Алматыдан жолға шықтық. Бағытымыз – Щучинск қаласындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы. Пойыздың 10-12 вагондарында домбыра мен сырнай үні естіледі. Өйткені, бұл вагондарда байқауға бара жатқан бір топ алматылық, талдықорғандық өнерпаз бар. Жолдан тараздық балалар да қосылды. Бұлардың бәрі – КСРО және Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы «Ақ Сұңқарым» республикалық байқауына бара жатқан балалар. Жолсерік аға-апайлар: «Бүгін музыканттар вагонына айналып кеттік қой. Қайтарда да бізбен қайтыңдаршы, балалар?» − деп қояды. Ағайша Исағұловадай әнші-сазгер апамыз баянмен, тараздық Данияр Сейдазім сынды жеткіншек домбырамен пойыздағы жас әншілердің сүйемелдеушісі болды. Роза апамыздың концертмейстері болған Гүлшара Есетқызы әдемі естеліктерімен бөлісті. Ал 4-сынып оқитын әнші қыздар – Рәбия мен Аружанның жол бойы өнерпаз құрбылары мен аға-апаларынан «сұхбат» алудан қолдары тимеді. Осылайша әндетіп-думандатып, Бурабайға қалайша жеткенімізді де байқамай қалыппыз.

Сонымен, байқау басталды. Өнерпаздар ән, би және көркемсөз номинациялары бойынша өнерлерін ортаға салды. Роза Бағланованың репертуарындағы әндер шырқалып, даңқты әншіге арнаулар оқылды. Оларға Асылы Осман (қоғам қайраткері), Ағайша Исағұлова (профессор), Гүлшара Есетқызы (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері), Болат Әбішев (музыкант), Талантбек Шоруков (Президент оркестрінің «Бишілер ансамблінің» жетекшісі) сынды майталман аға-апалар қазылық етті. «Атадан мұра» қоғамдық қоры мен Роза Бағланова атындағы «Алтын сақа» қайырымдылық қоры ұйымдастырған бұл байқауға еліміздің әр өңірінен сексенге жуық жас дарын келді. Көзге түскен таланттар жайында сәл кейінірек, ал қазір байқау күндеріндегі жүздесулерді баяндайық.

«Әжем маған көп ән үйретті»

Роза Бағланованың немересі 11 жасар Маржан өте ақылды бала екен. Үндемей, жымиып қана отыра береді. Жүздесуде ақтөбелік Томирис Қуанышева одан: «Әжеңнің қандай әндерін ұнатасың?» – деп сұрады. Сонда Маржан: «Әжем маған өзінің орындауындағы «Іңкәрім-ай», «Ақ көгершін», «Атамекен», «Ақмаңдайлым» тәрізді көптеген әндерін үйретті. Маған ол кісінің барлық әні ұнайды. Қазір орындап берейін десем, неге екенін білмеймін ұяламын…» – деп, микрофонды анасына бере қойды. Толқып кетті… Маржанның қазақша, орысша, ағылшынша еркін сөйлейтініне тәнті болдық. Жұмбақтас пен Оқжетпеске барғанымызда, Маржанның табиғатқа деген ерекше сүйіспен-шілігін байқадық. Басқалар суретке түсіп әлек боп жүргенінде, ол бір өзі тоғай ішін аралап кетті. Бір жарым жасар сіңлісі туралы сұрағанымызда, «Үрбибі әжемізге тартқан әнші болатын сияқты, қазірден айнаның алдында билеп, ыңылдап тұрады» деп жымиды.

«Маған өзгеден гөрі сіз жақынсыз ғой…»

Асылы ОСМАН, қоғам қайраткері:

− Осындағы азаматтардың ішінде Розаны алғаш көргендердің бірі менмін, алтындарым. Сонау 1961 жылы Түркістанға концерт өткізуге келіп еді. Мен ол кезде Түркістан педучилищесінің студентімін. Үздік шәкірттердің бірі ретінде апайды қарсы алуға бардым. Біз кіргенде қонақүйде отыр екен. Сол қалпы көз ал-дымнан әлі күнге кетпейді. Көзі жарқыраған шамдай екен. Көркіне тамсанғаным-ай! Менен ұлтымды сұрады да: «Әй, сен осы Рашид Бейбітовтің қарындасысың ғой?» деді. «Апа, маған Рашид Бейбітовтен гөрі сіз ғой жақын», – дедім. Өз ұлтымнан жерігенім емес, әрине. Таза қазақы ортада өскендігім әсерін береді ғой. Адам қай тілде ойласа, қай тілде сөйлесе, қай тілде түс көрсе, сол – оның ана тілі деймін. Роза апамызбен талай бірге жүрдік. «Сен екі ұлттың емшегінен тел емгенсің, Асылы» дейтін.

Апаңнан озасың дедім…

Балалар бірінен бірі өткен өнерлі екен. Әсіресе, Аян Қуаныш пен Ділназ Қордабай атты екі баланы елден ерек көріп отырдым. Ділназға «Сен, бұйырса, атақты боласың. Бәлкім, сен апамнан да озып кетерсің» дедім. «Жоқ, апа, мен Роза апамыздан осыншама кіші болам» деп, саусақтарымен өзін кішірек санайтынын өлшеп көрсетті. Құдай-ау, ақылды бала ғой, тіл-көзіміз тасқа!

«Роза апамыздың көріпкелдік қасиеті болатын»

Болат ӘБІШЕВ, музыкант, дауылпазшы:

− Мен Роза Бағланованың жеке эстрадалық аспаптық ансамблінің музыканты болдым. Апамның шарапатын көрген жандардың бірімін. Сол кісінің жәрдемімен Алматыдан екі бөлмелі пәтер алдым. Бәрімізге көңіл бөлуге, хал-жағдайын сұрауға уақыт табатын. Апамыз бізді адалдыққа, турашыл болуға, еңбекқорлыққа баулыды.

Көпшілік біле бермейтін қасиеті – көріпкелдігі болатын. Бойында ғарыштық тылсым күш бар сияқты көрінетін. Бірде гастрольдік сапармен Жамбыл жаққа көлікпен шықтық. Қордай асуына жете бергенде, жаңбыр құйды. Біз жолдың қиындығын ойлап, уайымдай бастап едік, Роза апамыз: «Әй, иттер-ей! Мына жаң-бырдың қойғанын қалайсыңдар ма?» деді. Ол кісі жақын көрген жас балаларға «әй, иттер» деп сөйлейтін. Біз «иә, апа» дей салдық. Ол кісі сол мезетте қолын жайып, бірдеңе деп күбірледі. О, тоба, әп-сәтте-ақ, құйып тұрған жауын тоқтай қалды. Біз аң-таңбыз. Бірер минуттан кейін апамыз: «Енді қайтадан жауынды жаудырайық, жауа берсін», − деді. Қолын көкке қарай көтеріп, ішінен бірдеңе деп күбірледі. О, құдірет, жаңа ғана тоқтаған жауын қайта шелектеп құйды. Тағы бірде Нарынқол жаққа концерт қоюға бардық. Жауын құйып тұр еді. Ашық аспан астында концерт қоя алмайтынымызды ойлап, музыканттар жағы әбіржу-ліміз. Ал апам байсалды қалпынан танбаған. «Түк те уайымдамаңдар. Ертең таңда күн шайдай ашылады. Біз кеткенше жауын жаумайды» деді. Таң атқанда расымен де күн ашылып, біз ауылдан шығар кезде ғана жауын қайта жауа бастады.

Ақнұр мен АқГүл

Көрерменнің ықыласына бөленген өнерпаздың бірі – астаналық 10 жасар Ақгүл Жарылқасын. Ол «Халқымнан Айналайын еркелеткен» кітабынан ана туралы толғауды оқығанда, көрермен бей-жай қала алмады. «…Дүниеде Күн де, Ай да жалғыз болса, Ана да жалғыз. Бірақ, мен екі ананың ортасында тел өскен еркетотай едім…» деген әр сөзді ерекше сезіммен оқи білді. Роза апамыздың сөйлеу мәнерін меңгеріп алыпты. Әнші апамыз бейне бір кішкентай қыздың образында өзі келіп сөйлеп тұрған-дай әсер қалдырды. Ақгүлді драма әртісі дерсің. Бір өзі – бір спектакль тәрізді. Кітаптың қарасөзбен жазылған бірнеше бетін жаттап алып, тыңдарманға шынайы жет-кізе білу оңай емес, әрине. Ол жеткізе білді. Сендіре білді. Сөйтті де, Астанаға көркемсөз номи-нациясының 1-жүлдесін ала кетті.

Ал алматылық 10-сынып оқушысы Ақнұр Бердібекованы тыңдаған жанның тебіренбеуі мүмкін еместей. Халық ақыны Рза Қунақованың Роза Бағлановаға арнаған:

«…Сен салған ән ерекше сазды келер,

Сен салған ән ерекше назды келер.

Жүректің жүз пернесін басып-басып,

Сен шырқасаң, кетемін асып-тасып…» деген өлең жолдарын оқығанда, бүкіл зал сілтідей тынды. Тыныштық сақтап, Ақнұрдың үнін ғана тыңдай бергісі келетін сыңай танытты көрермен. Иә, ол өлеңнің әр жолын әуелете оқиды. Сөйтіп, көркемсөз номинациясының бас жүлдесіне лайық деп танылды.

Кішкентай Майра

Дәстүрлі әнші балалар байқауда аз болды. Аз болса да, саз болды-ау! Бір ғана Гүлжан Мырзагелдінің әндерін тыңдаудан үлкен-кіші тыңдарман жалықпас еді. Үкілі домбырасын қолына алып, 6-сынып оқушысы Майраның әніне салғанда «әй, жарайсың!» деп, әр жерден шабыттандырар дауысты құлағымыз шалды. Қаршадай қыздың өн бойына сондай зор дауыстың қалайша сыйғанына таңғалдық. Содан ол кішкентай Майра атанып кетті. Дәстүрлі ән номинациясының 1-жүлдесін еншіледі. Алматы облысының Қаратал ауданынан Көкшетауға ат терлетіп босқа келмеген екен.

«Ақ Самараны» шырқашы, Ділназ?!»

Бұл байқаудың ең сүйіктісі де, сүйкімдісі де, ең жасы кішісі де – балқаштық 6 жасар Ділназ Қордабай. Бәрі де Ділназдың әніне тамсанумен болды. Өзі мектепке 5 жасында барыпты. Ата-анасы басында балаларының әншілік қабілетіне аса мән бермепті. Ал музыка пәнінің ұстазы Несіпбала Қалиева Ділназға бола мектепке келетін көрінеді. Әйтпесе, ұстазының жасы 70-ке таяп қалыпты. Несіпбала апайы қоярда қоймай, осыған дейін Ділназды екі үлкен байқауға қатыстырған. Ділназ «Кішкентай ханшайым» байқауында бас жүлде иеленген соң, Астанада өткен «Ақ көгершін» халықаралық байқауында топ жарған. Сондағы қазылар алқасы «Ақ Сұңқарым» байқауына бағыт беріпті. 6 жасар өнерпаз бұл байқауда да 1-орынды иеленді. Кешкі уақыттарда да балалар жиылып алып, «Ділназ, «Ақ Самараны» шырқашы?» деп өтінумен жүрді. Ол да шаршамады.

Ұлан: Ділназ, үлкен болғанда кім боласың?

Ділназ: Тәте, мен күнделігіме біраз тілегімді жазып қойып едім. Айтайын ба? Бірақ, біреуі орындалмай тұр… Біріншіден, әнші болғым келеді. Екіншіден, биші… Үшіншіден, ақын болғым келеді. Осы ақын болу қолымнан келмей жүр. Архат, Мейіржан ағалар өлеңді күшті жазады екен ғой, иә?

Ұлан: Сенің де бір жазғанда-рың бар шығар?

Ділназ: Иә… Жазғандарым бар. Бірақ, олар өлең емес, жай тақпақ қой…

Ұлан: Мейлі, оқып көрші?

Ділназ:

Сотка, сотка, соткалар,

Неше түрлі сотка бар.

Біреу қоңырау шалады,

Біреу қоңырау алады.

Ұлан: Ой, бәрекелді!

Ділназ: Тәте, жаңа тағы бір тілегім пайда болған еді. Төр-тіншіден, күнделігіме сіз сияқты журналист болғым келетінін жазып қоямын. Бағана ол ойымды мамама айтып үлгердім.

Ұлан: Тілегіңе жете ғой, Ділназ. Әр аймақтан келген балалардың өнерін тамашаладың. Көптеген әндерді естідің. Көңіліңе ұнағандары бар ма?

Ділназ: Иә, екеу. Ағайша апай орындаған «Көкпар», «Сәулем, сәулем, сәулемсің…» әндері ұнады. (Орнынан тұрып, әнді шырқай жөнелді).

Ұлан: Оһо, жаттап алыпсың ғой!

Ділназ: Тәте, тағы бір тілегімді айтайыншы? Мен өзіммен бірге оқитын достарым – Наргиз, үлкен Ділназ және Диананың да ән айтуды үйренгенін қалаймын. Сонда сахнада төртеуміз бірге өнер көрсететін едік. Концерттер мен байқауларға да бірге баратын едік.

Топжарған Аян

«Ұланның» оқырмандары аспаз Аянды әсте ұмыта қоймаған шығар, ә? Ендігі уақытта 7-сынып оқушысы алматылық Аян Қуаныштың жезтаңдай әнші екенін де біле жүріңдер. Халық әні «Екі жиренді» беріле орындап, тыңдағанды елжіретті-ау сабазың! Оны тыңдау керек, оқырманым, көзбен көру керек. Үстіндегі ұлттық киімінің өзі қандай жарасымды десеңші! Аян вокал номинациясының бас жүлдесін талассыз алды. Байқау туралы: «Роза Бағланова апамыздың қа-сында қатар жүрген азаматтардың алдында өнер көрсету бізге оңайға түскен жоқ», − дейді.

Көрермен көзайымы

Маңғыстаудың Мұнайлы ауданынан келген Жомарт Маратов «Ақ көгершінді» орындағанда, залдағы балалар қосылып отырды. Екінші айналымда ол «Тум балалайканы» шырқағанда, таңданбаған тыңдарман қалмады. Ал тараздық 7 жасар Меруерт Қасымға сүйсінбеген жан жоқ-ау?! «Іңкәрім-ай», «Көзіңнің мөлдірін-ай» әндерін ерекше назбен орындағаны сондай, ата-аналар мен ұстаздар «көз тимесін» деп, ризашылық танытты. Меруерттің әнін тыңдап отырып, көрнекті қаламгер Сәбит Мұқановтың Роза апамызға арнаған:

«…Таулардан, өзендерден, мұхиттардан,

Үнінің кідірместен асуын-ай!» – деген жыр жолдары ойға еріксіз оралады екен. Сүйкімді әнші қыз 2-орынды иеленді.

Алматыдағы Оқушылар сарайының өнерпазы Рамазан Абайдулла «…Қазақтың бір еркесі мен боламын» деп әндетіп, патриоттық рухты көтеріп, бір серпілтіп тастады. Өзі өнер көрсеткен үлкен топта оза шауып, 1-орынды иеленді. Сахнадан тыс уақытта мультфильм кейіпкерлерін айнытпай салып, достарының көңілін көтерумен болды.

Ал алматылық Есугей Бегалыны ұстаздары «кішкентай Бақтияр Тайлақбаев» деп атайды екен. Апыр-ау, расында айнымайды-ау әнші ағамыздан. Түр-тұлғасы да, дауысы да. Орта топ бойынша одан озған ешкім жоқ. Ол Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен гала концерттің шымылдығын жапты.

…Жақияның жырын айт!

Байқауға ақын балалар көп келіпті. Сол таланттардың бірі – Меркіден келген 11-сынып оқушысы Архат Мүсіретбек. Жол бойы бір кітапқа жүк боларлық жырын оқытқан шығармыз оған. Өлең оқу мәнері керемет екен дестік. Алматылық Мейіржан Қалиев те Архат құрбысынан қалыспады. Ақмола облысының Қорғалжын ауданынан әнші апасына жыр жазып келген қыздардың бірі 7-сыныптың оқушысы Аяулым Берікова:

«Елінің мақтанышы, ақтаңгері,

Халықтың қаһарманы, қайраткері.

Әнімен әлдилеген бар әлемді,

Сағынышпен еске аламыз апа, сені» – деп жырлады.

Бәрін айт та, бірін айт, Жақияның жырын айт! Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданынан келген 5-сынып оқу-шысы Жақия Мәжитовке риза болмаған жан жоқ, сірә?! Қаршадай болып ап, өзі жазған жырын асқақтата, термелете оқығанда, «өй, сау бол!» деп қалады үлкендер. Суырыпсалмалығы ұстап кетіп, жаттап келген жырына орта жолдан жаңа шумақтар қосып жіберетінін қайтерсің. Әншінің бар ғұмырын өлең жолдарына сыйдыруға тырысыпты. Ең соңында:

«…Үлгі болған өнегесі,

Халқын сүйген ел еркесі.

«Қаһарман қыз» – Розаның

Жасай берсін мәңгі есімі!» – деп аяқтағанда, залдағылар ұзақ қол соқты. Сөйтіп, Жақия Жайыққа кіші топтың 1-жүлдесін ала кетті.

«Іңкәрім-ай» әнімен бір-бірін шығарып салды

Әндетіп, жырлатып жүріп, байқаудың қалай аяқталғанын да аңғармай қалыппыз. Бала біткен мәз-мейрам. Бурабайды көріп, «Балдәуренмен» қимай-қимай қоштасты. «Атадан мұра» қорының басшылары – Мақпал Аманжолқызы мен Гүлден Жұмабай әпкелеріне балалардың алғысы шексіз.

Қайтар жолда да, пойызда да Роза Бағланованың орындауындағы әндерді шырқап келді. Бір-бірін «Іңкәрім-ай» әнімен шығарып салды. Байқауға келген ұл-қыздар бір-біріне бауыр басып қалған екен.

Олардың байқауда бір-біріне бәсекелес, қарсылас ретінде қарағанын байқамадық. Қайта бірі екіншісіне тілектес, жанашыр болғанына куәміз. Сахнаға шығар алдында қарсыласына сәттілік тілеп, «сен күштірек орындадың» деп, өзінен гөрі өзгенің сәтті өнер көрсеткеніне қуана білгендеріне сүйсіндік.

Өзім алматылық балалармен бірге қайтқан соң, оларды сыныптас достары қалай қарсы алғанының куәсі болдым. Әсіресе, Алматыдағы Б.Атыханұлы атындағы №36 мектеп-гимназиясының оқушылары 1-Алматы теміржол вокзалынан Есугей, Ақнұр, Дананы кереметтей күтіп алды. Достарының қолында түрлі-түсті шар, құшақ-құшақ гүл, «Жарайсыңдар!» сынды мадақ сөздер жазылған плакаттар… Тілеулес балалар жүлдегер достарының құшағын гүлге толтырды. Вокзалдан біраз алыстап кеткенше, «Іңкәрім-ай», «Асыл арман» әндері құлағымда тұрды…

Қарлығаш ДОСАНОВА,

Алматы – Щучинск – Алматы.

Автордың фотолары

(«Ұлан», №15. 15.04.2014)

1 ПІКІР

  1. АЯН-сегіз қырлы,бір сырлы,өнерлі жігіт.Әншілікпен қатар көркемсөз оқудың шебері.АЯННЫҢ БОЛАШАҒЫНАН ҮЛКЕН ҮМІТ КҮТЕМІН ЖӘНЕ СОЛАЙ БОЛАТЫНДЫҒЫНА СЕНЕМІН!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз