«Ақ желкеннің» поштасынан

БЕРДІБЕК СОҚПАҚБАЕВПЕН ҚАЙТА ТАБЫСҚАНДАЙ БОЛДЫҚ

«Ақ желкен» журналында жарық көрген Қарлыға Ибрагимованың «Ең мықты прозаик кім?» атты мақаласы үлкен ой салды. Кейінгі жазушылардың кітаптарын қолға түсіру біз үшін бір қиямет-қайым ғой, бірақ. Ақтөбенің кітап дүкендерінің ішінен қазақша кітап табудың өзі бір бақыт қой. Сондықтан интернеттен іздедім. Ай, бірақ интернет «досым» да мардымды ештеңе таппады. Лира Қоныстың «Құлпынай қосылған балмұздағын», Бейбіт Сарыбайдың «Рауғаш ерте гүлдейдісін» сабыла іздедім. Бірақ еш нәтиже болмаған соң қоя қойдым. Сонан соң «Ақ желкенде» «Бүгінгі проза» айдарымен жарық көріп жүрген прозаларды оқып жүрдім. Бар болғаны айына бір ғана әңгімеден. Амалым қанша…

Өткен сәуір айының санында Бейбіт Сарыбайдың «Ақтабан» атты хикаяты жарық көрді. Оқуға асықтым. Өйткені жоғарыда аталған мақалада жас буыннан Бейбіт Сарыбайды жоғары бағалаған екен. Әділ баға дер едім. Хикая да тамаша! Ә дегеннен оқырманды баурап алады. Тілі жеңіл, юмор да баршылық. Жалпы, ауыл адамдарының психологиясын шығармада орынды пайдаланған. Мысалы:

«– Бұның әкесі мен шешесінен басқа аға, іні, қарындас дегеннен ешкімі жоқ екен, – деді.

– Сен оны қайдан білесің? – деді негізгі сұрақ қоюшы Дәулет. Анау болса:

– Апам айтты. « Жекен бар байлығын арқалап кепті. Тіпті, өлермен итіне дейін қалдырмай әкепті» деген, – деді.

— Белесебеті де жоқ көрінеді.

-Ей, өзіңде бар құсап сөйлемеші-ей, сен,- деп зіркілдеп сөйлейтін біреуі.»

Мойындайықшы, ауылға көшіп келген біреу болса, соны бала түгілі үлкендер де сынап, несі бар, несі жоғына дейін бір көргеннен біліп отырамыз ғой! Міне, ауылдық шынайы көрініс. Авторға ауыл баласының психологиясынан «бестік» деген баға қояр едім. Оның барлығы хикаяда тайға таңба басқандай ап-айқын. Боямасы жоқ. Ауылда, сынып арасында атаман болу бәрімізге де таныс. Ақылды иттің жасаған қылықтары, қожайынына адалдығы, бәрі-бәрі шығармада қызық берілген.

Хикаяның басы езуіңді жиғызбай еріксіз күлдіреді. Ал, аяғына таман адамды қалың ойға батырып, тіпті, өз өмірің жайлы ойлантады. Әкесі қайтыс болғанда, Махамбетті, шешесін, Ақтабанды аядым. Жазушының шеберлігі болар, мен сол кезде көзімнің жасын сығып алдым. Ақтабанның Махамбетті жарты жолға дейін шығарып салғанын айсаңызшы? Осы бір жерде «Ит адамның адал досы» екендігіне көзіміз жеткендей. Адам емес иттің қимай-қимай қоштасуы жүрегіңді елжіретеді.

Шығарманы оқып отырғанда, «Ақтабан Махамбеттің ауылына еріп барады, сонда жаңадан өмір бастайды» деп ойлағам. Бірақ жазушы олай етпеген. Осыдан кейін біз жазушының тағы бір шеберлігін көреміз. Ал көшіп келгеннен кейін Махамбеттің өз өмірін саралауы бәрімізді ойландырып тастағандай. Өйткені мен Махамбеттің жасында едім.

«Тарих үшін қас-қағым сәт қана болып саналатын осы бес жыл өмірімнің үлкен бір бөлшегі екен. Бес жылда менің тапқаным аз емес, жоғалтқаным да жоқ емес. Қайғысы бар, қуанышы бар, бір өкініш, бір үміті бар, менің талайлы тағдырымның бір тарауы ғой. Аяулы тарауы…»

Сосын тағы…

«Әкесінің мойнына мініп кеткен ерке бала едім, екі тізгін бір шылбырға ие болып, атқа мініп келдім…»

Осы сөздерден кейін әрбір бойжеткен, ержеткен ұл-қыз ойланатындай. «Мен есейдім» деп. Өйткені өмір бізге осы жаста талай сынын дайындап тұрғаны рас. Бейбіт ағаны бала психологиясына терең бойлаған деп осы сөздерден кейін қалай айтпайсыз?

Менің ойым осындай болды. Қалың оқырман бұл хикая жайлы не ойлайды екен? Махамбеттің замандастары не ойлайды екен? Қызықтырады, әрине. Өйткені қызық шығарма жайлы айтпай кету мүмкін емес қой. Не де болса, осындай тамаша туындысымен «Ақ желкеннің» оқырмандарын таңғалдырған Бейбіт ағаға мың да бір рахмет!

«Ақ желкендегі» апайлардан Бейбіт ағаның «Рауғаш ерте гүлдейді» кітабының электронды нұсқасы мен логинін сұрап алдым. Сол түні кітаптың электронды нұсқасын қағазға шығарып алып оқи бастадым. Түнде нешеде жатқанымды білмеймін. Әйтеуір оқи беріппін. Бір әңгімесі бірінен өтеді екен, шіркін! «Рауғаш ерте гүлдейді», «Бейкүнә күнәһарлар», «Өліара», «Қара ағаш», тағысын тағы….

«Рауғаш ерте гүлдейдісінде»: «Бір кезде қолдың үлкен екенін сезді-ау деймін, алақанын ары-бері жылжытып ұстап көрді де айналасына қарады. Мен оның сәби жүзіне қарап күлдім. Қол менікі дегенім шығар. Ал, ол болса бетіме үнсіз таңырқай қарап тұрып, бір кезде күліп жіберді», – дейді. Неткен тәп-тәтті көрініс! Ана кішкентай қызды сол жерде көргім келіп кетті. Бала тілін көркем жеткізген. Әп-әдемі күлкі әкеледі. Ал мына диалогта тағы бір тәтті көріністің куәгері боламыз:

«– Қашан үйленесіз?

– Оны не қыласың?

– Жай, тойыңызға мені де шақырыңыз деп айтайын дегенім ғой.

– Сені кімім деп шақырайын?

– Жай танысым еді дей салыңыз.

– Танысым дегенге сенсе жақсы. Сенбей қалып, бұрынғы қызың шығар десе, пәлеге қаламын ғой.

– Неге? Олай деп ойламайтын шығар жынды болмаса. Мен кішкентаймын ғой. Ой, сіз мені білмейсіз ғой. Мен деген кереметтей әншімін. Тойыңызға шақырсаңыз ән салып беремін. Керемет өтер еді».

Қарапайым өмірде осындай шынайы диалогтар қаншама? Бірақ біз байқамаймыз. Ал жазушы аға сол тірліктің бір диалогын сүп-сүйкімді етіп жеткізген. Ерекше әсер аласыз. Еріксіз күлдіріп, ерекше сүйсіндіреді. Осы бір әңгімесі бітпесе екен деп отырғанда, рауғаш сияқты теп-тез бітіп қалатыны өкінішті. Сүйсініп оқығанның үстіне оқи бергің келеді.

Ары қарай басқа әңгімелерін оқып отырсаңыз, осы бір қызық таусылмайтын сияқты көрінеді. Кітап таусылғанда ғана бәрі таусылғандай болды. «Не қалды оқылмаған?» деп жалаңдап тағы ақтарасың.

«Бейкүнә күнәһарлары» тіптен қызық. Өзіме таныс ауыл тіршілгі ойыма тағы да оралады. Әңгіменің басы былай басталады:

« – Ей, самолет, самолет! Алматыға ала кет.

Көбелек қуып ойнап жүрген балалар әдеттегiдей аспанда ұшып бара жатқан самолеттiң артынан тұра жүгiрдiк. Бiздiң ауылдың төбесiнен күнде осылай самолет ұшады. Бiз күн сайын сол ұшақтың артынан тұра жүгiремiз».

Ауыл баласына таныс қиялилық емес пе? «Біз де осылай өсіп едік» деп бір жымиясың. Ал мына бір жерде:

« Және әр кез осы бiр жаттанды сөздi айтамыз. Барлығымыздың да дауысымызда кәдiмгiдей жалыныш бар. Алматы түгiлi мына тұрған аудан орталығына да ала кетпесiн бiлемiз. Бiрақ бiздiң бойымыздағы сол бiр «бiрде болмаса бiрде ала кететiн шығар» деген үмiтiмiз сөнген емес. Сол үмiттiң жетегiмен тағы да аспандап ұшып бара жатқан самолеттiң артынан жүгiрiп бара жатырмыз. Амал не, атаңа нәлеттiң самолетi қанша жалынышпен айқайға басып, артынан қусақ та бiздi бұл жолы тағы да ала кетпедi».

Тұнып тұрған лиризм, сағыныш. Алғашында оқығанда күлкіден жарыла жаздағам. Тамаша! Бізде осылай самолет қуалап жүргенде, осы сөз біздің басымызға қалай келмеген… Осы әңгіменің тағы бір жерінде:

«Тек Әбiн атаның үйiнде ғана өрiк өсетiн. Сол өрiктiң ең құрымаса бiр жыл сарғайып пiскенiн көрген емеспiз ғой. Гүлi түсiп, тастаған түйiншектер сәл үлкейе бастаған кезiнде бiз ұрлықты бастаймыз да теректiң ұшар басындағы соңғы өрiктi жеген түнi аяқтаймыз. Әбiн ата қанша қорыса да өрiктерiн «жаудан» қорғап қала алған емес. Бiз түннiң жарымынан бастап, таң шолпаны туғанға дейiн жүрсек те, әр түн сайын оннан, бестен жесек те айналасы екi аптаның iшiнде тауысып бiтетiнбiз, сол бейшара өрiктердi. Егер бiзге «өзi қышқыл, өзi көк» деген жұмбақ жасырсаңыз, бiз оны тез тауып аламыз. Оның жауабы – әрине, өрiк. Сол өрiктердi көктей жеп тауысып жүргендiктен шығар бiздiң ұғымымызда өрiк деген көк болады. Және оның дәмi тәттi емес, қышқыл болады деп түсiнетiнбiз. Өрiктiң тәттi болатынын және оның түсiнiң көк емес сары екенін Ерлiктiң Шонжы қаласындағы әпкесi келгенде ғана бiлiп, таң-тамаша болғанбыз».

Қалай күлмейсіз? Ауыл баласына таныс ұрлықтар. Және сол ұрлықтарды юмормен жеткізген. Менің балалығымдағы ұрлықтар ойыма оралды. Жазушының жазғанын оқып, бір кездері өзің жасаған ұрлықтарың есіңе түсіп, ұяла күлесің.

Кітаптың әр әңгімесін талдау мүмкін емес, әрине. Бірақ сонда да өзіме қатты-қатты ұнағандарын, есімде ерекше қалғандарын айта кетейін.

«Өліара» әңгімесі өзіме шынымды айтсам, ыстық көрінді. Мен де Алмат сияқты 2 күннен кейін мектеп бітіретінім, онан кейін тест тапсыратыным, қалаға оқуға баратыным – алдағы жоспарларым ғой. Міне, осы жоспарларымның барлығын мына әңгіме дөп басқандай. Тағы да күлкіден арылмайсыз. Қызық. Шынайы. Айна-қатесіз. Оның айғағы мына бір жолдар:

«Ертеңнен бастап барлығы жолға шығады. Алматы мен ауылдың арасындағы 347 шықырымдық жол өзiнше бөлек, олар үлкен жолға аттанады. Алдында кiмдi, не күтiп тұрғанын уақыт көрсетер. Бiреу бағы жанып студент атанып, ендi бiреуi қол орамалын сулап қайтар. Бағы жанғандардың ата-анасы Гүлшаттiкiне бала жүгiртiп, қарызға арақ алып, атап өтер. Сүрiнгендердiң ата-аналары келер жылға үмiт артар. Кейбiр қыздар басына бас бостандығын ала сала, күйеуге шығар. Оны уақыт көрсетер».

Әзіл түбі – ақиқат. Барлығы осы тірліктен алынған дүниелер. « Рас екен-ау» деп еріксіз күлдіртеді. Қожанасыр Алматтың жасаған іс-әрекеттерін жазушы шебер берген. Тіпті, сыныбыма апарып осы әңгіме оқығанда бәріміз ду күлдік. Барлығы бір ауыздан «базар жоқ» деп оқыған сайын күледі. Жазушының жазғандары замандастарыма ұнайтынына күнәнім жоқ болатын. Өйткені мұндай дүниелер «біз үшін жазылғандай» деп сенімді болдым. Қазақ әдебиетінде Бердібек Соқпақбаевпен қайта табысқандай болдық.

«Лира Қоныс деген менің бәсекелес досым»

Осындай тамаша туындылардың авторын жақыннан біліп, танысқым келді. «М-агент» арқылы достығымды қабылдаған ағама іштей риза болдым. Тез тіл табысып та кеттік. Өзі өте ашық кісі болып шықты. Өмірімде бірінші рет сұхбат алуға талпынып көрдім, әрине «м-агент» арқылы.

– Сәлеметсіз бе, аға!

– Сәлем!

– Мен «Ақ желкен» журналының жас тілшісі Хорлан деген оқырманыңызбын. Сіздің журналда жарық көрген «Ақтабан» хикаятыңыздан кейін сіз туралы мақала жазбақшы едім. Шығармашылығыңыз жайында сұрақтар қойсам бола ма?

– Ниетіңе рахмет! Қоя ғой!

– Аға, ең бірінші сұрағым – өзіңіз қай шығармаңызды жоғары бағалайсыз?

– Өзім үшін «Бейкүнә күнәһарлар» ұнайды. Шын мәнінде біз сол кезде бейкүнә күнәһар едік қой. Ол бір сағыныштан туған дүние. Сосын кейінгі жазған үш повесім жаныма жақын.

– Сол әңгіме де айтылған жайттар шынымен де өз басыңыздан өткен бе?

– Толық сол қалпында өтті дей алмаймын. Өйткені бастан кешкенді көшіріп бере салу ол ешқандай проза болмайды. Ол эпистолярлық жанр болмақ онда. Иә, соған ұқсас кейбір жайттарды басымыздан кешсек кешкен шығармыз.

– Сізді өмірде өте көңілді жүреді дейді. Бірақ, шығармашылық адамдары мұңдылау болуы керек сияқты. Мүмкін сіз мұңыңызды жасырып жүретін шығарсыз?

– Иә, ол рас. Мендегі күлкі іштегі мұңды жасыру құралы ғана. Немесе біржола мұңды өшіру үшін… Мұң от болса, мендегі күлкі – су. Ал, ой – май. Су құйсаң өшеді, май құйсаң лаулайды. Жалғыз қалғанда мұңға үйірсектейтінім рас. Ал, көпшілік ортада басқашамын. Кейде, Мақатаевша айтқанда, «Бөліп – жарған қайсыбір куаныштан, Ойландырған оңаша мұңым артық», – деп бүк түсіп жатып алатыным да бар.

– Шығармашылықтағы жақыныңыз кім? Өмірдегі жақыныңыз кім?

– Шығармашылықта жеке қаласың. Жалғыздық жасайды. Ешкімнің жақындығынан пайда жоқ. Аранжировка жасайтын адамға тәуелді болатындай әнші емессің дегендей. Шығармашылық тұрғыда жақсы-жақсы достарым бар. Әңгімеміз жарасып, ортақ тақырыбымызды қаузап отырамыз. Ол үлкен байлық. Ал, өмірдегі жақыным отбасым, ошақ-қасым шығар.

– Қай қаламгердің шығармаларын жоғары бағалайсыз? «Ақ желкенде» «Ең мықты прозаик кім?» деген мақала жарық көрген болатын. Оны өзіңіз де оқыған боларсыз. Орта буын ағалардан Нұрғали Ораз бірінші болса, жастардан – сіз бірінші, екінші Лира Қоныс сияқты қаламгер аға-апаларымыз тұр….

– «Енді көп қой, қайсыбірін айтайын?» деп шынымды айтсам қанағаттанбайтыныңды білем. Әншейін бір жауап болады да қалады. Дулат Исабековтің «Қарғыны» мен басқа да әнгіме, повестерін, Мұхтар Мағауинді тұтастай сүйіп оқыдым. Дидахмет Әшімханұлы мен Тынымбай Нұрмағамбетовтың шығармаларын бағалаймын. Нұрғали ағаны да оқып өстік қой. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді». Ал, Лира деген менің бәсекелес досым. Кейде білімімен қорқытып қоятыны бар. Әйтпесе Лирамен өмір бойы «алысып» өтуге шамам жетеді. Шынымды айтайыншы, мен жоғары бағалайтын қаламгерлер көп. Қазір тілге оралғандарын ғана айтып отырмын ғой. Және мен бағалаған шығармалар шедевр, басқалары төмен деуге болмайды. Өйткені, талғам деген әртүрлі. Әйтпесе мен жақсы көретін Тынымбайды өзі үшін іске алғысыз қып тастай алатындар да бар. Ал, орыс әдебиетінде мен үшін ең кереметі (жаныма жақыны) Василий Шукшин.

– Сіз бала кезіңізде кімді оқып өстіңіз? Сізде мен сияқты ауыл баласы болып өстіңіз ғой…

– Қолымызға түскеннен бас алмадық қой, соншалықты «жер жаратындай» білім алмасақ та. Бірақ, ең қызығы бір кітап есімнен кетпейді. Біздің үйде қалың дегенде де қалың, салмақты кітап болатын. Соны әрең көтере бастағаннан оқи бастадым. Ауыз әдебиетінің антологиясы. Ішінде бәрі бар. Ертегі, жұмбақ, санамақ, жаңылтпаш дейсің бе, бәрі-бәрі… Сол кітаптың құны ерекше. Кейін келе Бердібектердің дәмін алдық. Және бір нәрсе бар. Ол кәдімгі Николай Носовтың «Дымбілместің күн қаласына саяхаты». Өзі сондай қызық шығарма және ішінде әр тарау, әр бөлім түрлі-түсті суреттермен безендірілген. Рахаттанып оқушы едік. Дымбілместің өлең шығаратыны ше? Күшті, иә?!

– Ал қазіргі менің замандастарымның кітап оқуына көңіліңіз тола ма? Қала баласы кімді оқиды? Бердібек Соқпақбаевты ма, Сайын Мұратбековті ме, әлде Джоан Роулингтің «Гарри Поттері» немесе Стефани Майердің «Сумеркиін» бе? Бұл сұрақты «Ақ желкеннің» бір оқырманы журналға қойыпты. Сіз қаламгер ретінде қалай ойлайсыз?

– Кім болса да Сайын Мұратбековтен аттап кетуге бола ма? Оқымаса өзі үшін зиян. Оған Сайын мен Бердібектің түгі кетпейді. «Гарри Поттер» де дәл солай, байлық үстіне байлық. Әркімнің өз талғамы бар екені тағы есімізге түсіп отыр, иә? Оқитын балалар бар ғой. Мен соларға ырзамын. Ал, оқымайтын балалар болса, оқымасын. Олардың болашағы үшін жауапты адамдар кінәлі. Обалы соларға. Жалпы айтқанда, кітаптың оқылуына көңіл толатындай жағдайда емес қазір. Бірақ бір қуанатын жағдай бар. Оқырмандар күн санап өсіп келе жатыр. Осыдан он жыл, он бес жылға қарағанда қазір әлдеқайда көп оқылады. Және бұл көрсеткіш жыл өткен сайын арта түспек. Сондықтан көңіл қуантарлық үміт бар.

– Шалғайдағы ауыл кітапханаларына кітаптың сирек түсуі ауыл балаларына обал деп ойлайсыз ба?

– Обал ғой, обал. Шынымды айтсам, жаным ашиды. Біздің ауылдың да кітапханасы кедей болатын.

– Біздікі әлі де сондай…

– Сосын тағы мынадай бар… Шалғайдағы ауыл түсінікті. Қазір мына Алматының өзінде самсап тұрған кітаптарды баласы үшін сатып алмайтын әкелер мен шешелер де бар. Бұған не деуге болады?

– Аға, кейіпкерлеріңіздің ішінде ең-ең жақыны кім?

– «Көктем, Ақ бұлақтар» повесімдегі кейіпкерім. Сосын «Рауғаш ерте гүлдейді» әңгімесіндегі қызды сағынам.

– Бала кезіңізде Ақтабан деген итіңіз болды ма?

– Итім болды. Бірақ оның аты Ақтабан емес еді. «Ақтабан» деп шартты атадым. Қазақ ұғымындағы иттің бірден бір атауы ғой деп.

– «Ақ желкен» оқырмандарына айтар тілегіңіз…

– Жақсылықтың бәрін тілеймін. Өйткені олардың бәрі ақылды. (Себебі, ақылсыз болса, сол ақылсыздарға ұқсап журналға жазылмас еді ғой). Сол ақылдарына лайық орнын тапса екен, бақытты болса екен деймін. Ең бастысы – жақсы адам болу. Бай болмаса болмасын, жақсы адам болсын деп тілеймін.

Міне, біздің әңгімеміздің аясы осындай болды. «Ақ желкен» оқырмандары атынан тамаша «Ақтабан» хикаяты үшін алғысымыз шексіз. Қаламыңыз мұқалмасын, жазушы аға!

Хорлан СЕЙІЛХАН

«Ақ желкеннің» жас тілшісі,

ГКС-12 орта мектебінің түлегі.

Шалқар ауданы,

Ақтөбе облысы.

ЕЛ БОЛАМЫН ДЕСЕҢ, ТЕЛЕАРНАҢДЫ ТҮЗЕ…

Көрермен сұранысына байланысты ма, әлде телеарналардан көрсетiлетiн жiбi түзу ештеңенiң жоқтығынан ба, әйтеуiр соңғы уақыттары соқыр тиынға тұрғысыз түрiк пен кәрiстiң сериалдары отандық арналардан толас таппай келедi. Елiмiзде түрiк пен кәрістің тағылымы жоқ одаларынан аман-сау қалған арна жоқтың қасы десем, қателеспеспін. Қай уакытта болмасын, кез келген телеарнаны қосып қалсаңыз, телехикаялар үзiлмей берiлiп жатады. Әсiресе, бетке ұстар ұлттық арнаның осындай сериалдарды бiрiнен соң бiрiн берiп, сағызша созып, көрермен байғұсты теледидар арнасына телмiртiп қойғаны өкiнiштi-ақ… «Дениз» хикаясын жылдан аса уақыт көрсетiп, артынан «Жананды» берiп, бұл «дәстүрдi» тоқтатпайтынын бiзге тағы да дәлелдеп бердi.

Жуырда «Астана» телеарнасынан «Сырлы Стамбұл» деген сериал басталды. Сериалды тамашаладық. Мүмкiн тәлiм аларлық бiрдеңе тауып қалармыз деген үмiтпен… Бiрақ баяғы жартас – бiр жартас. Хикая – мектеп оқушыларының өмiрiн суреттейдi. Алайда кинода мектеп оқушысы былай тұрсын, жоғары оқу орнында оқып жүрген студенттердiң басынан өтпейтiн небiр сұмдық жайттар қамтылған. Қарап отырсаңыз, өрiмдей жас кезiнен қиыннан қиыстырып өтiрiк айтатын, бiрiн-бiрi иттiң етіндей жек көрiп, ала көзiмен атып, бiрi екiншiсiне қарсы келгенде көкесiн танытып, өлтiруге дейiн баратын кино кейiпкерлерi… Мектеп жасынан бiрiн-бiрiмен төсектес болып, ақырында жүктi болып, тiзесiн құшақтап қалған жасөспiрiмдер… Ата-анасының айтқанына қарсы келiп, «өз бетiмше бейбiт өмiр сүремiн» деп, ақылға сыймайтын әрекет жасап жүрген жастар… Мiне, телехикая осындай сорақылықтарды көрсетiп, дәрiптеп, сiз бен бiздi сондай келеңсiздiктердi жасауға ақырындап итермелеп жатыр. Оны бiз анғармаймыз да.

Мен сериал барысында кейiпкерлерiнiң бiрде-бiр рет мектеп партасында отырып, ұстазбен бiрге сабақ өткенiнiн, үй тапсырмасын орындауға ниеттенгенiн байқаған емеспiн. Қашан көрсең, дүкендерден, шарапхана мен дәмханадан және түнгi клубтардан шықпай, сенделiп жүредi. Айтыңызшы, мұның бәрi мектеп өмiрiне қаншалықты жанасады? Мұндай сұмдықтар кiмге үлгi болады? Басқаша көрсетуге болмайтын ба едi?

Құдай сақтасын, бiрақ телехикаядағы көрсетiлген оқиғаларға бiздiң елдiң жастары елiктемесiне, бiлiм ошақтарымызда сондай жүгенсiз әрекеттердiң қайталанбасына кiм кепiл? Болып жатса кiмдi жазғырамыз? Кiмнен есемiздi аламыз? Кiшкентай ғана көк жәшiктiң тәрбие құралы екенiн естен шығарып жатқанымыз жасырын емес. Осындай өнегесi жоқ сериалдарды көрсетiп, жат қылықтарға баулығанша, оның орнына өзiмiздiң тәлiм-тәрбиесi бар отандық телеөнiмдердi неге көрсетпеймiз? Қазақ киносының атасы Шәкен Айманов пен онымен иық тiресе алатын белгілі және талантты режиссерлер түсiрген кино үлгiлердi тек мереке кездерi, ары кетсе жылына бiр-екi рет қана тамашалайтын болдық. Ал түрiк пен кәрiстiң кинолары күн сайын көрсетiлетiнi қалай? Мен осыны түсiнбеймiн.

Әлде өзiмiз жасаған дүниелердi бұйым көрмей, қомсынып, өзгенiң таңсығын өзiмiздiкiнен жоғары бағалағанымыз ба? Олай болса, халiмiз аянышты…

Сол телесериалдарды көрiп болғасын, барлығы сол жерде қалса бiрсәрi ғой… Фильмдегi кейiпкерлерге елiктеп, солардың жүрiс-тұрысын, қылықтарын айнытпай өзiнiң болмысыңдай етiп жасап, үлгi тұтып, киген киiмдерiн тауып киюге асығатындар да табылады арамыздан. Ағайын-туыс болып, басымыз қосылып қалса болды, сериалдарды айтып, талқылайтынды шығардық. Ең сорақысы – өзiмiзге ұнаған актерлер мен кейіпкерлердің мағынасы жоқ, қазақтың ұлттық болмысына жат есiмдерiн өз қаракөздерiмiзге жамап жүргенiмiз. Осы телехикаяларды тыйып, тұсау салып тастауға бiздiң елдiң зиялыларының қауқарсыздығы өзегiмдi өртейдi.

Мейiрман ҚАЛДЫБЕКҰЛЫ,

М.Х.Дулати атындағы мектептiң

10-сынып оқушысы.

Ықыластемiр ауылы,

Ордабасы ауданы,

Оңтүстiк Қазақстан облысы.

«Сәт» триосы:

«БІЗ РУХ БЕРУ ҮШІН ЖИНАЛҒАНБЫЗ»

Қайтер едік өмірге келмегенде,

Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде.

Төземіз ғой, қайтеміз төзбегенде,

Көлден тамшы бұйырмас шөлдегенде, – деп талай жүректі тәубеге шақырып, ән салып жүрген «Сәт» триосымен жақында кездесіп қалдық.

Жалпы «Нұр-Сәт» продюсерлік орталығының әншілерінің аты-жөндері: Әбілдаев Азат, Тұрмысов Тұрар, Алтыбай Сапарбай. Сонымен, жас әншілермен әнгімеміз төмендегіше өрбіді.

– Сапарбай, топты қандай мақсатпен құрдыңдар?

– Өмірдегі барлық адамдардың мүмкіндіктері бірдей. Мүмкіндігі шектеулі жандар он екі мүшесі сау адамдардан кем емес екенін дәлелдегіміз келеді. Қараңғыда таяқ ұстап, жарық сәуле іздеген, көздерінің нұры тайған зағип тағдырластарымызға рух беру, соларды демеу мақсатымен құрылған болатынбыз.

– Тұрар, жалпы сендер туралы халық арасында жүрген өсек-аяң да аз емес. Соларға қалай қарайсыңдар?

– Біз туралы сыбыстар көп. Оны мойындаймыз. Кез келген әнші немесе атақты адамдардың барлықтарының да артынан қажетсіз сыбыстар мен әңгімелер көп ереді. Ол қалыпты жағдай болғандықтан, біздің одан шегер жапамыз жоқ.

– Әлгі сыбыстардың бірін нақтылап айтсам, соңғы кезде сендерді «байдың балалары, өтірік зағип кейпіне еніп ән айтады. Халықты алдайды» деген сөздер көбейіп кетті. Шындығына келер болсақ, қайда оқисыздар?

– Біз ешқандайда байдың баласы емеспіз. Өзімізге және отбасымызға жетер табыс көзі бар орташа отбасының балаларымыз. Оқуға келер болсақ, Шымкеттегі зағип және нашар көретін балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатында оқып жатқан жайымыз бар.

– Азат, топтың аты неліктен «Сәт» деп аталған?

– Оның екі себебі бар. Біріншіден, аты-жөніміздің бас әріптерінен құралған. Екіншіден, болашақта тек сәттілік әкелсін деген ізгі ниеттен туындаған.

– Сендердің ән айтатындарыңды байқап, қолтықтарыңнан демеген кім болды?

– 2002 жылы зағиптар оқитын білім ордасына оқуға келген кезімде мектепте әншілер некен-саяқ болатын. Музыка сабағынан беретін Тамара Шілдерханова апайымыз әншілік өнерге баулыды. Содан мектеп-интернат директоры Биғайша Нұрғазинова өнерімізді бағалап, топ құрғызып, Кентау, Түркістан, Шымкент сынды қалаларда ән салғызды. Содан бізді халық та тани бастады.

– Өнер деген алып «елдің» табалдырығынан аттағандарыңа 6 жылдың көлемі болыпты. Осы арадағы ең жоғарғы жетістіктерің қандай?

– 2008 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен «Костальский ключ» атты халықаралық фестивальде 12 елдің арасынан бас жүлдені иелендік, 2010 жылы «Самғау» жүлдесін алдық, «Балауса» байқауының жеңімпазы атандық. Ал басты жетісгіміз – 2011 жылы «Оңтүстік өңіріндегі ең үздік әнші топ» атағын алғанымыз деп білеміз.

– Репертуарларыңда қанша ән бар?

– Жиырма шақты ән, төрт бейнебаян бар.

– Сол 20 әннің ішіндегі өздеріңе жақыны қайсы?

– Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған С.Қанаттың «Көнеміз ғой» әні. Жалпы бізді бұқараға мәшһүр еткен де осы ән болатын.

– Алдағы жоспарларың туралы айтсаңдар…

– Жалпы біз Қазақстанның және Ресей Федерациясының сахналарында өнер көрсеттік. Жақында Түркияға барғалы жатырмыз. Көктемде бесінші бейнебаянды түсіруді жоспарлап отырмыз.

– Рэп айтуға қалай қарайсыңдар? Жалпы рэп тыңдайсыңдар ма?

– Рэптің жақсысы да, жаманы да бар. Кейбір рэптерді тыңдауға болады. Жалпы біздің рэпке деген көзқарасымыз оң.

Думан Смақов,

Н.Островский атындағы

зағип және нашар көретін

балаларға арналған

№ 4 арнайы мектеп-интернатының

10-сынып оқушысы.

Алматы қаласы.

КІМДІ,

НЕНІ ОҚУ КЕРЕК?

«Оқу ежіктеуден, өсу еліктеуден басталады» деп Қадыр атамыз айтқандай, әрбір адам кітап оқуға ерте кезден дағдылануы қажет. Шетел әдебиетін оқымай тұрып нені оқу керек?! Нені көңілге тоқу керек? Аз-маз сол жөнінде замандастарыммен өз ойымды бөліссем…

Кітап көп. Қайсысынан бастау керек? Ол үшін әрине, талғам мен таным керек. Кітап оқу тұрғысынан біреуден кеңес алған артық етпейді. Кітапты көп оқыған адамның ақылына сүйенуіңізге болады. Бұл сізге уақытыңызды текке кетірмеуге септігін тигізеді.

Әп дегеннен классиктерге шаппаған дұрыс. Ең бірінші балалар әдебиетінің бастауы болып саналатын халық ертегілерін, аңыз-әңгімелерін, қисса-дастандарын оқып алған жөн. Осылардың ішінде оқушы санасын өсіріп, оқуға ынтасын жоғарылататын ол – ертегі. Ертегі әр халықта бар. Соның ішінде қазақ халқының ертегілеріне жететін ертегілер кемде-кем. Жалпы ертегілерді әу баста біреу шығарып, өз ортасында айтып жүрген. Ғасырлар өтіп, жылдар жылжыған сайын әлгі ертекшінің есімі ұмтылып, ол халықтың дүниесі саналып кеткен. Және текстологиялық өзгерістер енгізіліп, көркемдік жағынан байып, кем-кетігі толып отырған. Міне, біздің ертегілеріміздің бір ерекшелігі осында. Ертегіден кейін аңыз-әңгімені оқуға кіріскен дұрыс. Біз білетін аңыз-әңгімелердің тамыры өте тереңде. Жетіқарақшыға, Ай мен Күнге, Аспан мен Жерге қатысты айтылатын Шоқан жазып қалдырған аңыз-әңгімелердің ұзын-ырғасы 500-ден асып жығылады. Аңыздың бір ерекшелігі, онда шындық пен қиял араласып жүреді. Екінші ерекшелігі аңыздың көлемі ықшам келеді, яғни оқушыны жалықтырып жібермейді. Осыдан кейін ғана қисса-дастандарға түсу керек. Қисса-дастандарға батырлар жыры, ғашықтық жырлар, жоқтау мен толғаулар жатады. Осылардың ішінде өзім ерекше көретін батырлық жыр, ол – «Ер Тарғын» жыры. Қырғыздың «Манас» жырын да оқыған артық етпейді. «Манас» жырының Шоқан жазып алған «Көкітайдың ертегісі» деп аталатын нұсқасы көңілге қонымды. Сюжеттік желісі жақсы құрылған.

Осыларды жақсылап оқып, көңілге тоқып алғаннан кейін ғана балалар әдебиетінің екінші бір сатысы – көркем әңгіме мен повестерге бас қоюға болады. Бұл біз шығуға тиісті сатының ең төменгі жағы екенін естен шығармауымыз керек. Көркем әңгіме оқығанда кімнен бастаған жөн. Ең бірінші көңілге қонымдысы – Абай атамыздың қара сөздері. Терең философиялық түрде жазылған ғақлиаларды оқыған адамның қор болмасы анық. Одан кейін Мұхтар Әуезов еуропалық әдебиеттің деңгейінде жазылған «Қорғансыздың күні», «Жетім» деген әңгімелерін оқу керек. «Көксерек» әңгімесін де оқуды естен шығармаған жөн. Бұл аталған әңгімелердің барлығы өте жоғарғы деңгейде жазылған шығармалар. «Қараш-Қараш оқиғасы» деп аталатын повесін де оқу көп пайда әкеледі. Тіпті, повесть оқуды осыдан бастау керек секілді. Осыдан соң Сұлтанмахмұттың «Қамар сұлуын», Жүсіпбектің «Ақбілегін», Спандиярдың «Қалың малын», Есенберлиннің «Көшпенділерін», Шерханның «Қызыл жебесін» ізін суытпай оқыған жөн. Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызынан», Мағауиннің «Аласапыранынан» айналып кетуге болмайды.

Қазақтың маңдайына біткен біртуар жазушысы Мұхтар Мағауин атамыз туралы мынадай әңгіме бар. Жазушы «Аласапыран» роман-диолгиясын жазып жатса керек. Жазып отырып қара шайды тарта берген екен. Сонысын байқап қалған жұбайы: «Қара шайды неге көп іше бересің, асқазаныңды бүлдіресің ғой», – депті. Сонда атақты жазушымыз: «Аласапыранды» бітірсем, асқазанның қажеті жоқ», – деген екен. Мұны нағыз әдебиетке шын жаны ашитын, сол жолда өзін құрбан етуден де тайынбайтын адамның сөзі деп ұғуымыз керек. Роман оқуды осы Мұхтар Мағауиннің өзінен бастау керек сияқты. Ол кісі қазақтың ең мықты романшысы. «Аласапыраннан» кейін «Көкбалақ», «Қыпшақ аруы», «Жармақ» секілді романдарын оқып шыққан жөн. Бексұлтан Нұржекеев деген жазушымыздың да шоқтығы биік шығармаларын оқып алған артық етпейді. Ол кісінің «Күтумен кешкен ғұмыр», «Бір өкініш, бір үміт» сынды шығармалары өте тартымды.

Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповті де назардан тыс қалдыра алмаймыз. Сәбиттің «Өмір мектебі» романын міндетті түрде оқу керек. Одан қазақ зиялыларының өмірінен дерек аласың. Ғабиттің «Ұлпан» мен ана тақырыбындағы әңгімелерін оқып шығу да маңызды. Қабдеш Жұмаділовтің басқа шығармаларын оқымасақ та, «Тағдыр» атты романын міндетті түрде оқуымыз керек. Ол шығарма мемлекеттік сыйлық алған.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терін» екі қайтара оқып шығу керек десем артық айтқандық емес. Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» деп аталатын повесін оқығанның ұтары көп.

Сондай-ақ, сүйікті жазушым Бердібек Соқпақбаевты оқуға кеңес берер едім. Соқпақпаев сияқты жазушы сирек кездеседі. Бердібектің нәзік те сыршыл лирикалық туындылары, кейіпкерлердің дүниеге деген көзқарасы шығармаларында өте шынайы берілген. Шығармасынан бір сөзді алып тастай алмайсың, керісінше, бір сөзді қосқың да келмейді. Бәрі өз орнында тұр. Ол кісі шығармашылығына өте ұқыпты қараса керек. Балалар әдебиетіне қалам тербеуі де жайдан-жай емес. Бердібек жазған «Менің атым – Қожа» повесі қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған тың дүние. Сондай повесть, өкінішке қарай, әлі тумай жатыр. Маған Бердібек Соқпақбаев не жазса, соның бәрін оқу керек сияқты көрінеді. «Өлгендер қайтып келмейді» деген романын өз басым екі рет оқып шықтым, үшінші рет қайталап оқып жатырмын. Ешбір жалықпайсың, қайта оқыған сайын ғаламат әлемге сапар шеккендей күй кешесің. Жазушы Еркін образын өте керемет берген. Көпшілік мән бере бермейтін бір нәрсе бар. Бердібек барлық шығармасын өз өмірінен алып жазған. Көбісі соған мән бере бермейді. Еркін, Қожа секілді кейіпкерлер аттары басқа болғанмен, түптеп келгенде Бердібектің өзінің прототипі. Жазушы қаламынан туған тағы бір шығарма ол – «Қайдасың, Гауһар?» повесі. 50 бетке жетпейтін повесть романға бергісіз деп айтуға толықтай негіз бар.

Оралхан Бөкейдің шығармаларын да оқу парыз. «Қар қызы», «Өліара», «Апамның астауы», «Өз отыңды өшірме» секілді шығармаларын жастана жатып оқи бергің келеді. Қазақтың маңдайалды иронисі Дулат Исабековті де оқу керек. Қалихан Ысқақтың да әдебиетке бергені көп, әсіресе, тілдік қолданыс жағынан.

Сайын Мұратбековтің алғашқы әңгімелері мен «Жабайы алма» повесін оқысақ, таным-түйсігіміз толыға түсеріне сенімім кәміл. Жоғарыда аталған жазушылардың шығармаларын түгелдей оқып болғаннан кейін ғана шетел әдебиетін оқыған адам жерде қалмайды. Шетел әдебиетін оқуды Лев Толстойдан бастағанды қолай көретін едім. Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» деген романын оқып шығуды да тізіміңізге қосып қойыңыз. Сонымен қатар «Полковникке жазатын жан қалмады», «Қураған жапырақтар», «Ұлы шешені жерлеу», «Тура сағат 6-да келетін әйел», тағы басқа шығармаларын да айналып кетпеген жөн. Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз», «Килиманджаро қарлы тау» шығармаларын оқысаңыз өкінбейсіз. Орта ғасырлық жазушы Даниэль Дефоның «Робинзон Крузо» деген романын оқығанды да құптаймын. Шетел әдебиетінің ішінде жапон әдебиеті өте жоғары бағаланады. Психологиялық тұрғыдан жазылған жапон шығармалары әлемде айрықша орын алады. Бұған Ясунари Кавабата деген жапон жазушысының атақты «Нобель» сыйлығын алғаны дәлел бола алады. Жаңағы Ясунари Кавабатаның «Мың қанатты тырна» деген романы өте жақсы романдардың бірі. Жапонның Кобо Абэ деп аталатын тағы бір жазушысының да шығармашылығын әлемнің сыншылары жоғары бағалайды. «Құм құрсауындағы әйел», «Бөтен бет» романдары әлемде бұрын-соңды болмаған романдар деседі. Яғни, құбылыс.

Франц Кавка. Бұл есім де әлемдік әдебиетте орынын ойып тұрып алған жазушы. Франц Кафканың бір ғана шығармасын оқыдым. Ол «Құбылу» деп аталады. Жақсы шығарма. Оқуға тұрады. Тағы бір орта ғасырлық жазушы Роберт Льюис Стивенсон. «Қазына аралы» романы керемет көркем дүние. Харуки Мураками, Рюноскэ Акутагава, Мопассан, Чехов, Пастернак, Камю, Стендаль, Лаксенесс, Бальзак… Осы аталған жазушыларды оқу оқырманның аңқасын ашып, ой кеңістігін кеңейте түсеріне сенімім мол. Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» атты шығармаларын оқып алған жөн.

Аталған жазушыларды оқып болғаннан кейін болдым, толдым десе ол кісі оңбай қателеседі. Тек қана көркем шығармамен өсу мүмкін емес. Тарихи тақырыптарға да ден қою қажет. Мағауиннің «Қобыз сарыны» монографиясы, «Алдаспан» антологиясын атар едім осы орайда. Лев Гумилевтің «Қиял патшалығын іздеу» атты тарихи-ғылыми еңбегін оқу керек. Шоқан Уәлихановтың көп томдық шығармалар жинағынан тым ең құрығанда екеуін оқу қажет.

«Өзінің әдебиетін білмеген адамды зиялы санамау қажет» деген Мұхтар атамыздың сөзін есімізде бек сақтайықшы. «Әдебиет деген асыл сөз» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, төл әдебиетіміздің тұнығына қанбай, шәрбатынан бал татпай, шетел әдебиетіне қызықпау керек. Әлемдік әдебиетте қазақ әдебиеті де айрықша орын алады. Тек аталған кітаптармен шектеліп қалмау керек. Прозамен қатар поэзияны да оқыған жөн. Есенғали Раушанов, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Сабыр Адай, Светқали Нұржан, Серік Ақсұңқарұлы, Жұматай Жақыпбеков сынды поэзияның тарландармен қатар, жастардан Қалқаман Сарин, Ерлан Жүніс, Тоқтарәлі Таңжарық, Ұларбек Дәбей, Азамат Тасқара, Бауыржан Қарағызұлы, тағы басқа да талантты ақындарды қарай жүріңіз. Мен тізбелеп шыққан жазушылардың қаламының құдіретін сезінгіңіз келсе, оқып шығыңыз. Менімен келіспесеңіз, өзіңіз білесіз. Ең бастысы – әдебиет жайлы әңгімелесейік, пікірлесейік…

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің

11 сынып оқушысы.

Жаңақала ауылы,

Жаңақала ауданы,

Батыс Қазақстан облысы.

«АҚ ЖЕЛКЕНМЕН» ДОСТАСУҒА АҚҰШТАП АПАМ КЕҢЕС БЕРДІ

Сәлеметсіздер ме, «Ақ желкен» журналынын редакциясы! Мен Орал қаласы, Жаңақала ауданынындағы Жаңақала орта мектебінің 11 «Г» орыс сыныбының оқушысымын. Мектепте қазақ әдебиеті пәнін жақсы көремін. Поэзияны көп оқимын. Төменгі сыныптан бастап қазақ, орыс тілдерінде мақала жазамын, аздап өлең шығарамын. Бүгінде балаларға арналған «Дружные ребята» газетінің жас тілшісімін. Әдеби кітаптар оқу, оларды талдау, шығыс елдерінің әдебиетін оқу – менің сүйікті ісім. Болашақта қай мамандық иесі болсам да, өмірім поэзия, прозамен қатысты болатына сенімдімін. Биыл «Ақ желкен» журналына жазылдым. Әр санын оқып тұрамын. «Ақ желкенді оқуға маған ақын апам Ақұштап Бақтыгереева кеңес берді. Көптеген жас ақын-жазушылардың шығармаларын осы журналдан оқып тұрамын. Өзіммен қатарлас оқушылардың өлеңдеріне сүйсініп жүремін. «Ақ желкеннің» оқырмандар легі көбейе берсін деген тілектемін! Сіздерге үлкен рақмет! «Ақ желкеннен» көп нәрсені үйрендім. Журналдың әр санындағы материалдарды оқып, менің де мақала жазуда өзіндік стилім қалыптасты. Әсіресе «Үш қыздың» әңгімесі арқылы қоғамдағы әртүрлі жағдайларға, өнер адамдарының кейбір ерсі қылықтарына сын көзбен қарайтын болыппын. «Ақ желкенге» жазылғалы журналды жақсы көріп кеттім. «Ақ желкенмен» достасуға кеңес берген Ақұштап апамды да!!!

Әйгерім Өтешқалиева,

Жаңақала орта мектебінің

11 «Г» орыс сыныбынын оқушысы.

Батыс Қазақстан облысы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз