28-Дүниежүзілік Қысқы Универсиада ойындарының аясында «Алатау» дәстүрлі өнер театрында жақсы бастама көтеріліп, бірінен кейін бірі дәстүрлі ұлттық ән-күйімізді дәріптейтін  кештер өтті. Шетелден келген қонақтар ұлттық өнерімізді тамашалайтын  үлкен мүмкіндікке ие болды. Дәнеш Рақышевтың шәкірті,  ұлттық өнердің ақберені Нұржан Жанпейісов те «Әуелетіп ән салам» деп, халықты жеке шығармашылық кешіне шақырды.

Театрға алғаш табан тіреген мен үшін бұл күн ерекше болды. Ағамен сұхбаттасу мақсатымен сахнаның артына жол тарттым. Қызу дайындықтың үстінен түссем де, кеш алдындағы үлкен дайындығына қарамай қысқаша әңгіме өрбіттік. 

– Қателеспесем, соңғы концертіңізді 2009 жылы бердіңіз. Араға сегіз жыл салып, халыққа есеп беру қаншалықты жауапкершілікті талап етеді? Бұл кештің алдыңғы кештеріңізден қандай айырмашылығы бар?

– Жеке шығармашылық кеш беру оңай емес. Халықтың, тыңдарманның көңілінен шыға ма, шықпай ма деп уайымдайсың. Оның үстіне шетелдік қонақтар да бар. Шынтуайтына келгенде, бірінші рет кеш  өткізгендей болып тұрмын. Сегіз жыл аз уақыт емес. Дегенмен,  бұл  аралықта  өнерден алшақтап кеткенім жоқ, денсаулығыма байланысты  біраз үзілістер болғаны болмаса, бəрі бұрынғыша. Осы уақыт ішінде өзімді жетілдіре түстім деген ойдамын. Меніңше, əншілік қорыңа жаңалық енгізбесең, кеш өткізу бекер. Енді орайы келіп тұрғандықтан бүгінгі кештің барысында тың, жаңа дүниелер орындалып, тұсауы кесіледі. Ерекшелігі, кештің  өтуі маған емес, шəкірттеріме байланысты болмақ. Себебі, осы жолы шəкірттерім көп тартылып отыр.

– Шетелдік қонақтар қазақтың төл өнерін қалай қабылдайды деп ойлайсыз?

– Əр ұлттың ерекшеленетіні мəдениеті мен өнері ғой. Демек, біз шетелдіктерді заманауи, жаңа дүниелермен қызықтыра алмаймыз, есесіне,  ұлттық құндылығымызбен есте қаламыз. Келіп жатқан қонақтарымызға керегі де сол. Олар көшпенді халықтың төл өнерінен, дəстүр-ғұрыпынан хабары жоқ, сондықтан  бұндай ғажап дүниелерді өте жақсы қабылдайды деп ойлаймын.

– Бүгінгі қазақ дəстүрлі өнерінің келбеті жайында не айта аласыз? Жастар жағы қалай?

– Құдайға шүкір,  ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Ел ертеңіне елеулі үлесін қосатын, дəстүрді жаңғырта түсетін талантты,  талапты жастар өсіп келе жатыр. Оның үстіне олар төл өнерімізді мамандық сипатында оқып, мамандандырылған түрде меңгеруде. Яғни, белгілі бір жүйе қалыптасып келеді. Бұлардың берер жемісі əлі алда деп ойлаймын, қазірдің өзінде  ұлттық өнеріміз қарқынды даму үстінде. Бəрі жастардың қолында, халқымызды өсіретін де, өшіретін де солар. Көз алдымда өсіп келе жатқан, ізімізді басқысы келетін іні-қарындастарыма дəн ризамын. Əрқайсысының өзінің қабілет-қарымы, өзіндік ерекшелігі, өзіндік ұмтылысы бар. Осы беттерінен таймаса, онда қазақтың дəстүрлі өнері аяқтың астында тапталып қалмайтынына сенімдімін.

–  Қазақ төл өнерінің тыңдармандарының ауқымы қаншалықты кең?

– Басты мəселе тыңдармандарда. Көңілім толады деп айта алмаймын. Себебі, қазіргілер ұлттық əнді тыңдаудың орнына, қайдағы бір шетелдік əуендерді тыңдағанды кұп  көреді. «Əкесі қой баға білмегеннің, баласы қозы баға білмейді» демекші,  бəрі отбасында бастау алады. Егер үлкен буын төл құндылығымызға қызығып, ұрпаққа соны дəріптер болса, онда бұл аудиторияның ауқымы кеңейер еді. Сондықтан, əркім өзінен бастағаны жөн. Қазіргі алдымыздағы басты мақсат та осыған негізделіп отыр. Оған қоса, бұрынғы дəстүрлік, халықтық үлгіде əн шығару сиреп бара жатыр.  Тұрсынғазы, Мұратхан ағаларымыздай  əн шығаратындар жоқ-ау қазір. Халық жастардың жаңа дүниесін қабылдай алмағандықтан да болар, тыңдармандардың аудиториясы сиреп барады.

– Өмір мен өнерде нені алға тартасыз?

– Жалпы  адамдық қасиет дегенді өмірде де, өнерде де тең ұстау керек. Адам өзінің қайырымдылығымен, адалдығымен, мейірімділігімен ардақты. Сондықтан, қандай мамандық болмасын адам екенімізді, жұдырықтай жүрегіміз барын, бойымызда сəл де болсын шапағат барын ұмытпауымыз керек. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста…» деп Абай атамыз айтпақшы,  өзімізді адами тұрғыдан байыта алсақ, онда жан-жақты дами түсетініміз анық.

P.S. Кеште көптеген əндердің тұсауы кесіліп, тың туындылар шырқалды. Мемлекеттік сыйлыққа ие болған Бексұлтан Нұржекеевтің «Əй дүние-ай» романының желісінде жазылған «Əй, дүние-ай» əні орындалды. «Дəнеш ағаның жапқан шапаны деп ұқ», – деп ағалар əнші ағаға ат мінгізіп, арқасынан қақты.  Ұлттық өнерімізді насихаттайтын ғажап кеш халықтың көңілінен шықты.

Дана РУСЛАНҚЫЗЫ,

 «Ақ желкеннің» жас тілшісі.

«Ақ желкен» журналы, №3

Наурыз, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз