Мәртебелі поэзия

«Иса Байзақовқа ұқсайтын ақын бала»

Жақсылық Қазымұратұлы Қытайдың Шиху қаласында 1990 жылдың 23 қыркүйегінде туған. Қазір Қазақ Ұлттық Университетінің IV курс студенті. «Қарала сырмақ» жыр жинағының авторы.

Біздің жас ақын туралы білетін құрғақ дерегіміз осы ғана. Жақында «Ақ желкенде» жастармен кездескен Есенғали Раушанов Жақсылықты жақсы көріп, есімін бөле-жара атай берді. Одан кейін де: «Әлгі Иса Байзақов редакцияға келіп жүр ме?» – деп сұрайтын болды. «Мен сол баланы Иса Байзақовқа ұқсатам. Сондай бір дүлей ақын болған қазақта. Жақсылықтың да жыры жүрегіңе жылы тиеді», – дейді үлкен ақын кіші ақын хақында.

Өлеңқұмар, жазғыштар қаптаған мына заманда қарапайым оқырман жақсы мен жаманды, күріш пен күрмекті ажырата алмайтындай халге жеткені рас. Сондықтан журналымызда сүзгіден өткен жырларды беруді жөн деп білеміз.

Кіретін ол кездері түсіме өлең…

Ауылды аңсау

Қаланың тірлігіне ойым налып,

Бұлқынам бұғау түсіп мойынға анық.

Адам болып апыр-ау кетер ме едім,

Әкемнің жүре берсем қойын бағып.

Бірлігін бәрінен де артық көрген,

Ауылда асқақ басып, шалқып кеудем.

Қиқу салып, жылқы айдап жүрсем шіркін,

Шұбатып шаң шығарып барқыт белден.

Бөлініп туған жерден жолым аулақ,

Киелі кейін қалды сонылы аумақ.

Ат салып Ақ өзеннен енді өтпеймін,

Тұлпарым өр толқынды омыраулап.

Байқаймын мынау күннің сұрқы жаман,

Құл болып кетеді екен құлқына адам.

Апыр-ау, Қызылқұмды қалай қидым,

Төсінде боз жусаны бұрқыраған.

Ауылда жасқанады кісі неден,

Кіретін ол кездері түсіме өлең.

Қалдырып мама ағашқа кетіп едім,

Жер тарпып күреңімді кісінеген.

Жанымды жылытатын жыр –шырағдан,

Жылайды көкіректе сыңсып арман.

Нән төбет не білді екен мен кеткенде,

Оралып аяғыма қыңсылаған.

Бір үміт жылтырайды жырақта алдан,

Жетем бе?… Сырым осы шын ақтарған.

Есімнен еш кетпейді махаббатым,

Ақ қайың арасында жылап қалған.

Ақ шабыт алыстарға самға құсым,

Ақын ем аласармас арманы шың.

Сағынып өтем мәңгі, туған жерім,

Төсіңе кіндік қаным тамғаны үшін!

Мүшәйра

Көмейімде бүлкілдеп тұшымды жыр,

Шабыт толы тостаған ұсынды іңір.

Саған арнап жазайын өрнек өлең,

Алыстардан қайырып құсымды бір.

Сені өзгеге жүрегім қимады анық,

Көңіліме бір сезім сыйла мамық.

Өзің жайлы мүшәйра өткізсем бе,

Бар ақынын қаланың жинап алып.

Жас ақындар өртеніп төсін жұлып,

Қарт ақынды қапысыз өкіндіріп.

Жасын ойнап көкжиек күрсінгенде,

Жасын төксе желге ерген шөкімдей бұлт.

Гүлдер көктеп сан алуан бақшада дүр,

Көз тастаса табиғат жасқана бір.

Тас төбеңде жәудіреп тұрса шіркін,

Айта алмастан өзіңе аспан әмір.

Алыстарға сұңқар жыр шарлап нелер,

Жұрт бағаңды көрсетсе бармақпенен.

Бар өлеңнің қуатты музасындай,

Атың аңызға айналса «Ардақ» деген.

Жанымды өртеп жүректің тасқын демі,

Жанарымнан мөлдіреп жас бүрледі.

Менің жырым талассыз еншілесе,

Сенің атыңа арналған бас жүлдені.

Торы қыз

Тірлікте тоғысар ма жолымыз дәл,

Күрсіндім көкірегіме толып ызғар.

Күтеді бір жылылық қара бала

Жасындай жанары өткір торы қыздан.

Маздаттым сезімімнің шоғын кілең,

(Ал онсыз шын бақыттың жоғын білем.)

Қариды жүрегімді қаймықтырып,

Жүзінде алабұртқан тобылғы рең.

Қыздар көп құп жарасып қатар күлген,

(Солардан қаншасынан хат алдым мен.)

Сонда да кірпік ілмей сені ойладым,

Бақ тілеп атар таңнан, батар күннен.

Мойымай мұқалса да мұраты мың,

Өткерген сағынумен бұла түнін.

Торы қыз, сен осылай мұңға көмдің,

Жыры асқақ болашақтың бір ақынын.

Жанына бір арманын жағып нұрлы,

Ол өзі болса дағы ғаріп мұңлы.

Оятып тәтті ұйқыңнан өлеңімен,

Таңертең терезеңді қағып тұрды.

Жыр арнап саған ғажап сөзі мірдей,

Жүрегін жаралайтын өзі бірдей.

Шын ару болсаң егер шынарымдай,

Алшаң бас, шын ақынды қөзіңе ілмей.

Шық болып түн қойнына тұнды демім,

Үзбеген болашақтан бір күдерін.

Өзіңдей өлеңге арқау музамды іздеп,

Мен дағы жырға уланған мұңлық едім.

Аралдың ақын қызына

Қағылез қара бала болғаныммен,

Жүрегім кәдімгідей ақын менің.

Төлеген

Өзіңмен танысқалы жақын бардым,

Жүрегім жалын атып лапылдар мың.

Қарсы алсын енді сені жатырқамай,

Мекені бұл Алматы ақындардың.

Көшелер желтоқсанның желін өбіп,

Қалғиды тамырында жерік өліп.

Жуындыр Алматыны жырыңменен,

Қуансын Алатау да сені көріп.

Зер салып жүрегіне жырға құштар,

Тыңда дос, ақын үнін, тыңда дұшпан.

Сілкіндір шабытыңмен көк аспанды,

Қырандай қиқу салып шыңнан ұшқан.

Тұрса да көңілімді желпіп далам,

Ақын ба жан-жүрегін шер тұтпаған.

Көзіңді бір шындыққа жеткізгелі,

Мен сені Көктөбеге ертіп барам.

Ұмытып қу өмірдің дүрмек халін,

Қарсы алып тіршіліктің жұмбақ таңын.

Оңаша отырайық ойға батып,

Қаланың тамашалап түнгі оттарын.

Ешқашан түсірмеген жанына кір,

Құрбыңды алыс кетсең сағына біл.

Жасындай жүрегімді осқыласын,

Оқышы әлгі өлеңді тағы да бір.

Томсарсам тамыздағы желдей тынып,

Қабыл ал көңілімді көлдей тұнық.

Сен мені кездескенде жатырқама,

Мен саған жыр арнадым көрмей тұрып.

Майханада оқылған жыр

(Саян Есжанға)

«Алматыға бәрібір, білесің бе?!»

Ерлан Жүніс.

«Маған да бәрібір…»

Қарлыға Темірғали.

Есік ашқан ақ-қара екі өмірге,

Ақындардың қош келдің мекеніне.

Аз күн жүрсең өзің де сезінесің,

«Алматыға бәрібір» екеніне.

Мұнда кімдер мекендеп күл төкпеген,

Мұнда кімдер нөсерлеп жыр төкпеген.

Кеңсай жаққа кеткенде талай ақын,

Бұл қаланың бүйрегі бүлк етпеген.

Жасып-жылау жараспас ер көңілге,

Үйір болып кеттік пе шерге мүлде.

Қабақ ашпай қарсы алған салқын мені,

Дүбір салып Жоңғардан келгенімде.

Көкіректе жанғанмен лаулап арман,

Ғазиз басы талайдың дауға қалған.

«Алматыға бәрібір…» адамдардың,

Ары, жаны, тәні де саудаланған.

Тағдырымыз айналар өзі өлеңге,

Оған бола өртенбе, өзеленбе.

Сімірейік кел досым, Шайырлардың,

Тамған мынау көз жасын көзелерге.

Алшаң басып арқалап найқала мұң,

Базарыңды тарқаған қайтарамын.

Бостандықта отырар біздер ғана,

Өлең оқып төрінде майхананың.

Уақыт өтіп базарын бұлдап әлі,

Артымызда там-тұмдап жыр қалады.

Жек көреміз, бәрібір сағынамыз,

Біздей ешкім сүйе алмас бұл қаланы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз