Мархабат жеті жаста мектепке барды. Бүкіл әріпті таниды. Қосып оқи да алады. Алайда «р»-ы құрғырға тілі келмей-ақ қойды. Бірінші қыркүйек күні Раушан апайы:

– Сенің атың кім?– деп сұрады.

Ұстаз сұраған соң жауап беру керек.

– Майхабат,– деді бұл.

Сыныптағы оқушылар ду күлді. Мархабат қатты қысылды. «Қалай да «р»-ды айта алатын боламын» деп ойлады намыстанып. Бірақ қалай үйрену керек? Қайтіп айтпақ? «Р»-ды айтайын десе болды, «и» өзінен-өзі аузынан шығып кете береді. «Р»-мен бірге енді «и»-ге де ренжитінді тапты. «И» неге жылдам? «Р» неге шықпайды аузынан? «Р»-дың кесірінен Раушан апайының атын да айта алмайды. Мархабатқа қас қылғандай жаңа түскен жеңгесінің аты да Рысты екен. Жеңгесінің атын әдемілеп-ақ айтқысы келеді. Іштей «р»-ды сайрап тұрады. Ал аузын ашып Рысты деп айтайын десе тілі өзінен-өзі «Иысты» деп жібереді. Сыныптастарымен қоса енді үй ішіндегілер де күлетін болды. «Р»-дың кесірінен әдемі жеңгесінің жанына да бара алмайды.

«Р» айтылмаса айтылмай-ақ қойсын. «Ы»-ға не жоқ. «Р» айтылмаса ол да қашып кететіні несі?

Мархабат намыстанғаннан «р»-ды айтуға шындап кірісті. Жатса-тұрса «р» ойынан бір кетпейді. Ойнаса да, сабаққа бара жатса да, келе жатса да жол бойы «р»-ды айтуға дағдыланды. Бүгін де балалардан оқшау:

– Иысты, Иаушан, иобот, иакета, и, и, и,– деп келе жатқан. Әкесінің шылбырдан босап кеткен мініс аты Мархабатты танып артынан еріп келеді екен. «Р»-дың әлегімен жанына таяп қалғанынан да бейхабар. Иығына аттың тұмсығы тигенде шошып кеткен Мархабат артына жалт қарап:

– Дыр, дыр, жануар,– дегенін байқамай да қалды. Әкесі атын тоқтатарда осылай айтатын. Әлден соң «р»-ды айта алғаны есіне түскенде Мархабат алақайлап үйіне қарай жүгіре жөнелді.

Гүлзат ШОЙБЕКОВА,

(«Балдырған», №2. 2014 жыл)

1 ПІКІР

  1. Жаса Гүлзат! Талант қашанда талант. Балалар туралы жазған қысқа әңгімеңізді бірінші рет оқысам да риза болып отырмын. Әңгімелеріңізді газеттерден оқып таң қалушы едім, сүйсіне оқушы едім,берілу тәсіліне,ой саптасыңыз туралы ойлайтынмын. Тілекші оқырманыңыз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз