Балалар, қазақтың киіз үйін бәрің де білесіңдер. Ал «Электронды қазақ үй» жайлы естулерің бар ма? Сырттай қарағанда, оны киіз үйдің кішкентай ғана макеті деп ойлап қалуларың мүмкін. Алайда, ол жай ғана макет емес. Іші рухани қазынаға бай дүние. Үйдің жанына жақындап, құлақ түрсең, ішінен ән төгіліп, күй тартылғанын естисің. Құдды киіз үй ішінде қазақтың тойы болып жатқандай.

«Электронды қазақ үй» жобасын «Ұлас-Электрон» компаниясы жасап шығарды. Мұны иісі қазақтың игілігіне жарайтын таң-даулы заманауи тәрбие құралы деуге болады. Әсіресе, балалар үшін таптырмас дүние. Электронды «киіз үйдің» ерекшелігі, ішкі мазмұны жайлы тереңірек білу үшін жобаның жауапты редакторы, «Ұлас-Электрон» ЖШС директорының орынбасары Жарқын Сәленұлымен әңгімелескен болатынбыз.

– Шыны керек, қазіргі таңда қазақтың классикалық музыкалық өнерін, сондай-ақ ауыз әдебиетінің жауһарларын заманауи әдіспен насихаттау жағы бізде жетіспейді. Жас буын төл өнерге деген шөлін қандыра алмай-ды. Сөйтіп, балаларымыз насихаты басымырақ болып отырған батыстың, басқаның әуендеріне құмар болып, соны бойына сіңіріп өсіп жатыр. Бұл қасірет емей немене? Міне, осыған байланысты «Электронды қазақ үй» жобасы дүниеге келіп отыр.

Ұлан: Неліктен киіз үйді таңдадыңыздар?

Ж.Сәленұлы: Ұлттық құндылықтарды заманауи тұрғыдан насихаттауды мақсат еттік. Сосын да қазақ үйді  таңдадық. Себебі, ел өркениетінде киіз үйдің алар орны ерекше. Біздің әдебиетіміздің, өнеріміздің қайталанбас жауһарлары қазақтың осы қасиетті үйінен шықты емес пе? Өнер осы үйде туындаған, осы үйде өмірге келген. Осы үйде қазақтың сәбилерінің  кіндігі кесіліп, бесік жыры да қазақ үйде айтылды. Сондықтан қазақ үй – балалардың көз алдында тұруы керек.

Ұлан: Жоба қай кезден бастап қолға алынды?

Ж.Сәленұлы: Бұл жоба 2011 жылы қолға алынды. Негізгі авторы – Ғалымбек Қызырбекұлы деген азамат. Құдайға шүкір, қазір техниканың жетістігі бар. Кішкентай ғана нәрсенің ішіне мол дүниені енгізуге болады.

Ғалымбек жобаларды қандай үлгіде жасау керектігі жайлы ойларын қағаз бетіне түсіріп, гипспен қатырған алғашқы нұсқаларын жасап жүр екен. Ол компьютердің тілін жақсы білетін, техниканың тетігін тапқан, қайтсем қазағыма пайдам тиеді дейтін жігіт.

Жалпы бұл жобаның іске асырылуына 3 жылдай уақыт кетті. Қазақ үйдің жобасын дайындау, оның ішіне қоятын дыбыс аппараттары т.б дүниелерді орналастыру сияқты ұсақ-түйек жұмыстардың өзіне бір жылдай уақыт жұмсадық.

Ұлан: Жоба патенттелді ме?

Ж.Сәленұлы: Алғашқы кезекте «қазақ үйдің» патенті қолға алынды. Өнімге қажетті өнеркәсіптік, авторлық патенттерінің үлгілері бар. Барлық заңдық құжаттары реттелді. Орындалған шығармалар авторларының да құқықтары ескерілді.

Ұлан: «Электронды қазақ үй»  Қытайда жасалыпты. Қытайда жасалған тауар сапасыз болып қалмай ма?

Ж.Сәленұлы: Бізге зауыт таңдау мен жобамызды сәтті дүние етіп жасап шығу өте қиын болды. Алғашқы бастама болғандықтан, тыңнан түрен салғандай жағдайды бастан кештік. Қытайда Шенжің деп аталатын қала бар. Балаларға арналған ойыншықтар, электронды тауарлар шығаратын арнайы қала. «Электронды қазақ үй» сол қаладағы ең таңдаулы зауыттардың бірінде жасалды. Ғалымбек зауыттың басында бір жылдай уақыт болып, әрбір ішкі бөлшегінің сапасына дейін қадағалады. Үш-төрт зауытқа алғашқы жобасын жасатты. Біз оның әрқайсысын салыстырып, тыңдап көрдік. Өйткені, дыбыстың сапалы шығуына қатты мән бердік. Көптеген дыбыс шығару құрылғылары шиқылдап қалады немесе дауысы қаңғырлап шығады. Ал екіншіден, басты назар аударған дүние – киіз үйдің сыртқы материалдарының сапасы. Сыртқы материалы ыдыс-аяқ жасауға арналған IBS деп аталатын ең сапалы өнімнен таңдалды. Демек, алдағы уақытта балалар бұл өнімді қолына алып ұстаса да, тіпті аузына салса да залалсыз.

Ұлан: Сапасы жоғарылығына қарағанда, бағасы да қымбат шығар?

Ж.Сәленұлы: Біздің мақсатымыз аз ақшамен көп өнім шығарып, пайда табу емес. Бүгінгі ұрпақ өзінің бабалары жаратқан ұлы дүниелерді бойына сіңіріп өсуі керек.

«Электронды қазақ үй» қазіргі кезде бізге зауыттан ұшақпен тасымалданады. Себебі, Шенжіңнен бізге келгенше жарты айдан астам уақыт кетеді екен. Ұшақ тасымалы қымбат. Соған байланысты «киіз үй» бағасы бастапқыда 10 мың теңгенің айналасында болады. Кейін бағасы да арзандауы мүмкін.

Ұлан: Қазақ үйдің ішкі мазмұны туралы не айтасыз?

Ж.Сәленұлы: Мазмұн бірнеше бөліктерге бөлінген. Ең біріншісі – қазақ ертегілері. 70-80 жылдарда жарық көрген ертегілерден бастап «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген ертегілердің бәрін оқып шықтық. Соның ішінен тағылымдық, тәлімдік, ғибраттық мәні басымырақ 150 ертегіні таңдап алдық. Ертегілерді әйгілі дикторлар Сауық апа Жақанқызы мен Айдос аға Бектемірге оқыттық. Ол кісілер ертегілерді нақышына келтіріп, бейнелеп оқыды.

Ұлан: «Киіз үйде» бесік жыры да бар, солай ма?

Ж.Сәленұлы: Әрине, бесік жыры ұрпақ тәрбиесінің ең басты құралы ғой. Бесік жыры арқылы баланың құлағына алдымен халықтың әуені сіңеді. Бүгінгі таңда бесік жырын білмейтін аналарымыз бар. Осы кемшіліктің орнын аз да болса толықтыруға себі бола ма деп ойладық. Сондай-ақ, «киіз үйден» балалардың әндерін, халық композиторларының ән-күйлері мен терме-толғауларын, Абайдың қара сөздерін тыңдауға болады.

Бір сөзбен айтқанда, мұнда балалықтан даналыққа дейін алып келетін қазақтың әдебиеті мен өнерінің жауһарлары топтастырылған. Сондықтан да «Электронды қазақ үйді» қазақтың әр баласын ұлттық музыка мен әдебиеттің жауһарымен тәрбиелеуге арналған заманауи құрал деп түсінуіміз қажет.

Сұхбаттасқан Серікбол ХАСАН

Суреттерді түсірген Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ

Ұлан», №16.  22.04.2014)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз