. Мен үшін ұстазым көп нәрсеге шыдады. Түсіру тобы: «Сценарий бойынша бойжеткен мен жас жігіт арасында сезім туындайды. Ал мына таңдаған кейіпкеріңіз бесіктегі бөбек қой. Мұныңыз не?» – деп талай рет айтқан-ды. Бірақ ұстазым алған бетінен қайтпады. Абдолла аға Әйгерімді басқаша, жарқыратып шығарғысы келді. Ол солай жасады да. Өйткені, жоспар бойынша, кейіпкердің бұрымы ұзын болу керек. Ал фильмде менің бұрымым қысқа әрі екі шеті өріліп, жайылып жүреді. Бір қызығы, мұндай сән үлгісі қазақ қыздарында жоқ болатын.

Менің екі әкем бар. Бірі – өмірге әкелген, асқар тауым, туған әкем Абдолла болса, енді бірі – өмірде өз орнымды табуға жол көрсеткен Абдолла Қарсақбаев. Тіпті, ел арасында «Абдолланың алты перзенті» деген сөз бар ғой. Олар – Нұржұман Ықтымбаев, Нұрлан Санжар, Досхан Жолжақсынов, Гүлнар Досматова, Болат Қалымбетов және қырғыздың халық әртісі Әшір Чокубаев. Бәріміздің кинодағы әкеміз бір, ол – Абдолла Қарсақбаев.

Ұлан: Сіз фильмде әкеңіз Бексейіт Мүкеевті өлтірген банды Ахметті атып тастайсыз. Мылтық ұстауға жүрексінбедіңіз бе?

Гүлнар Досматова: Әрине, қорықтым. Бірнеше күн мылтықтың даусынан шошыдым да. Осы сюжетті орындау кезінде қызық оқиға болды. Хамиттің рөліне Досхан мен Жамбыл Құдайбергенов екеуінің біреуі таңдалуға тиіс еді. Хамитті – Жамбыл, Ахметті Досхан ойнап, екеуі төбелесетін эпизодқа келіп жетті. Мен Ахметті үйдің ішінде атып, Хамитті құтқарып, қолындағы әкемнің сағатын алуым керек. Содан мылтықты әкелді. Бірақ «алдымен актерге емес, тақтайға атып көрелік» деген шешімге келдік. Абдолла аға тақтай қойғызып, екі метр жерден атып кеп жіберді. Тақтай тесіліп қалды. Тағы да атты. Тағы да тесілді. Аға ашуланып, мылтықты лақтырып жіберді. Сөйтсек, мылтыққа жауапты адам оқ-дәріні киізге қалың етіп орапты. Шүріппе басылып, қысыммен тұтанған дәрі киізді күйдіріп, бұрынғысынан да күшейіп кеткен. Егер Абдолла аға мылтықты тексермей, қару менің қолыма түскенде… Құдай сақтады… Не боларын ешкім де білмейтін еді.

Ұлан: Фильмдегі бір эпизодта Хамитке «айтысқа барайықшы, жалғыз бармаймын» деп назданасыз. Осы қимыл-әрекетті шынайы шығару 12 жастағы жеткіншекке қиын болған жоқ па?

Гүлнар Досматова: Абдолла аға Әйгерімнің жүріс-тұрысын, іс-қимылын көрсетіп беретін. Десе де, кейбір қимыл-қозғалыстар қиынға түсті. Мысалы, фильмнің соңында Хамит менің артымнан жүгіріп, қолымнан ұстайтын сәттері бар. Досхан менен үлкен, аға деп қабылдаймын. Содан болар, ол жақындаса болды, жылап қоя беретінмін. Ал Абдолла аға: «Экранда екеуіңнің сезімдеріңді көруім керек», – деп күш беретін.

Ұлан: Ал бандыдан қашып, тау-тасты қалай араладыңыздар?

Гүлнар Досматова: Жалпы Абдолла ағаның барлық киносы сыйлықсыз қалмаған. Өйткені, адал көңіл, ашық ойдан туындаған шынайы дүниелер. Сол үшін де ел аузында ғой. Мысалы, қарапайым ғана 1-2 минуттық эпизодты жасанды түрде түсіруге де болар еді. Бірақ аға олай еткен жоқ. Біз Хамит екеуміз тау-тасты күннің ыстығына қарамай, аралап, жүгірдік. Қанша уақыт жүгіргеніміз есімде жоқ. Шаршап, құлауға әзер қалғанда, Абдолла аға түсіруді бастайтын.

Фильмнің жүгін Хамит көтеріп тұр. Хамит рөлін тамаша сомдаған Д.Жолжақсынов аттан құлап, мертігіп те қалды. Құдіренің Хамитті қолға түсіріп, қол-аяғын байлап, атқа жегіп, қинайтын тұсы есіңде ме? Оны құтқаруға халық жүрексінеді. Осы аралықта Досханның аяғына тікен кіріп, қолын арқан қиып, біраз қиналған еді.

Ұлан: Сіз үшін кино деген не?

Гүлнар Досматова: Кино – менің өмірім. Бүкіл жастығым, арманым да киномен байланысты. Бұрын отбасымызда әке-шешем, бауырларым барлығымыз жиналып, өлең айтып, әр түрлі көріністер қоятынбыз. Содан болар, киноға деген қызығушылық қаныма қатты сіңіпті. Арманға жету үшін бәрін де «өте жақсы» деген бағамен бастап, аяқтағанды жөн көремін. Мектепті алтын медальмен бітіріп, Қазақ Мемлекеттік университетінде филология факультетінде оқыдым.

Ұлан: Бүгінгі жастардың киноға қызығушылығын қалай бағалайсыз?

Гүлнар Досматова: Көңілім толады. Егер халықтың ықыласы, ынтасы болмаса, біз кино түсірмес те едік. Мәселен, соңғы үш жыл көлемінде кинопрокаттағы отандық картиналар саны 3 есе, қазақ киносының көрермендері 6 есеге өскен. 2007 жылы отандық фильмдерді 200 мыңға жуық көрермен тамашаласа, былтыр бұл көрсеткіш 1 миллион 300 мыңға жеткен. Демек, кино өндірісі, мәдениеті жетілуде.

Бірде актер Асаналі Әшімов, театр сыншысы Әшірбек Сығай екеуі пойызбен жолға шығыпты. Содан бір ауданға тоқтап, демалып тұрса, топ студент актерді танып, қолтаңба алуға ұмтылыпты. Олардың білімін тексермек болған Асанәлі аға Әшірбек ағаны нұсқап: «Анау тұрған – Мұхтар Әуезов, содан қолтаңба алыңдар», – депті. Әлгі студенттер Әшірбек ағадан қолтаңба алыпты. Бұл жерде жастардың сауатсыздығы көрініп тұр. Сонда мектепте не оқып жүрміз? Менің жастарға айтарым – мақсатқа жету үшін білімді беріле оқыңдар.

Ұлан: Сізді халық жақсы көреді. Негізінен орыс тілінде сөйтейтініңізден де хабардар. Қазақшаңыз қалай?

Гүлнар Досматова: Қазақ тілінде сөйлеп өспегенім – сол кездегі қоғамның әсері. Өйткені, қазақша мектеп болмай, орта мектепті орысша оқыдым. Қазір ана тілімді үйреніп жүрмін. Аздап түсінемін. Байқасаңыз, қазақша әндерді акцентсіз айтамын.

Гүлфарида Зейнуллина

(«Ұлан», №9. 06.03.2012)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз