Қазір Прагада тұратын қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романы кітап сүйер қауым арасында құбылыс ретінде қабылданды. Бірақ, романды оқып, танысқаннан кейін қоғами пікір екіге жарылды. Біреулер «тілден жұрдай, қарабайыр, публицистикадан аса алмаған құнсыз дүние» деген сияқты пікірдің жетегінде жүрсе, екінші топ «тәуелсіз қазақ әдебиетінің төлбасы – романы» деп баға берді. Шындығында «Жармақ» қандай роман? Сіз қай жағындасыз?

Құлбек ЕРГӨБЕК, сыншы:

– Мұхтар Мағауин – қазақ әдебиетінің классигі. Кез келген жазушы идея бойынша, өзі өмір сүрген қоғамға оппозияция болуы керек. Бірақ, біздің қазақ әдебиеті өзі өмір сүрген қоғамға ешқашан оппозиция бола алмай келе жатыр. Қаламгерлер қоғамның сойылын соғудан шаршамайды, шалдықпайды. Кеңестік кезеңде жазушы болып қалыптаса тұра, бүгінгі уақыт талабынан шыға білген, бүгінгі тәуелсіз елімізді өркениет биігіне көтереміз деп жүрген мемлекетіміздің бойындағы бар кемшілікті көре білген жазушы. Оның айқын айғағы – «Жармақ» романы. Қазақ әдебиетінің дәстүрінде болмаған, бірақ, қазақ әдебиетінде дәстүр туғызуы мүмкін роман. Ол бүгінгі күннің қанын шығарып, айта білген – роман. Оның бағасы болашақта беріледі.

Ғарифолла Есім, философ, сыншы:

– Мұхтар Мағауин менің ең жақсы көретін жазушым. Басқа шығармалары туралы пікірімді айтсам да, «Жармақ» туралы пікірімді айтпай-ақ қояйын.

Қуан ҰПАН, журналист:

– Жолбарыс аулайтын жігіт туралы жазған шығармасына жетпейді. Баспасөздерден, жазушылардан «кек» алу мақсатында жазылған шығарма секілді. Романға көркемдік жағынан келмейтін шығар…

Әсия БАҒДӘУЛЕТ, «Халық сөзі» газетінің журналисі:

– «Жармақты» – публицистика дегеніне келісемін. Кейбір теңеулеріне айызың қанады. Әсіресе, «тірі» адамдарды танығанда. Бірақ, Мағауиннің тілден жұрдай болғанын көрген емеспін. Мақаласының өзі тіліп түсіп жатады ғой. Жазушының пендешілік «интерестері» кіріп кетпегенде, қазақ әдебиетінде болмаған мистикалық реализмнің үздік үлгісі болар еді… Мүмкін қателесетін де шығармын…

Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ,

ҚР Халық әртісі:

– Мұхтар Мағауиннің стилі ерекше емес пе? Жаңа стилдегі роман деп атауға болады. Романды осылай ғана жазасың деген бір ғана формасы болмайды ғой. Маған қатты ұнады. Эмоциямен жазылған. Сын айтатын сыншы емеспін, әрине. Оқырман ретінде қиғаш ой түйген жоқпын. Керісінше, заманымыздың шындығын жазған батыл, көркем дүние ретінде қабылдадым.

P.S. Жас оқырман! «Жармақты» сіз де оқып көріңіз. Ол қандай шығарма?

Пікірлеріңізді shekmai@mail.ru

поштасына жіберулеріңізге болады.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз